Жуырда Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Сұлтан Хамзаев елдің білім беру жүйесіндегі пробатыстық вектордан бас тарту үшін ағылшын тілін міндетті пәндер қатарынан алып тастауды ұсынған еді. Артынша ағылшын тілінің орнына қытай тілін енгізу керек деген ақылмандар да пайда бола кетті.
Алайда, Ресейдегі ата-аналардың көбі бұл бастамаға қарсы шықты. Мәселен, жалпы елдегі, соның ішінде Татарстан астанасы Қазан қаласындағы ата-аналардың 80 пайызы ағылшын тілін мектеп бағдарламасынан алып тастауға қарсы. Олар ағылшын тілі халықаралық қатынас тілі болып қала беретінін, Ресейде білікті тіл мамандары көп екенін, ал оқыту әдістемесі көп жылдар бойы жетілдірілгенін алға тартты.
Ата-аналардың 13 пайызы ғана ағылшын тілінен бас тартуға келісіп отыр.
Сондай-ақ Ресей мен Татарстандағы ата-аналардың 59 пайызы қытай тілін міндетті пән ретінде енгізуге де қарсы. Олар қытай тілі өте қиын екенін, оның оқыту әдістемесі тиісті деңгейде жасалмағанын және қытай тілін білуге қажеттілік шамалы екендігін айтады.
Сауалнамаға қатысқандардың 19 пайызы ғана қытайша сөйлеуге қарсы емес.