Ілгерідегі, адамзаттың асыл тәжі, Алланың ең сүйіктісі Пайғамбарымыз Мухаммед Мұстафа (с.а.с.) бірге болуды нәсіп еткен асыл сахабалар, қасиетті Рамазан өткен кезде соншама жылап қоштасып, келесі Рамазанды асыға күтетін еді. Оған соншама даярланып, ізгі амалдарды жасап жүріп, ал Рамазанда не деген қуаныш жүректерін кернеп, жүздері нұр шашып тұратын.
Иә, Алланың қалауымен, бізге де осы қасиетті күндер келді. Өмірінде ақ нан жеп көрмеген Пайғамбарымызды (с.а.с.) еске алып, сәресін ішіп, «Ақсай» мешітіне ұлдарыммен бет алдық.
Алматы мешіттерінің негізі базарлардың қасында орналасқан. Бұл ұстаным, Ұлы Даланы билеп тұрған Берке хан, дін исламды кіргізіп, Мысыр елін билеген қандас бауыры – сұлтан Бейбарспен хат алысып тұрған заманнан қалыптасқан үрдіс-ау. Сұлтан Бейбарыс, арабтарды тегеуірнді жауынгер – мәмлүк етіп қана тәрбиелеп қоймай, үстемдігі жүріп тұрған елді мекендерге базар мен қасына мешіт салғызады екен. Сауданы берекелі кәсіп деп, мешітті – әріп үйретіп, сауатын ашып, білім ордасы етіпті.
Әдетте, таң намазына кіші залдың ортасы толмайтын еді, бауырларым екі залға да толды. Қуантынымыз, ел болашағы – жастар мешіттерде толы. Бәрі де бір ерекше сезіммен құшақтасып амандасып жатыр. Күлімдеген көздер мен қуаныштан құлпырған жүздер. Шынымен де, бейне бір үлкен мерекеге келгендей әсер.
Намазды атқарып беріп, Құранды толығымен жаттаған мешіттің бас имамы Бахтияр қари өте жақсы үлгі көрсетіп, Алланың қасиетті кәләмі Құранды оқу үшін, араб тілі сабағын бастап кетті. «Әлиф», «бә», «тә», «сә» деп басталаған дәріс, ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір табан жақындатып жатқандай. Дүниедегі барлық жаратылыстан артық көретін Пайғамбарымыз (с.а.с.) сөйлеген тілді меңгерсек, адамзатқа келген ұлы мұғзижа – Құран кәрімді оқи алсақ, Ахыретте сол тілде жауап бертін тілді меңгерсек, не деген жетістік болар еді. Соны түсініп отырған бауырларымызға, дәріс беруші ұстаздарымызға Алла разы болсын.
Рамазанда әрқайсымыз атқаратын ізгі амалдар туралы жетерлік айтылып жатыр ғой. Десек те, қарапайым жамағат ретінде ой бөліссем артық болмас.
- Отбасыңызда, Рамазанды рухани тәрбиелеуші, күнәларды шайып, жақсылыққа жетелеуші ретінде қабылдаңыз.
- Ораза тұтудың маңызы мен Алланың бұйырығын орындау екенін отбасыңызға түсіндіріңіз.
- Қарапайым: ас ішерде, ас ішіп болғанда, үйден шығардағы және келгендегі, әжетханаға кірердегі және шығардағы, ұйқыға жатар алды мен тұрғандағы дұғаларды жаттау;
- Алланы ұлықтап зікір мен Пайғамбарымызға (с.а.с.) молынан салауаттар айту (зікір мен салауат үлгілері әлеуметтік желіде көптеп көрсетілген);
- Жаратушының жақсы көретін амалдарының ішінде, мұқтаждар мен жетім-жесірлерге қол ұшын созып, жәрдемдесу екенін есте сақтап, молынан садақалар беруді отбасыңызға, ұл-қыздарыңызға үйретіңіз, үлгі болыңыз;
- Құранға түсудің ең керемет кезі – Рамазан. Барлық мешіттерде дәрістер басталды. Ең бастысы, мен ештеңе білмеймін, ұят дегенді ұмытыңыз. Бәріміз оқып туған жоқпыз;
- Отбасы мүшелері, ағайындарыңызбен хабарласып, тізім жасап, Құранды бөлісіңіз. Яғни, Құран 30 парадан, 604 беттен тұрады. Әр адам күніне қанша беттен оқып, Қадір түнінде хатым етіңіз. Бұл дүниеден өткен ата-ана, ата-баба, ағайын-туғандардың артынан баратын ізгі амал.
- Әдеп пен көркем мінезге көңіл бөліңіз. Отбасыңызда имам Ғазалидің әдеп туралы жазғандарын күніге оқыңыз. Көркем мінезді қалыптастыратын «Ахлақ» деген кітап бар. Жаман әдеттермен, боғауыз сөйлеумен, харамға жақын темекі шегумен осы айда қоштасып, артыңа қарамай кете бер деп айта алатын керемет мүмкіндік;
- Алланың разылығы – ата-ананың разылығында. Ата-анаңызға құрмет көрсетіп, сәресі мен ауызашарға, олар жақсы көретін ең дәмділерін күніге даярлап, қолыңызбен тамақтандырып, аяқтарын жуып, шақырған ауызашарларына құрақтай ұшып қызмет жасап апарып, «Балам, мен саған разымын» деген осы өмірдегі ең керемет грамоталарды жинай беріңіз;
- Алланың қалауымен Әз-Наурыз бен қасиетті Рамазан қатар келген жыл болып тұр. Жаңа Жыл деп, тойлап қалған бауырларымызды, Иса пайғамбардың туылған күнін ұлан-ғайыр тойлап, ұялы телефон мен автокөлікке дейін сыйлап жататын кезімізді, осы Наурыз – Жаңа жылымыз бен Рамазанды дәріптеуге ауыстыруға ұмтылайық;
- Асылған ет, қазы-қарта, салаттар мен тәттілерден майысып қалатын дастарханды жетім мен жесір, мұқтаж отбасыларға жасап, отбасыңызбен сол үйлерде ауызашар жасап, бірге болуға ұмтылыңыз. Былтырғы Рамазанда, шымкенттік бір жамағат, мұқтаж 60 отбасын паркке шақырып, палау басып, мол дастархан жайып, аттаркциондарға тегін ойнатып «осындай керемет ауызашар өткізіп, бәріміздің тұла бойымыз шымырлап кетті. Не деген ғажап ауызашар болды!» деп еді.
- Көршілеріңізбен, әр аулада бірігіп, Наурыз бен ауызашарды біріктіріп, дастархан жайып, викториналар ұйымдастырып, хадия сыйлықтар беріп, береке мен бірілікті қалыптастырып, дін исламның құндылықтарын паш етіңіздер. Сол, былтырғы Шымқалада «Теріскей» мөлтек ауданында осылай, «Жаннатул фердаус» қоры ұйымдастырған ауызашар керемет болып, бүкіл қала аулаларына ізгі амал жайылып кетті.
- Ауызашарға барарда, Наурызбен құттықтауларыңызда, дүкенге кіріп, бір қорап кәмпит құшақтап барудан алшақтайық. Құрма, «Зәм-зәм» суын, рухани тәрбиелейтін кітаптар, батырлар жырын, «ислам ғылымхалы», Құран мен жаңағы жоғарыда айтқан кітаптарды ала барыңыз. Кәмпит пен торт баратын жеріне тез кетіп қалады, рухани азық – осы өмірге және ұрпаққа жетерлік азық болып қалады;
Баршаларыңызды, қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын. Алла, амандығын, екі дүниенің хайырын берсін.
«Ақсай» мешіті жамағаты, ҚМДБ жанындағы
имамдардың білім жетілдіру ислам институты
ұстаздары атынан дінтанушы, қоғамтанушы сарапшы маман
Мирхат МАДИЯРОВ