Назарбаев Университетінде қазақстандық және америкалық алдыңғы қатарлы сарапшылар Орталық Азиядағы Оксус Қоғамының «Kazakhstan Futures» бағдарламасы аясында жүргізген зерттеу нәтижесін таныстырды. Талқыланған тақырыптардың бірі – Орталық Азияның бес мемлекетінің жаңа одақ құра алу мүмкіндігі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оксус қоғамы – Вашингтонда негізі қаланған, Орталық Азияның басқа әлеммен академиялық алмасуына жәрдемдесумен айналысатын коммерциялық емес ұйым. Биыл ақпанда ұйым ОА елдерінің мәселелерін зерттейтін сарапшыларды біріктіріп, «Kazakhstan Futures» бағдарламасын шығарды. Мақсаты – АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасын жақсарту.
Назарбаев университетінің ректоры, доктор Илесанми Адесида сөз сөйлеп, бағдарламаның маңызына тоқталып өтті.
“Біздің университет көптеген бағыт бойынша жұмыс істейді, оның ішіне ел болашағын жарқын ететін Қазақстан көшбасшыларын жасау кіреді. Мұнда сарапшылар орнын толтыруға тырысып жатқан олқылық бар. Ол – бұл өңірді және елді халықаралық тұрғыдан көрсететін зерттеулер. Орталық Азия әлемнің алдыңғы қатарында талқыланып, Қазақстан, Тәжікстан мен Түрікменстанды бүкіл әлем тану үшін осы миссияға жетуіміз керек”, – деді доктор Илесанми Адесида.
Осы бағдарлама аясында Назарбаев Университеті Мемлекеттік саясат Жоғары мектебінде профессордың ассистенті Жәнібек Арынов қазақстандық және америкалық зерттеушілермен бірлесіп, ОА елдерінің серіктестігіне талдау жасаған.
“Біз ОА елдері арасында серіктестік пен серпіннің артуында жақсы үрдіс бар екенін байқадық. Орталық Азия – әлемдегі байланысы ең төмен аймақ. Бұрын бізде мүддесі осы жерде тоғысатын түрлі алып державалардың үлкен ойыны туралы нарративтердің бәрі болды. Ал ОА елдері осы үлкен күштерді тең ұстауға тырысқанымен, қысымға қарсы тұратын қауқары жоқ», – деп есептейді Жәнібек Арынов.
Сондай-ақ сарапшы кейінгі 7 жылда қоғамда Еуропалық Одақ тәрізді Орталық Азияның бес елінен құралған жаңа одақ құру мүмкіндігі талқыланып жүргенін атап өтті.
“Мәселе өте көп, серіктестікті жалғастыра беру керек. Егер осы серпін тоқтамай, жалғаса берсе – 15-20 жылдан кейін мұндай ұйым құрылуы әбден мүмкін. Алдағы бес жылда мұндай оқиға болады деп айта алмаймын. Бізде жартылай ресми келісімдер бар. Мәселен, Душанбеде Арал теңізіне қатысты келісімге қол қойылды. Меніңше, мұндай платформалар – бастамасы ғана. Еуропалық Одақ – мен үшін ең үздік үлгі. Мен бұл үлгіге тамсанамын. Десе де, ЕО та бір түнде құрылған жоқ. Оларға да ондаған жыл қажет болды. Олар кодекстен бастады, осындай деңгейге жетті», – деді зерттеуші.
«Kazakhstan Futures» бағдарламасы Қазақстандағы АҚШ елшілігінің Жария дипломатия бөлімінің қолдауымен жүзеге асатынын айта кетейік.