Сұрақ: Шағбан айының қасиеті неде?
Жауап: Шағбан айының қасиетін пайғамбардың (с.ғ.с.): «Уа, Алла, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қылғайсың. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» деп айтқан дұғасынан білуге болады.
Бұл мұсылманның қылған құлшылығына сауап еселеп жазылатын ай. Себебі Шағбан өзінен кейін келетін Рамазан айының кіріспесі десек болады. Мысалы, кез келген спортшы белгілі сайыс додасына түспес бұрын әбден шынығып дайындалады. Дайындығы жақсы болса, жарыс кезінде найзағайдай жарқ етіп озып шығады. Тіпті адам қандайда бір дене шынықтыру жаттығуларын жасамас бұрын басты, қол-аяқтарын ақырын қозғап денесін қыздырып алады. Сосын барып салмақ түсіретін арнайы жаттығуларын жасайды, ауыр темірлер көтереді және т.б.
Дәл сол сияқты Шағбайын айы да Рамазанға дайындық болып саналады. Рамазан күндіз ораза (тамақтан, судан, артық сөз сөйлеуден тыйылу), кешке намаз құлшылығына арналған ерекше ай болса, Шағбан айы осыған дайындық пен жаттығу жасау айы.
Әбу Умама әл-Баһили пайғамбардың (с.ғ.с.): «Шағбан айы кіргенде, өздеріңді тазалаңдар және ниеттеріңді дұрыстаңыздар», – деп айтқан сөзін жеткізген.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ