Сұрақ: Мұхаммед пайғамбардың аты Құранда аталған ба?
Жауап: Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) аттары мен сипаттары исламдық дереккөздерде көптеп кездеседі. Әуел баста Құран Кәрімде, хадис іктаптарында, мәулид, сира, хилия, миғражнама, хижрату ән-нәби, шапағатнама секілді кітаптармен қатар «Әсмәу ән-нәби», яғни Пайғамбарымыздың (с.а.с.) есімдері мен сипаттарына қатысты кітаптарда түрлі қырларынан қарастырылған.
Әрине бұның астарында Соңғы пайғамбарға деген иман мен сүйіспеншілік жатқаны мәлім. Ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с.) Құран мен сүннетте аталатын есімдері мен сипаттарына қатысты жазылған арнайы әдебиеттер де қалыптасқан.
Солардың ішінде Сулеймен Жәзули жазған кітап – ең танымал шығармалардың бірі. Ол шығармада Пайғамбарымыздың 201 аты аталған. Кейіннен оны Қара Дәуіт Измити түрікше түсіндірмесімен жазып шыққан. «Тәуфиқу муаққифу әл-хайрат ли нәйли әл-бәрәкәт фи хидмәти мәнбәи әс-саадат» деп аталатын осы шәрх, яғни түсіндірме кітабы көбіне ел арасында «Дәләил әл-хайрат шархы» немесе Қара Дәуіт атауымен кең танылған.
Кейбір ислами әдебиеттерде Ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с.) екі мыңнан астам атының бар екені айтылған. Пайғамбарымыздың аттары мен сипаттарының нақты қанша екені белгісіз. Алайда діни әрі әдеби шығармалардағы материалдық әрі рухани тұрғыдан абыройы мен үлгілігі және Алла тағала мен мұсылмандардың сүйіспеншілігіне бөленген көптеген атаулары бар. Ендігі кезекте Құранда өтетін аттары мен сипаттарын атап өте кетейік.
Пайғамбарымыздың өзінің «Мұхаммед» деген аты Құран Кәрімде мына 4 жерде өтеді: «Али Имран» сүресі, 144-аят, «Ахзаб» сүресі, 40-аят, «Мухаммед» сүресі, 2-аят, «Фәтіх» сүресі, 29-аят. Одан бөлек Ахмед, Әмин, Бәшир, Нәзир, Бурхан, Хатам ән-Нәбиин, Даии илә Алла, Рахматун лил-аламин, Раууф, Рахим, Расулу әр-рахма, Сираж, Мунир, Та-Ха, Иа-Син, Ха-Мим, Муддәсир, Музәммил, Нәбииу әл-умми, Ниғматулла, Хади, Хашир, Ақиб, Мубин, Абдулла, Кәрим, Хақ, Нур, Мубин секілді сипаттары түрлі аяттарда өтеді.
Рахмет! Осы сайт арқылы дін жағынан білімім молаюда