Сұрақ: Сахабаларды не үшін жақсы көруіміз қажет?
Жауап: Мұсылман адам пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзін көрген және онымен дінді тарату, түсіндіру жолында үзенгілес болған сахабаларға құрмет қылады және оларды жақсы көреді. Мұның себебі көп.
Мысалы, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олар жайында «Адамдардың ішіндегі ең қайырлысы – менің сахабаларым» деген (Бұһари, Мүслим).
Оған қоса Алла Тағала да сахабаларды ерекше түрде таңдаған. Бұл жайында пайғамбар былай деген: «Алла Тағала құлдарының жүрегіне үңілді де, құлдарының ең қайырлысы – сахабалар екенін көрді. Сол себепті де оларды пайғамбардың досы қылды. Бұл таңдаулы адамдар, Алланың дінін тарату үшін жандарын, малдарын ортаға салып, бар күшімен күресті» (Ахмад ибн Ханбал, Табарани. Әл–Муғжам әл–Кабир, IX 7582–83).
Сондай-ақ, сахабалар Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) теңдесі жоқ мұғжизаларына көп мәрте куәгер болды. Құран аяттарының жер бетіне түсуін көргендер әрі олар таңдаулы топ.
Сахабалар Алланың елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жандарынан артық жақсы көрген және кейінгі мұсылмандарға дінді, пайғамбардың сүйіспеншілігін жеткізді.
Бастысы, пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларды жақсы көруді және құрмет тұтуымызды өсиет еткен.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ