Сұрақ: Неге Рамазан айын «Құран айы» деп атайды?
Жауап: «Рамазан – Құран айы» деген уақытта екі жағдайды ескеру қажет. Біріншісі, Рамазан айында қасиетті Құран түсті. Сондықтан, Рамазан айы – Құран айы деп айтылады. Алла Тағала рамазан айында адам баласына Құран кәрімді түсірді.
«Рамазан айы – адамдар үшін тура жол көрсететін, дұрыс пен бұрысты айыратын дәлел түрінде Құран түсірілген ай» (Бақара: 185).
Ал енді екінші жағдай, бұл айда Құранды көп оқып, Аллаға арнап жасалатын тағат-ғибадатты көбейту қажет. Әрине, біздің барлығымыз Құранды араб тілінде оқи алмаймыз. Әйтседе, ең болмаса Құранның қазақша аударма-мағынасын оқып, айтылған аят мазмұндарына ой жүгіртер болса, бұл да Алланың алдында құлшылық саналмақ.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге Құранды үздіксіз үйренуге және үйретуге шақырды. Ондағы әрбір әріпке сауап жазылмақ:
«Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп және басқаға үйреткендерің».
«Балаларыңды үш түрлі қасиетке баулыңдар: Пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін құрмет тұтуға және Құран оқуға. Шын мәнінде, Құранды жаттағандар ешқандай көлеңке болмайтын Қиямет күнінде Алланың Аршысының көлеңкесінде тұрады». (Имам Табарани).
Мұсылманның бұл өмірде жасаған құлшылығы, тұтқан оразасы мен намазы, берген садақасы мен жасаған қажылығы – ақырет үшін. Расында да Қиямет күнінде мұсылманның тұтқан оразасы мен оқыған Құраны шапағатшы болып келеді екен. Бұл туралы Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан: «Қиямет күні Раббының алдында ораза мен Құран пенде үшін шапағатшы болады. Ораза келіп:
– Раббым! Мен оны күндіз ішуден және жеуден тыйған едім. Енді мен оған шапағатшы болайын – дейді. Құран келіп:
– Раббым! Мен оны түндерде ұйқысынан айырдым. Сол үшін оған шапағат етейін – дейді. Алла ол екеуіне шапағат етулеріне рұқсат береді. Олар шапағат қылады» (Имам Ахмед).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ