Жауап: Қазақтың «Жеті Жарғы» заңында жеті атаға дейін қыз алысуға қатаң тиым салынған. Бұл құқықтық норма А.И.Левшин, А.Леонтьев, Н.Гродеков, К.Шүкірәлиев жеткізген «Жеті Жарғы» нұсқаларында тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал, шариғатта мына адамдардың бір-бірімен үйленуіне тыйым салынады: «Әйелдерден әкелерің үйленгендерді үйленбеңдер. Бірақ өткен өтті. Бұл бір арсыздық және жиренішті жаман жол. Сендерге аналарың, (әке-шешелеріңнің аналары) қыздарың, (ұл-қыздарыңның қыздары) қыз туыстарың, (әке-шеше бір немесе бөлек) әкелеріңмен туысқан әйелдер, шешелеріңмен туысқан әйелдер, еркек немесе қыз туыстарыңның қыздары, (олардың қыздары) сүт емізген аналарың, жақындасқан әйелдеріңнің (бұрынғы ерінен болған) қолдарындағы өгей қыздарың, егер жақындаспаған болсаңдар, сендерге бір оқасы жоқ. Бел балаларыңның әйелдері және екі қыз туысты бірге үйленулерің арам қылынды…(Ниса 4/22-23).
Жаббар Хақтың бұл үкімдері сөз жоқ адамзат баласы үшін үлкен жаңалық болатын. Өйткені, исламға дейін арабтар және өзге де кейбір халықтар өгей шешемен және кейбір туыстарымен үйлене беретін. Ал қазақтың экзогамиялық сипаттағы «жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүріне келетін болсақ, бұл салттың дінге қайшылығы жоқ. Рас, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) өзінің қызы Фатима анамызды немере інісі Әлиге (р.а) үйлендірген. Осыған қарап, «жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүрін шариғатқа қайшы дейтіндер бар. Діни үкім мен дәстүрді бұлай бір-біріне қарсы қою әсте дұрыс емес. Себебі, жоғарыдағы Ниса сүресінде некелесуге тиымның ең төменгі шегі белгіленген. Бұл шектің тысындағы дәстүрге негізделген тиымдарды дінге қарсы деп айта алмаймыз.
Имам Ғазали өзінің атақты «Ихия улум-ид-дин» атты шығармасында сүннетке сай үйленудің санаттарын көрсете отырып, «жақын туыс адамдардың бір-біріне деген ерлі-зайыптылық (мысалы, жыныстық қатынаста) махаббаты төмен болады» деп, Алла Елшісінің (с.а.у): «Өте жақын болған әйелге үйленбеңіз. Өйткені, одан туған бала әлсіз әрі көріксіз болады» (Тәрбиетул-Әулад, 1: 39; Ихия, 2: 42) деген хадис-шарифін алға тартады. Фиқһ ілімі бойынша маңызды еңбек саналатын «Ғаятул-Ғусада» да Алла Елшісінің (с.а.у): «Ұзақтан үйленіңіз. Жақындарыңызбен некелеспеңіз» (Қады Байдауи, Ғаятул-Ғуса, 2: 721) деген хадис-шарифі келтіріледі. Хадистанушы ғұламалар бұл екі хадистің әлсіз (дағиф) екенін айтады. Дегенмен, хадис ілімінің ұлы имамдарының бірі Дайлами: «Ет жақын адамдардың некелесуі туыстық (сира-й рахим) бауырмашылдықты кемітеді» деп ескерткен.
Ханафи мәзһабындағы үкім берудің жеті қайнар-көзінің бірі «урф» бойынша, яғни, әдет-ғұрып қағидалары дін негіздеріне қайшы келмесе, онда қоғамдық қатынасты ғұрып бекіткен құндылықтармен де реттеуге болады. Жалпы, жеті атаға дейін қыз алыспау салтын шариғаттағы жақын туыстар арасындағы тиым салынған некелік қатынасты одан әрі бекемдей түсетін қағида деп түсінгеніміз жөн. Бірақ, рулас жандар некелік қатынасқа түссе, оларды діннен шықты деп сөгуге де болмайды. Қазақтың дәстүрінде мұндай оқиға орын алса, некелескен азаматтарды ру мүшесі құқығынан айырып ғана жазалаған. Шәкәрім қажы жырлаған «Қалқаман-Мамыр», «Нартайлақ-Айсұлу» атты туындылардағы кейіпкерлер ру мүшелігінен айрылғанымен, олардың мұсылмандық мәртебесі сақталған. Жалпы, қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспау салты жоғарыда айтылған Алла Елшісінің (с.а.у): «Ұзақтан үйленіңіз. Жақындарыңызбен некелеспеңіз» деген хадис-шарифімен сабақтасады. Сондықтан, бір рудан қыз алыспау дәстүрін шариғатымызға қайшы деп айта алмаймыз.
Менің Нағашы атамның інісің немересіне үйіленуге болама?