Тікенек сыммен қоршалған ЗК-169/1 тергеу изоляторында діни экстремизм баптары бойынша сотталғандар да бар. Олар өздерінің бұзық сенімін насихаттап, басқаларды да адастыруы кәдік екенін естен шығаруға болмайды.
Мекеменің инспектор теологы, әділет лейтенанты Темірбек Сәулеттің айтуынша, осындай қауіпті құбылыстардың алдын алып әрі имандылық жолындағы сотталғандарға діннің негіздерін үйрету мақсатында мекемеге мешіт имамдары жиі келіп, уағыз-насихат айтып, дәрістер өткізіп отырады.
Әсіресе, имамдар әр сәрсенбінің сәтті күні тұрақты түрде хадис, дін мен салт-дәстүрдің байланысы жайында жоспарлы сабақтар өткізеді. Осы орайда, бүгін мекемеге қаладағы Құдыс ишан мешітінің бас имамы Бисен Мұстафа келді.
Дін өкілі бұл жолы ҚР ҚК-нің 256-бабының 2-бөлігі бойынша бас бостандығынан айырылған сотталғанды жеке қабылдады. Кездесуде сотталғанға Ханафи мәзһабындағы фиқһ негіздерін түсіндірді. Жеке қабылдауда Бисен Мұстафа Әбу Ханифа мәзһабы мен шариғат қағидаларын ұстанудың маңызын кеңінен баяндап берді. Сонымен қатар салт пен дәстүрге, қоғамда қалыптасқан құндылықтарға құрметпен қарауға шақырды.
– Менің осы мекемеге келгелі діни көзқарасым өзгерді. Өйткені, теологтармен, мешіт имамдарымен жиі кездесу ұйымдастырып отырады. Олар діни дәрістерін оқып, хадис, дін мен салт-дәстүрдің байланысы жайында жоспарлы сабақтар өткізеді. Сондай-ақ, Алланың алдында кешірілмейтін күнә жоқ екенін және де қателесіп, шалыс қадам жасап, темір торға қамалғанмен, ертең-ақ қоғамға, еліне пайдасы тиетін, өзгелерге үлгі болатын тұлғаға айналуға мүмкіндік зор екенін ұғындырады. Бұл мені ынталандырып, бостандыққа шығуға деген үмітімді арттырады, – деді қабылдауға келген Ж. есімді сотталған.
ЗК-169/1 мекемесінің баспасөз қызметі