Павлодар қаласының жанындағы Кенжекөл аулындағы «Шайхы ата» мешітінің жаңа ғимараты бой көтеріп, өткен сенбі күні ашылу рәсімі үлкен қуанышпен салтанатты түрде өткізілді.
«Кенжекөл – 10 мыңға жуық халқы бар үлкен ауыл. Бұл ауылда 1996 жылы алғаш мешіт ашылып, 1997 жылы «Шайхы ата» атауы берілген еді. Ол мешіт бүгінгі күнге дейін жамағатқа мүлтіксіз қызмет етіп келді. Алайда мешіт құрылысы заман талабына сай емес, көнерген, әрі арнайы бөлмелері жоқ болғандықтан жамағаттың құлшылық ғибадатын орындауына қолайсыздық келтіріп, тарлық жасады. Сондықтан да ауыл халқы мен жамағат болып бастама көтеріп, Талғат есіміді бауырымыздың ұйымдастыруымен 1 жылдың ішінде жаңа мешіт салынып, бүгінгі күні іске қосылып отыр» деді облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы.
«Шайхы ата» мешітінің жаңадан көтерілген ғимаратына 200-ден астам адам сыяды, имамдар бөлмесі, дәрісхана, әйелдер бөлмесі, заманауи мәдениетті дәретхана, әжетхана, жаназа намазын жүргізетін арнайы орындармен жабдықталған.
Мешіттің жаңа ғимаратының ашылуын әртүрлі мәдени-рухани шаралар (балалар арасына мәнерлеп Құран оқудан облыстық жарысы т.с.с) ұйымдастырып қарсы алумен қатар Павлодар облысының өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы және облыс, қала, ауылдың басшылары, кәсіпкерлер, құрметті аталар мен апалар бастаған ауыл халқы қатысып, игі іске білек сыбана атсалысқан белсенді азаматтарға алғыс жаудырып, сый-сияпаттар жасады.
Жақсы істер жалғасын таба берсін!