Өткен аптада ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Батыржан Мансұров Маңғыстау облысына арнайы жұмыс сапарымен барды.
Қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келген іссапар барысында РАНТ мүшесі Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінде «Талақ – Алла сүймейтін іс» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Талақтың қоғамға тигізер зияны туралы айтып, жұбайлардың жақсы қарым-қатынаста болып, бір-біріне жанашыр болу керектігін насихаттады. Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде Алла Тағалаға сүйікті деп танылған ізгі амалдың түрлеріне кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ Маңғыстау имамдарының қатысуымен «Ихсан тілде емес – ділде, Сөзде емес – іс-әрекетте» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Танымдық шара аясында РАНТ мүшесі Батыржан Берденұлы, ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Мамытханұлы мен Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы Ақтау, Жаңаөзен қалалары, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы және Түпқараған аудандарына қарасты мешіттердің имамдары мен ұстаздарына дәріс оқыды. Семинар барысында Батыржан Берденұлы Ихсан ілімінің мәні мен мазмұнын түсіндіріп,мұсылман адамның жеке өмірі мен жалпы қоғамдағы маңыздылығы туралы уағыз-насихат айтты.