Шежіре ата-тегіңді білуге ғана емес, ата-бабаңның басынан кешкен оқиғаларын тануға да қажет екен. Отырарлық шежіреші, ағайынымыз Сейділдахан Елбасыұлының «Маңғытай Сатыпалды ұрпақтары (Алтай, Дандай, Бикелді)» кітапшасын парақтай отырып, өзімді бірауық тарихи шытырмандардың қатысушысы сезініп кеттім десем, сірә да артық айтқандық емес. Қалай қатысушысы сезінбейсің, ішіндегі кейіпкерлер қаныңмен қан, жаныңмен жан өз аталарың болса…

Мен ондағы бір бөлімде аталарыммен бірге ойша бір руаралық дауға барып қайттым десем, сенесіздер ме?

Әлхисса, бәрін басынан бастайын. Бұл жерде басты рөлде – Шойынбет би.

Ол кім еді?

Иә, негізі әңгімені осыдан бастау керек еді…

Шежіредегі дерекке қарағанда, Шойынбет би 1852-1937 жылдары Қаратаудың теріскейіндегі Аққолтық ауылында ғұмыр кешкен, руы – Қоңырат. Ол кісі аса шешен, білікті кісі болыпты. Бүкіл оңтүстік жұртына танылып, Түркістан, Шымкент, Әулиеата (Жамбыл) қалаларындағы ірі жиындарға қатысып, билік айтқан дейді. Ал оның онда осыншалық көлемде көрініс беруі біздің ата тұқымына байланысты айтулы оқиғада шешуші рөл атқарғандығымен байланысты болып шықты.

Сондағы баянға сәйкес 1925-1926 жылдары шамасында қазіргі Балтакөлге (Түркістан қаласы жанында) жақын Көлқұдық төңірегінде болған бір жиында көкпар үстінде жамағайынның бірі, маңғытай Шырынбек деген шабандоз жетімдердің Бөрібай атты жігітін өлтіріп қойыпты. Мұнан кейін Жетімдер «Бөрібайды жақсы жігіт еді» десіп, оған екі ердің құнын сұраған. Ақыры екі жақ тартысып болмағасын, осы дауға арнайы шақыртумен Шойынбет би келіп, Жетімдер табына: «Бөрібайды екі жерге көмдіңдер ме? Бір жерге көмдіңдер ме? Бөрібай екі жерге көмілсе, екі кісінің құнын аласыңдар» деп, қисынға тоқтатып кеткен. Сөйтіп Бөрібай үшін бір кісінің құны төленіпті.

Шежіреші С. Елбасыұлы ол туралы «Шойынбет ойланбай сөйлемейді екен. Ол «ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» дейді екен. Шойымбет қазылық жасар алдында оңашада өз бөркін алдына қойып онымен айтысады екен. Бөрікті жеңсе ғана билік айтады екен» деп куәлік берген-дүр.

Енді мына қызықты қараңыз!

Осынау айперен кісінің тағы бір мәліметі жоғарыдағы дауда аты аталып өткен Жетімдердің Қасай тармағына қатысты «Қоңыраттан Қасайға дейін» атты шежіреден де шыға келмесі бар ма? «Ештеңе із-түссіз кетпейді» деген рас қой.

Айта кетейін, бұл да тумасы шәуілдірлік шежіреші Шериаздан Шорабекұлының қолынан шыққан еңбек-ті. Оны анамның кей жерін түртіп, ежіктеп оқып, ой түйіп отырған жерінен – жеке кітапханасынан «олжалап» алдым (Өзі де Жетімдер қызы).

Бұл жерде алдыңғы шежіреге қарағанда нақтылық аз болғанымен, екі елді жауластырған жазатайым кісі өліміне қатысты кеңінен мағлұмат берілгенін айрықша атаған жөн-ақ.

Бұған қатысты Қасай толғаушысы: «Айналайын қазағым, жанжал шығарайын десе, оны жеті қабат жер астынан, жеті қат аспаннан іздемейді ғой, аяқ астынан сыныққа сылтау табыла салады да, жанжал тұтанып жүре бермейді ме? Ілгерідегі ойламаған жерден туындаған бір даудың аяғы насырға шауып, жаза таяқтан бір жағының тәуір жігіті қаза табады. Зәбірленген жақ ашумен «қан жуды» деп бір, «барымта» деп екі, «азасы, қазасы» деп, «кегімізді қайтарамыз» деген желеулермен қарсы жаққа қайта-қайта тиісіп, мал-мүлкін талап, азаматтарын таяққа жығып, көптеген шығынға ұшыратады. Араға қалыс ағайындар түсіп, «дауды ушықтырмай басамыз» деген әрекетінен де ешнәрсе шықпайды. Өйткені зәбірленуші жақ «адамымыз, денелі, көрікті еді, ақылы мол, жұртымыздың басшысы еді» деп, екі құн талап етеді. Айыпкер жағы «Бір басқа екі құн төлеу деген бұрын-соңды елдің өмірінде болмаған, бір адамның құнын мойындаймыз» дескен» деп тарқатқан.

Содан оның әңгімелеуінше, қанша қалыс жандар, не қиын істің түйінін шешкен билер араласса да екі жақты бітістіре алмаған. Сонымен Қаратаудың күнгейіндегі дау теріскейде жатқан Шойынбет биге жетеді. Би екі елдің игі жақсыларын, ақы иелерін, айыпкерлерін жинап алып, істің мән-жайына қанған соң, «билікті сол қазаланған азаматтың мазарының басында айтамын» деп, бәрін тобымен мазаратқа ертіп әкеледі.

Жиналып аят оқып, марқұмға құран бағыштаған соң, Шойынбет би зәбірленген ақы иелеріне қарап: «Мына мазарды ашып, азаматыңды екі жерге бөліп жерлеңдер, сонда екі кісінің құнын әперемін» депті. Осы билікке дауласушы жақ қарсы уәж де, әрекет те таба алмай, ләм-мим деместен бітімге келіп, биліктің ақырғы нүктесі қойылыпты.

Бұдан не түюге болады?

Екі шежіренің ақпарат-хабарын біріктірер болсақ, біріншіден, Шойынбеттің төрелік инстанциясы болатындай сенімге ие және абыройлы екені, екіншіден, ол күрмеуін шешкен даудағы қазаланған жігіттің есімі Бөрібай, абайсызда өлтіріп алған жігіттің Шырынбек екендігі айқындалып тұр. Үшіншіден, ақырғы шешімнің марқұмның моласы басында кесіп пішілгені де мәлімденген. Бәрінен бұрын бұл мәселе саябыр тапқанға дейін екі рулы елдің араздасып, біраз бүлінісіп, шабысқанының да дерегін көреміз.

Бұл орайда Ш. Шорабекұлының «Мұндай әділетті шешім тек уәжшіл, сөз тапқыш шешендіктің белгісі ғана емес, бұл терең ойдың, парасатты ақылдың жемісі болса керек» деуі тегіннен тегін бе?

Нағыз өз заманының сұңғыласы!

Осыларға қарап, бұрын қандай өткір азаматтар өткен деп таңданасың?! Айналып келгенде, бүгінгі «кризис менеджер, медиатор, сот-прокурор» деп жалаулатып жүргендеріміз баяғының бір ғана «би» деген дәреженің аясына сыйып кеткеніне бұл да бір дәлел! Болмаса анандай шиеленген түйінді тараптар мойындайтындай қылып, кейіннен шежірелерге ризалықпен түсетіндей, сол замандағы әдеп пен таным аясында басқаша қалай тарқатуға болар еді?

Әрине, бұл би есіміне қатысты бірінші жарияланым емес. Керек десеңіз әлемжелі оны жіті таниды да. «Гугл» көкеме атын терсеңіз, тұлғасы ескерілген біраз зерттеулер мен кітап аттарын, біршоғыр БАҚ-қа қатысты сілтемелерді шығарып беріп тұр. Бұл даусыз. Мұндағы басты жаңалық сол, қос шежіренің бірін-бірі қайталап тұрғаны және ол қайталауларда Шойымбеттей абзал жанның елге шапағаты тиген игі қызметін қозғап өткені.

Не десе де, төрелігі төрелік-ақ болған ғой. Ескіше креатив! Құралайды көзге атқандай, дәл нысанаға әрі қапысыз түсірген!

Міне, қалайша бір сәтте ой-қиялға салып, ата-бабаларыңның өмір ортасына барып һәм тарихи тұлғаларды танып қайтуға болады. Мен көрдім! Алған әсерім керемет. Мүмкіндік болып жатса, сіз де көріңіз!

Ай, асыл бабаларым-ай! Осының бәрі ұрпақтан ұрпаққа рух пен сана сабақтастығын қамтамасыз ету үшін көне заманалардан шынжыры бір үзілмеген шежіре институтының арқасы! Бұрынғы дәуірлерді теледидар қарағандай көріп отырасың ше? Мақтаулы қайсы неміс-ағылшынның, орыс, қытай, жапонның тап осындай «уақыт машинасы» бар?!

Ғажап!

Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ,

Мәдениеттанушы-лингвист,

Түркістан облысы,

Отырар ауданы

Пікір жазу