Ұлық мереке құрбан айт қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында Дінмұхаммед Қонаев атындағы қайырымдылық мекемесі ашылды.
Аталған мекеме 30 балаға лайықталған және олардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Қайырымдылық мекемесінің ашылуына ШҚО бас имамы Ермек Қасболатұлы және имамдар, қоғам қайраткерлері, ақсақалдар мен жамағат қатысты. Шараның бастауында қариялар бата жасап, қасиетті Құран оқылып, ақ шашу шашылды.
Жиында сөз сөйлеген ҚМДБ ШҚО бас имамы Ермек Қасболатұлы: «Ұлық мереке құрбан айт қарсаңында бүгін төр Алтайда қуанышты күн. Осынау қайырымдылық мекемесінің ашылуын көптен күткен едік. Өкілдік қазіргі таңда шығыстың әр ауданынан осындай қайырымдылық мекемесін ашып, сауапты істермен айналысуда. Мешіттер жанынан қайырымдылық мекемесін салып, білім игерушілерге жағдай жасау – ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалған мирас. Мұндағы негізгі мақсат оқу, білім игерем деген өрендерге мүмкіндік жасау» деп айрықша атап өтті.
Бас имам сонымен қатар халықты құрбан айтпен құттықтап, ізгі тілек білдірді. Жиында жергілікті ақсақалдар сөз сөйлеп, жас өрендерді имани білімге тәрбиелейтін осындай мекеменің ашылуы зор оқиға деп бағалап, осы мекеменің ашылуына қуанышты екендігін жеткізіп, бастама иелеріне алғыс білдірді. Әжелер шашу шашып, ақ бата айтылды. Осылаша Алтайдың төрі Риддерде қайырымдылық мекемесі есігін айқара ашты.