Барын бағалаған ел ғана қашанда жолынан жаңылмай, тарихқа бағыт бере алады. Сондықтан да өткеннің өнегесі – бүгіннің баға жетпес байлығы. Қазақ елінің тәуелсіз даму жолында ұлтымыздың ұлағатты ұлдары қолына қару алып та, қалам алып та қызмет етті. Өйткені еркіндік үшін күрестің жолдары да сан алуан.
Сондай ұлттың ұлы тұлғаларының бірі, қазақ даласынан шыққан ақын, аудармашы, тарихшы, сазгер, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы туғанына биыл 165 жыл толады.
Ол 1858 жылдың 11 шілдесінде Шыңғыстауда, Байқошқар өзенінің бойындағы Кеңбұлақ (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай облысына қарасты жер) деген жерде дүниеге келген. Ол өз дәуірінде маңызды мәселелерге дұрыс сараптама жүргізіп, оң қорытынды жасай білген ойшыл деп білеміз. Осыған орай, Шәкәрімнің мұраларына қайтадан бет бұру, мәдениетіміз бен руханиятымызды қайта түлету, ұлы ойшылымыздың ар-ождан шығармашылығын зерттеу бүгінгі күнгі гуманитарлық саладағы ғылыми танымымыздың маңызды буындарының қатарынан орын алады. Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығы аясында атқарылатын жұмыстар Шәкәрімтануға, кемеңгер ақынның бай мұрасын насихаттау одан әрі жандандыру қоғамға септігін тигізері анық.
Шәкәрім өлеңдерінде, аудармаларында ар тазалығы, имандылық, адамгершілік мәселелерін жиі көтереді. Оның шығармаларында өзінің ішкі табиғатына, көзқарасына сәйкес келетін және сол идеясын жеткізуге лайық детальдар мен сюжеттік элементтер тапқанда ғана сол туындыны жазуға бой ұрады. Оның шығармаларында «ар-ождан» деген термин көптеп қолданылған.
«Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?
Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?»
Жалпы «ар» немесе «ар-ождан» дегеніміз не? Көптеген адамдар бұл сөздің мәнін ұғына бермейді. Негізінде бұл түсінік тек адамға ғана қатысты. Бізде «ар» сөзіне ғылыми тұрғыдан: «Ар-ождан – сіздің әрекеттеріңіз, күмәніңіз, көңіл күйіңіз туралы ой». Ал психолог ғалымдар адамның жаман іс-әрекеттеріне тосқауыл болатын ар-ождан дейді.
Францияның атақты жазушысы Виктор Гюго: «Жақсы болу оңай; ең қиыны – әділ болу. Ең мінсіз әділдік ол – ар-ождан» деп тұжырымдайды.
Философ Ғарифолла Есімнің айтуынша: «Арлы адам, алдымен, құдайына қараған, құдай мақұлдамайтын іске бармайтын адам. Ар – әр адамның өз ісінің төрешісі», – дейді.
Шәкәрім адам болмысының мәні мен мағынасы мәселелерін тереңнен зерттеді. Адам ар-ождан туралы ілімді қалыптастырмас бұрын өмірдің мәнін түсіну және ондағы адамның рөлі жайлы әуелі жан-жақты ой тұжырымдауға жол ашу керек. Мәселен, Шәкәрімді өмір бойы толғандырған, ақиқатты іздеуге серпін берген мынандай үш сұрақ:
- Бұл өмірге қайдан келдім?
- Осы өмірден кейін қайда барамын?
- Осы өмірде дұрыс өткізу үшін не істеуім керек?
Бұл сұрақтар оның шығармашылығының негізгі жүйесі болып, қара сөздері мен өлеңдерінде жиі көрініс тауып отырды. Мысалы, 1919 жылы 61 жасында жазған «Көңіл» атты өлеңінде:
«Келіп қайдан, барам қайда?
Не қылғаным болар пайда?
Қалам ба мола боп сайда?» – деп осы ой өмір бойы көңілімде тынымдап тынбаған дейді ойшыл. Ал одан бұрын «Үш анық» атты философиялық трактатында:
«Қырықтан аса бергенде
Ақылым қылды шерменде:
«Дінім қалай, жаным не,
Жоғалам ба өлгенде?
Әлемді кім жаратқан,
Осынша түрлеп, таратқан?»,
«Ақирет деген немене,
Шыққан жан келе ме,
Кіре ме осы денеге,
Дәлелі қайсы сенгенде?».
Жоғарыдағы бұл сұрақтар кез келген адамды толғандырмай қоймайтын, адам болмысының мәнін айқындайтын сауалдар. Әрине, бұл сұрақтарды өзіне-өзі қоймайтын, өз көңілі құп алатын жауабын тапқанда ғана көңілі орнығатын, тіптен әр кезеңінде жаңартып өзіне қойып отырмайтын адам кем де кем шығар. Шәкәрімнің шығармаларын оқып, көкейіне тоқыған әрбір шәкірт, осы сауалдарға көңілі толар, ойына қонар жауап табары сөзсіз.
Бүгінгі жаһандану аясында сыни ойлау мен жаңаша ойлардың туындауы құнды. Шәкәрімнің ашық идеяларына арқау болып, оның жалпы және сыни- ойларында адам болмысын былай ашықтайды:
«Адамның ең асылы – Қиянатсыз ақ пейіл.
Ең зиянкес жасығы – тайғақ мінез екі тіл.
Сөз, мінез құбылса, Ар, иманы жоқ деп біл.
Мейірім, ынсап, ақ-пейіл, адал еңбек,
Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол».
Шәкәрім бұл өлеңінде ең зиянды адам – мінезі тайғақ, екі сөйлейтін адам. Екі сөйлеп, екі жүзді әрекет жасайтындарды да ары жоқтар қатарына қосады. Ал мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойынан табылса, сол шын адам.
Оның пікірінше, адамның кәміл болуы адал еңбек, арлы ақыл-ой, шынайы жүрек болуы тиіс. Мейірімділік, қайырымдылық, ұстамдылық, саналылық, адалдық, төзімділік, әділеттілік – міне, осы қасиеттер адамға ажырамастай тән болуы керек. Бұл тұрғыда данышпан Абаймен үндестігі сезіледі. Абай ұлы емес, адам ұлы болуды мақсат етсе, Шәкәрім де адам ұлы болуды өмірлік ұстанымы еткен.
Арманым байлық, мансап, мақтан емес –
Ары зор, ата ұлы емес, адам ұлы», – дейді.
Шәкәрім тұлғаның адамгершілік кемелденуін ғылым және біліммен байланыстырады. Ойшылдың пікірінше, шынайы игілікке ғылым арқылы жетуге болады.
«Ғылымсыз адам – айуан,
Не қылсаң да ғылым біл…
Күні-түні дей гөрме, ғылым ізде,
Қалсын десең артыңда адам атың».
Ұлы ойшыл «Білімділерге бес сауал» атты мақаласының бесінші сыни сұрағы былай қойылған: «Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма? Қай түрлі жауап берсеңіз де дәлеліңіз не?» – деп анықтай түседі.
Әрине, бүгінгі күні көріп отырғанымыздай адамдардың адамгершілігі, парасаттылығы, имандылығынан гөрі пендешілік деген затымыз басымырақ болып бара жатқандай. Оған дәлел көп. Бұл – бүкіл ұлтқа, мемлекетке үлкен қауіп. Шәкәрім өзінің «Адамдық борышы» атты өлеңінде өзі қойған сұраққа былай жауап қайырады:
«… Өміріңді сарп қыл өлгенше,
Жоба тап, Жол көрсет,
Келешек қамы үшін…
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт, Осыны ұқ…», – деп терең мазмұнда жауап беріп отыр. Біз заман өткен сайын әрбір адам «Барын, нәрін тірлікте беріп, ғибрат алар артында із қалдырып» отырса, шынайы бақыт осы екенін терең ұғындырса керек. Қазақтың ұлы ғұламасы Шəкəрімнің дүниетанымының туына себепкер болған немере ағасы Абай атамыздың айтқан сөздерімен түйіндегіміз келеді:
«Өлді деуге болама ойландаршы.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп мұның шешімін тапқан ойшыл Абайдың сөзі дəлел болмақ.
А. ДҮЙСЕН,
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы,
Р. Нарбек