Франция құрамасының шабуылшысы Кәрім Бензема әлемдік деңгейдегі танымал әріптестерінің ізімен өзінің спорттық мансабын Сауд Арабиясында жалғастыратын болып шешті. Ол жергілікті “әл-Иттихад” футбол клубында ойнайды.
Бенземаның мұнда келгенін клубтың баспасөз қызметі хабарлады. “Бензема біздің қатарымызда. “Иттихадқа” қош келдіңіз!” делінген әлеуметтік желідегі жарияланымда.
Бұған дейін 35 жастағы мұсылман футболшы 15 жылдай мадридтік “Реалда” ойнады. Оның құрамында 25 жеңіске қол жеткізді, соның ішінде 5 рет Чемпиондар лигасы мен клубтық әлем біріншілігінің чемпионы болды. Өткен жылы ол “Алтын доп” иегері атанды.
Сонымен қатар 10 жыл бойы Франция құрамасында ойнап, УЕФА-2020/2021 Ұлттар лигасын ұтып, 2022 жылғы әлем біріншілігінде “күміс” алды.
Бензема “Реал” сапында жүргенде 353 гол соқты, бұл Криштиану Роналдудан (450 гол) кейінгі екінші көрсеткіш.
Айта кетсек, қазір Криштиану Роналду да Саудияның “әл-Наср” клубында өнер көрсетеді.