немесе мәзһабты мойындамайтындарға жауап!
Мәзһаб қайдан шықты? Сахабалар заманында мәзһаб болды ма? Сахабалар арасында мүжтахид, немесе иджтихат еткендер және оларға ерушілер болған ба? Немесе барлық Сахабалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері мен Құран Кәрімнен түсінгені бойынша амал етуші ме еді? Сахабалар арасында ұстаздық, үйрету мәселесі болмаған ба?
Мәзһабты мойындамайтын адамдарды ғалым екен, Құран және хадиспен ғана дәлел айтады екен дейтін көптеген адамдар, жамағаттың адал әрі ақ ниетін пайдаланып, өзінің мысқыл әрекетін жүзеге асырып жатыр. Бұндай адамдар қазіргі біздің қоғамда жоқ дей алмаймыз. Керісінше бұндай сөздерді айтушылардың саны күн өте артып келеді.
Бұл сөздерді айтқан адамдар «Адам кейпіне кірген шайтандар» дей аламыз. Өйткені Құранда шайтанның іс-әрекеті туралы былай деп айтылады: «Шайтан оларға амалдарын көркемдеп көрсетеді» («Нахыл» сүресі, 63-аят).
Яғни әділетсіз болғанымен, өзін әрі сөзін дұрыс әрі әділ деп шайтани мысқыл әрекеттеріне адамдарды сендіріп, мұсылмандар арасында іріткі салып, бауырларды бір-біріне дұшпан етуде. Біз жоғарыда айтылған сөздерге жауап іздеп көрдік.
Сахабалардың барлығы мүжтахит па еді? Яғни Пайғамбарымыздың жанында өмір сүрген, арабша толық білетін, әрі Құран Кәрім түскен уақытта өмір сүрген сахабалардың барлығы үкім шығаратын және пәтуә беретін бе еді? Құран тілімен сөйлейтін сахаба қауымының қаншасы үкім шығаратын (мүжтахид) еді?
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзін көрген және оның алдында мұсылман дінін қабылдаған адамдарға сахаба деп айтамыз. Ал енді сахабалардың саны қанша еді? Пайғамбарымыздың қоштасу құтпасына 140 мың сахаба қатысқан. Ал, қоштасу құтпасына қатысқандардың санынан, қатыспағандардың саны көп болған деген дерек бар. Шамамен айтар болсақ, сахабалардың саны 300 мыңдай болған.
300 мың сахаба арасында иджтихат еткендерді үш топқа бөліп қарастырған.
1-топқа көп иджтихат еткендер (Муксирун). Бұлар 7 сахаба. 1) Хз. Омар. 2) Хз. Әли. 3) Ибн Мәсғуд. 4) Ибн Омар. 5) Ибн Аббас. 6) Хз. Айша және 7) Зәйд бин Сәбит.
2-топқа орта дәрежеде иджтихат еткендер. Бұлардың саны 30. Хз. Әбу Бәкір, Хз. Муауия, Әбу Хурайра, Сәт бин Әби Уаққас сынды сахабалар.
3-топқа кіретіндер өмірінде бір рет немесе екі рет қана иджтихат еткен 125 сахаба.
Сонымен иджтихат еткен сахабалардың саны 162. Бұл сахабалардың 20-сы әйел болған және барлығының аты мен иджтихаттары Фиқһ кітаптарында нақты жазылған.
Ал енді 300 мың сахабадан 162-сі ғана иджтихат еткенде, әрбір 2 мың сахаба бір сахабадан сұрайтын болған. Яғни, сахабалардың барлығы иджтихат етпеген және басым көпшілігі ерушілер (муқаллид) болған. Діни бір сұрақ туындағанда иджтихат етуге білімі жететін Сахабалардан сұрайтын еді. Мен де Құран және Пайғамбарымыздың хадисін білемін деп өзі отырып пәтуа бермеген.
Мән беріп қараңыз, бұлар Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өз тәрбиесін алған сахабалар екенін ұмытпайық. Бұның қорытындысы ретінде Асры садетте пәтуа беретін иджтихат еткен, имам болған және мәзһаб жоқ дегендер қателеседі және шайтанның амалына мойынсұнғандар.
Кейбір өзін ғалым деп танытқан адамдар, «Мен 3 мың немесе 4 мың хадис жаттадым, мен тек хадиспен амал етемін, Әбу Ханифа кей хадистерді алмады немесе мойындамады» деп мәзһаб имамдарына тіл тигізуде.
Бұл адамдарға айтарымыз, ең көп хадис риуаят еткен Әбу Хурайра фиқһта да бірінші тұру керек емес пе? Әбу Хурайра иджтихат еткендер арасында орта дәрежеде орын алған. Хз. Омар хадис риуаят еткендер арасында «Муксирун» дәрежесінде емес. Алайда, иджтихат еткендер арасында «Мукисрун – ең көп иджтихат еткендер» арасында. Яғни хадис білу мен фиқһ білу екеуі екі бөлек мәселе.
Қоштасу құтпасында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Бұл өсиетімді осы жердегілер, бұл жерге келе алмағандарға естіртсін. Бәлкім, ол адам осы жерде тұрып өз құлағымен естіген адамнан да жақсы түсініп, орындар».
Яғни риуаят еткен хадисші болса, пәтуа шығаратын, иджтихат еткен мужтахит. Хадисші (Мухаддис) иджтихат ете алмайды деген де қағида жоқ. Хз. Айша анамыз әрі иджтихатта, әрі хадисте ең көп жеткізгендерден болып табылады. Нақты айтар болсақ, хадисші риуаят етеді, фиқһшы оны бағалап пәтуа шығарады.
Сахабалар арасында иджтихат еткендер саны 162 дедік. Ал хадис риуаят еткендердің саны мухаддистердің санынан он есе көп. Бір мужтахит сахаба он хадис риуаят еткен сахабаға тең. Ал енді хадис білу иджтихат етумен тең болса, барлық хадис риуаят еткен сахаба муджтахит болуы керек еді ғой.
Мәзһаб мұсылмандардың бөлінуіне емес, бірігуіне және жүйелі өмір сүруімізге негіз болды. Өйткені төрт мәзһаб болмаса, бүгінгі таңда қанша мыңдаған мәзһаб болушы еді. Қазіргі таңда әлемдегі 2 миллард мұсылманның әрбірі өзіне бір-бір пәтуа шығарып, жүйелілікті жоғалтушы еді. Бұл бөледі ме, әлде бір арнада ұстауға себеп пе?
Бүгінгі таңда әлемде мұсылмандарды жаман жағынан көрсетіп жүргендер – мәзһабты мойындамайтындар немесе мойындағысы келмейтіндер. Сонымен қатар, Құран мен хадис оқып мәзһаб ұстанбайтындар бір-бірін ешуақытта мойындамайды. Неге, өйткені барлығына бірдей қойылған қағиданың, жүйенің болмауынан. Бұл Құран мен хадис бірлікке шақырмайды деген сөз емес. Құран мен хадистен шыққан қате пікірлерге жол бермеген мәзһаб ғұламалары болғаны үшін.
Мақаланы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисімен қортындылауды жөн көрдік. Ол бір хадисінде: «Үмбетім мына он бес нәрсені істемейінше басына бәле келмейді», – дейді. Соның 15-шісінде: «Үмбетімнің кейіннен келгендері алдыңғы келгендерге (ғалымдарға) лағынет айтқан уақыттан бастап, цунами, жер сілкінісін, жерге батып кеткендер немесе бағыт ауыстырғандарды және көктен тас жаууын күтіңдер», – деп ескерту жасаған.
Алла баршамызды бәледен сақтасын.
Исатай БЕРДАЛИЕВ