Ақпараттық-насихат тобының мүшесі, теолог, психолог Рауан Жұмабайұлы KAZISLAM порталының тілшісіне қоғамдағы негізгі проблемалардың бірі – отбасылық кризис жайында жан-жақты баяндап берді.
– Рауан Жұмабайұлы, соңғы кездері отбасы тақырыбын жиі қозғап жүрсіз. Оған не себеп болды?
– Отбасы институтының кризисін зерттейтін орталықта жұмыс істеп жүргенде байқағаным – соңғы жылдардағы статистика бойынша, некелескен жандардың 30%-ы 1 жылға жетпей, 46%-ы 2 жыл, 50%-ы 3 жыл ішінде ажырасып кетеді екен. Сондықтан отбасы институты кризис жағдайда тұр деп айта аламыз. Бұл тек мемлекеттің не болмаса белгілі бір құрылымдардың айналысатын шаруасы деп күтіп отыруға болмайды. Мен қоғамның бір мүшесі ретінде оған бейжай қарамауым керек. Яғни, кез келген адам бұл мәселеден айналып өтпеуі қажет.
Себебі, белгілі бір отбасының ажырасып жатуы ол сенің балаңмен бірге ойнайтын досының ата-анасы болуы әбден мүмкін. Ол сенің де отбасыңа әсерін бермей қоймайды. Сондай-ақ дін саласында жұмыс жасағандықтан, қоғамдағы отбасы кризисінің жылдан-жылға өсу себептерін айқындау және оны емдеу үшін аз да болса өз үлесімді қосу міндетім деп есептеймін.
– Сіздің ойыңызша, отбасын құрар алдында қандай мәселелерді негізге алу керек?
– Негізі бұл саланың өз мамандары бар. Дегенмен, өз тәжірибемізге сүйеніп айтар болсақ, ең бастысы – шыншылдық. Неге десеңіздер, енді танысқан жұптар кездесіп жүргенде шынайы бейнесін көрсетпейді, уақыт өте келе некесін қиғаннан кейін кімнің-кім екені белгілі болып жатады. Айтқым келгені, танысу процесінде шыншыл болу қажет.
Екінші мәселе – теңдік. Мысалы, қыз бала ауқатты отбасынан шыққан, жоғары оқу орнын бітірген, ал жігіт қарапайым, орташа білімі бар дерлік. Уақыт өте келе, бір адамның екінші адамнан жоғары болуы өзара түсініспеушілікке алып келеді, сөйтіп ұйып тұрған отбасының шашырап кету ықтималдығы туындайды.
Бірақ, қазіргі қоғамға материалдық теңдіктен қарағанда, ғылыми теңдік қажет. Ең бастысы, рухани жағынан бір-бірін түсінулері қажет.
Үшінші мәселе – ажырасу үшін үйленбеу. Сол себепті бәрі саналы түрде болу қажет. Тек сезім мен эмоцияға берілмей, ақылмен ойланып барып отбасын құрған дұрыс. Яғни, ол адамға сенің болашақ балаңның анасы не болмаса әкесі ретінде қара. Осы қырынан тереңірек ойлану абзал.
Себебі, эмоция, буырқанып тұрған сезім уақыт өте келе басылады. сыйластық, құрмет мәселесі алға шықса, әрине, Алла берекелі отбасы болуды нәсіп етеді.
Бұған дейін де айтып жүрмін, әрбір адам үйленбес бұрын отбасы құндылықтары жайында кем дегенде 3 кітап оқып, арнайы курстан өтіп, сертификат алулары қажет. Содан кейін ғана некелескен дұрыс. Себебі, білім, ғылым бар жерде Алла оған өзі берекесін береді.
– Рауан мырза, өзіңіздің бір бейнеролигіңізде өмір өлшемдері жайында айтқан болатынсыз. Ол қандай өлшем? Осы жайында кеңірек тарқатып кетсеңіз?
– Өмірдің өзі өлшемнен құрылған. Сұйықтықты литрмен, ұзындықты метрмен, токты ваттпен өлшейміз. Бүкіл дүние өлшенеді. Отбасындағы қарым-қатынаста да өлшем бірлігі бар.
Мысалы, әкемен арадағы өлшем бірлік – әке-бала деп аталады. Сондай-ақ кез келген адаммен қатынастың өз өлшемі болары анық. Сүнетте әр өлшем бірлік жайында айтылып кеткен. Мысалы, Пайғамбар (с.ғ.с) туыстық қарым-қатынас жайында айтып кеткен. «Мен саған келдім, енді сен де маған кел» деп санасуға болмайды, тіпті сен ол адаммен туыстық қарым-қатынасты үзген болсаң да баруың керек. Яғни, қарым-қатынасты Алла шариғатта бекіткеннен кейін оны мейлінше сақтап қалуға тырысу қажет. Мұсылман болғандықтан қиямет күнінде жауап береміз. Туыстық қатынасты маркетингтік санаудан жоғары қою керек. Бұл жерде адамның рухани құндылығы алдыңғы орынға шығады.
Келесі бір мәселе осы өлшемдерді шатастырып алмау қажет. Бұл мәселелердің барлығы шариғатта толық жазылған. Бұны қалай үйренеміз десеңіз, оқу керек, білім қуу керек. Отбасын сақтаймын деген ниет болса, осы бағытта талмай еңбектену қажет.
– Рауан аға, жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Жастарға айтарым, сауатты, діни мамандардың ақыл-кеңесін көбірек тыңдаса екен. Адам білдім, толдым дегені өлдім дегенмен қатар келеді. Яғни, отбасыға қатысты білмейтініміз әлі көп. Оны әрдайым жетілдіріп отыру қажет. Жаңалыққа ашық, білім алуға құштар, сусап тұратын жастарымыз көп болса деген ниеттемін.
Сұхбаттасқан Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ