Сіздің сауалыңызға төмендегі төрт хадис-шарифпен жауап берейін:
Біріншіден, Алла Елшісі (с.а.у): «Адал белгілі, харам да белгілі. Екеуінің арасында бірқатар күмәнді нәрселер бар, адамдардың көбісі бұларды білмейді. Кім күмәнді нәрселерден сақтанса, дінін және намысын қорғайды. Кім күмәнді нәрселерге бейімділік танытса, кез келген сәтте харамға түсуі мүмкін»(Мүслим, Мүсакат, 107) деп бұйырады. Яғни, Алланың харам деп тиым салғанынан тыйылып, адал дегенін кәдемізге жаратып, шариғат бекіткен шектеулерге бағынып, күмәнді нәрселерден теріс айналуымыз керек. Сонда арымызға дақ түспейді, күнәдан ұзақ боламыз.
Екіншіден, Әбу Хурайрадан жеткізілген риуаят бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) алдау және алдану қаупі бар барлық сауда түрлеріне тыйым салған (Әбу Дауыт, Бүйү, 24). Сондай-ақ, Мәдина базарында дымқыл бидайды құрғақ бидайдың астына қойып сатпақ болған сатушыға ескерту жасап «Алдағандар бізден емес!» (Мүслим, Иман 164; Термези, Бүйү, 74) деп қатаң ескерту жасаған. Демек, алдау сипаты бар сауда-саттықты жасау харам, сондай-ақ, сатушы сатып тұрған зат немесе бұйымның кем-кетігін жасырмай, ашық көрсетуі қажет. Егер, көпе-көрінеу жасырып сатса, онда харам іс жасаған болып саналады.
Үшіншіден, Алла Елшісі (с.а.у): «Кім ақауын айтпай бір затты сатса әрдайым Алланың азабы мен періштелердің лағнетінде болады» (Ибн Мажа, Тижарат, 45) дейді .Яғни, сатқан затыңның ақауы бар болса, оны алушыға ашық айтуы керек. Сонда табысыңа харам араластырмаған болып есептеледі һәм ол адам азап пен лағнетке ұшырамайды. Егер, сайтан азғырып, пайдакүнемдікке салынып біреуді алдаған болса, бірақ, кейін тәубеге келіп, алданушыға ақысын қайтарса, онда Алланың азабынан, періштелердің лағынетінен құтылуы ықтимал.
Төртіншіден, Хақ Елшісі (с.а.у): «Адал және сенімді саудагер болған адам пайғамбарлар, сыддықтар және шәйіттермен (жұмақта) бірге болады» (Термези, Бүйү, 4) деп сүйіншілейді. Демек, сауда-саттықты адал жасап, ешқашан туралықтан ауытқымаған адам иншаллаақырет күні жұмақта ең жақсы достармен (пайғамбарлар, сыддықтар және шәйіттермен) көрші болады.
Түптеп келгенде, төрт хадисте айтылғандай, сауда-саттық тек адалдыққа негізделіп жасалуы тиіс. Көңілге күмән ұялататындай мәміле жасамауға тырысуымыз керек. Әрбір сауда келісіміне арқау болған зат немесе бұйымның (жылжитын немесе жылжымайтын мүлік) қыр-сыры сатушы мен алымсаққа ашық болса, онда мұндай мәміле шариғатқа сай болып есептеледі.