Израильдік раввин Исраэль Эльбом түрік мұсылмандарының қонақжайлығына тәнті болды.
Ол кашрут бойынша инспектор болып қызмет істейді. Кашрут – Ислам дініндегі “халал” мәселесі секілді. Исраэль өткен аптада Ыстамбұлдың іргесіндегі кошерлік фабрикаларда яһуди дін талаптарының сақталынуын тексеру үшін келген болатын.
Сапар барысында раввин Ыстамбұлды қалыңдығы 80 см-лік қар басуына әкеліп соққан “Эльпис” дауылына тап болды. Жолда шетсіз-шексіз көлік тығыны орын алып, израильдік қонаққа 12 сағат көлікте отыруға тура келді. Кейін басқа да сапарластарымен бірге оны түрік әскерилері құтқарып, әуежайға жақын жердегі мешітке орналастырды.
Мұсылмандық құлшылық үйінде түнеген раввинге ыстық тамақ беріліп, ғибадат жасауына да мүмкіндік туды. Исраэль Эльбом өз еліне келген соң, журналистерге Түркия мұсылмандарының қайырымдылығы мен қамқорлығы туралы айтып берді.