Сұрақ: Құрбан шалу кімдерге міндетті?
Жауап: Алла тағала Құран Кәрiмде: «Біз әрбір үммет үшін, өздеріне берген малдардан, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар. (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуандыр» (Хаж, 34) және келесі бір кәлам-шарифында: «Олай болса Раббың үшiн намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар, 2) деп бұйырады.
Хақ Елшісі (с.ғ.с) өзінің хадис-шарифінде: «Жағдайы бар (дiни өлшем бойынша бай болған адам) мұсылман құрбан шалмаса, бiздiң маңайымызға (намазхандарымызға, мешiттерiмiзге) жақындамасын» (Ибн Мажа, Әдаһи, 2) деп ескертеді.
Құран мен сүннетте құрбан шалуға қатысты үкімдер бұйрық раймен айтылғандықтан әрі бұл үкімдер қуатты дәлелмен келгендіктен Имам Ағзам мәзһабында муқимнің (бiр жерде тұрақты тұрушы) дiни өлшем бойынша ынсап мөлшерiнде байлығы бар болса, оған құрбан шалу мiндеттi болып саналады.
Құрбан шалушының қажеттіліктен тыс 85 грамм алтынға парапар байлығы болуы шарт. Ислам ғұламалары қажетті дүние-мүлік қатарына баспана, үй жиһаздары, көлік, жұмысқа қажетті құрал-сайман, қыстық және жаздық киім-кешек, бір айлық азық-түлікті жатқызады. Яғни, осы қажетті дүние-мүліктен артық 85 грамм алтынға парапар байлығы бар мұсылманға құрбан шалу уәжіп саналады.
Құрбан шалатын кездегі материалдық жағдай зекет берудегi материалдық жағдай секілді емес. Бiр мұсылман кедей болып, дәл құрбан шалу уақытында материалдық жағдайы түзелген болса, оған құрбан шалу уәжiп саналады. Керiсiнше материалдық жағдайы жақсы бiр мұсылманның құрбан шалар сәтте материалдық жағдайы күрт төмендеп кеткен болса, ол мұсылманға құрбан шалу уәжiп болмайды.
Имам Мұхаммед аш-Шайбанидің көзқарасы бойынша құрбан шалушының ақыл есi бүтiн болуы және балиғат жасына толуы міндетті. Ал, Имам Ағзам мен Имам Әбу Юсуфтың пiкiрiнше байлығы бар мұсылман үшін бұл екi шартсыз да қамқоршылар олардың атынан құрбан шала алады. Бірақ, бір отбасында тек бір адамның ынсап мөлшеріндегі байлығы бар болса, тек сол адамға ғана құрбан шалу уәжіп болып саналады. Шариғат қарызға ақша алып, құрбан шалуды құптамайды.
Мұхан ИСАХАН