Елімізде қасиетті Рамазан айында жұмыс уақытын қысқарту туралы бастамалар жыл сайын көтеріліп келе жатыр. Бірақ бұл мәселенің нақты шешімі осы уақытқа дейін қабылданбады. Дегенмен, мамандар еңбек заңнамасына мұндай өзгерістердің кері әсер етуі мүмкін екендігін айтады.
Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы араб елдерінің басым көпшілігі экватор сызығына жақын орналасқаннан кейін, оларда күн кеш шығып, ерте бататынын алға тартады. Біздің елмен салыстырғанда, күннің ұзақтығы анағұрлым қысқа болып келетіндіктен, мұсылмандарға ораза ұстау парыздарын орындау қолайлы.
– Әрине, бір ай жұмыс уақытын ауызашарға ыңғайлауды қолдаймын. Себебі жыл өткен сайын ауыз ашатын уақыт күннің ұзақтығына байланысты созылып барады. Араб елдерінде болып, көзбен көрген адам ретінде айтатын болсам, көптеген Араб мемлекеттерінде Рамазан айынан тыс уақытта да жұмыс уақыты таңғы 8:30-дан түскі 14:30, 15:00-ке дейін ғана болады. Бұл енді күннің ыстықтығына байланысты ма, әлде өздерінің менталитеттері ме – оны анық білмедім.
Олардың көшеде серуендеуіне де жағдай жасалған. Кәдімгі мереке екені сезіледі. Қанша ислам мемлекеті болса да, денсаулығына байланысты ауыз бекіте алмайтындар болады ғой. Ораза ұстамағандар Рамазан айында көшеде тамақ ішіп, шылым шегіп жүре алмайды. Мұндай әдетке барғандар мұсылманның парызын өтеушілерге құрмет көрсетпегені үшін тіпті әкімшілік жазаға да тартылуы мүмкін.
Бізде ораза ұстап жүргендерге құрмет ретінде жұмыс уақыты ыңғайлап берілсе, игі іс болар еді. Тіпті еліміздегі мұсылмандар алдағы уақытта шіліңгір жаз айларында ораза ұстайды. Әрине, Алланың ризашылығы үшін мұсылмандар шыдайды ғой. Бірақ адамның ағзасы өте нәзік екенін де естен шығармауымыз қажет, – дейді саясаттанушы.
Расул Жұмалының айтуынша, зайырлы мемлекетіміздің негізгі заңында демократиялық, адам құқығын бәрінен де жоғары қоятын ел екенімізді көрсеткенімізді де ұмытпауымыз керек.
– Барлық мекемелердің жұмыс сағаттарын жаппай қысқартуды жүзеге асыру – қиын шаруа. Дегенмен жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы жекелеген келісімшарттарда еңбек уақытын ауызашарға ыңғайлай алатын баптарды қарастыру керек шығар. Азаматтардың талап-тілектері бір жерден шығып жатса, бұл мәселені де реттеуге болады деп ойлаймын. Сондықтан ораза айында жұмыс уақытын ауызашарға ыңғайлау қажет дейтіндердің қатарындамын, – деп қолдайтынын білдірді.
Бұған байланысты саясаттанушы Сайын Борбасовтың айтуынша, Қазақстан ислам мемлекеті болмағаннан кейін, оның саяси жүйесі дінмен байланыспай жұмыс істегені дұрыс. Яғни елдің экономикалық-өндірістік, саяси мүдделері бірінші кезекте тұруы тиіс. Жалпы экономикада, өндіріс ошақтарында бір айдың өзі үлкен рөл ойнайды. Өндіріс ошақтары, жекелеген компаниялар болсын – барлығы да жылдық жоспармен жұмыс істейді. Өздері алдарына қойған межелеріне жетуді мақсат етіп қояды. Осындай кезеңдерде жұмыс күші ауадай қажет.
– Жалпы, Рамазан айында ауыз бекіту – әркімнің жеке міндеті. Сондықтан жекелеген азаматтарға бола тұтас бір ел халқы ораза ұстайтын ислами мемлекеттердің тәсілін тықпалау керек емес. Арақ-шарап өндіретін зауыттарда істейтін азаматтардың арасында да ауыз бекітіп, мұсылмандық парызын орындайтындар баршылық. Бірақ олардың барлығы ораза кезінде жұмыстарынан шығып кетіп жатқан жоқ қой. Біздің мемлекетте онсыз да ауыз бекіту қолайлы деп ойлаймын. Мысалы, қыс айларында ауыз бекіту уақыты өте ұзақ емес. Адамдар жұмыс кезінде шаршап-шалдықпайды. Ө кезегінде ораза уақыты жыл сайын өзгеріп тұрады.
Ал жаз айларында күн кешкі 9-сыз батпайды. Қазір дәл сондай кезең. Сағат 18:00-де жұмыс уақыты аяқталады. Көшедегі көлік кептелісімен үйіне барғанның өзінде азаматтар ауыздарын ашып үлгереді.
Яғни біздің елде оразаның жұмыс кестесіне тигізетін зияны жоқ. Бұл жерде ауызашар уақыты мен жұмыс кестесінің арасынан ешқандай да қарама-қайшылық көріп отырған жоқпын. Сондықтан жекелеген азаматтардың ораза ұстауына бола бүкіл мемлекеттік механизмдердің іске асу тетіктерін өзгертудің қажеті шамалы. Бұл идеяның қоғам арасында айтылып келе жатқанына да біраз болды. Бірақ біз шариғат негізінде жүретін ислам мемлекеті емес екенімізді тағы бір мәрте айтқым келеді. Біздің мемлекетте тұрғаннан кейін, әрбір азаматтың ел заңдарын мүлтіксіз орындауы басты шарт болып бекуі керек. Сондықтан бір ай ораза кезінде жұмыс уақытын ауызашарға ыңғайлауды қолдамаймын, – дейді Сайын мырза.
Ал басқа мұсылман мемлекеттерінде Рамазан айына орай қандай жеңілдіктер мен игі істер жасалынып жатыр? Бірнеше мысалға тоқталып өтсек.
Мәселен, Ингушетия басшысы Махмуд-Әли Калиматов мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айында жұмыс күнін 1 сағатқа қысқарту туралы жарлыққа қол қойған.
Аймақтың баспасөз қызметінің хабарламасы бойынша, аталған жарлық мемлекеттік билік органдарына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, кәсіпорындар мен ұйымдарға дейін таратылған.
Бұдан бөлек, республика басшысы елдің Ауыл шаруашылығы министрлігіне транзиттік көлік жүргізушілері мен жолаушылар үшін «Кавказ» федералды күре жолы бойындағы мешіттерде ауыз ашуға жағдай жасау туралы тапсырма берген. Сондай-ақ кәсіпорындардың, ұйымдардың және қызметтердің басшыларына электр энергиясын, су, газ және байланыс қызметін ораза кезінде үздіксіз беру, ал азық-түлік сататын дүкендерге сағат 23:00-ге дейін жабылмау және өнімдердің бағасын көтермеу туралы ұсыныс жасалды.
Ал Біріккен Араб Әмірліктерінде мейрамханалардың жұмыс уақыты өзгеріп, ішімдік сататын кейбір жерлер мүлдем жұмыс істемейді. Бір ай бойы көңіл көтеретін бағдарламалар да шектеліп, дүкен, банк не басқа да қоғамдық орындар мен мемлекеттік мекемелердің жұмыс тәртібі өзгертілген.
Қасиетті бұл ай бауырлас түрік халқы үшін де өте ерекше мереке. 98 пайыз мұсылман тұратын Түркия мемлекетінде күн әр қалада әртүрлі уақытта батады. Рамазан айы Түркияда үш күнге созылатын Шекер-Байрам мейрамымен аяқталады. Бұл күндері халыққа жаппай демалыс жарияланады. Түркиядағы ең басты ерекшелік – кейбір мейрамханалар уақытша жабылып, барлық дүкендерде ішімдік сату отыз күн бойы тоқтатылатыны.
Бұдан бөлек 3 жарым миллион мұсылман халқы бар Лондон қаласында да Рамазан айы ерекше өтеді. Мешіттерде ауызашар тегін беріліп, адамдар бір-біріне ерекше ілтипаттарын білдіріп жатады. Бұл қалада да Рамазан айының соңы Ид аль-Фитр, яғни ораза айт мерекесімен аяқталады. Мереке қарсаңында Лондон адам танымастай өзгеріп, безендіріліп, Рамазан айының қасиеті мен құрметіне лайық түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып, мерекелік дастарқан жайылады.
Ал 29 миллион халқы бар Марокко мемлекетінің тұрғындары жыл сайын келетін Рамазан айында ауыз бекітеді. Мұнда Аллаға құлшылық ететін жерді қаланың кез келген орнынан табуға болады. Қасиетті айға бірнеше күн қалғаннан бастап әйелдер қауымы ерекше дайындықты бастап кетеді. Әрбір әйел үйін тазалап, безендіруге кіріседі. Көшелер түрлі шамдармен, дүкендер түрлі-түсті қағаздармен әсемделіп, Рамазан айы туралы құттықтаулар ілінеді.
Сондай-ақ, отыз күн бойы жұмыс кестесіне өзгертулер енгізіліп, жұмыс уақыты қысқартылады. Барлық марокколық тұрғындар Рамазанға бір күн қалғанда жаппай ғұсыл алу үшін қоғамдық моншаларға барады. Әйелдер қауымы Рамазан айына арнап арнайы «хакира» сорпасын әзірлеуді әдетке айналдырған. Және бір ай бойы көбіне барлық отбасында осы ас әзірленеді.
Мароккода бұл айда базарға бару қызметі әйелдерге қарағанда ерлердің міндеті болып саналады екен. Ауызашар мен сәресі уақытында көбіне әр адам өз отбасында ғана тамақтануы мұнда дәстүр саналады. Оған қоса отыз күн бойы бейіттердің ауласы тазаланады және түрлі ағаштар отырғызылады.
Мұнда да ораза айт мерекесі ерекше аталып өтіледі. Бұл мерекені де әрбір мұсылман өз отбасында қарсы алып, туыстары мен жақындарына қонақжайлық танытады. Балаларға базарлық ретінде түрлі тәттілер дайындалып, тегін таратылады.
Пәкістан мемлекетінде жыл сайын Рамазан айы аптап ыстықпен тұспа-тұс келеді. Ауа температурасы 50 градусқа дейін көтеріледі. Бірақ, сонда да адамдар Аллаға құлшылық жасауын тоқтатпай, отыз күнді сабырмен өткізіп шығады.
Мұнда барлық дүкендерде бір ай бойы «әділ баға» жүреді. Тұрғындар барлық азық-түлікті ең төменгі бағамен сатып ала алады. Ауызашар уақытында ауруханаларға, темір жол қызметкерлеріне, дүкендегі қызметкерлерге тегін тағамдар жеткізіледі.
Рамазан айында Пәкістан халқының басым көпшілігі умра қажылығына қарай бет алады. Мұсылманның көпшілігі қасиетті айды қасиетті орында қарсы алу үшін бір ай бұрын дайындалады. Түнгі Рамазан бұл мемлекетте ерекше әдемілігімен есте қалады. Барлық сауда орындары, мейрамханалар мен дүкендер таңға дейін ашық тұрады.
Египет – ең ірі мұсылман мемелекеттерінің бірі. 106 миллион халқы бар мемлекеттің 90 пайызын мұсылмандар құрайды. Бұл мемлекетте қонақжайлық пен қайырымдылық ерекше ықыласпен көрсетіледі. Сәресі мен ауызашар уақыттарында адамдарға көше бойындағы мейрамханалардан тегін тамақтану бақыты бұйырады.
Балжан ӘБДІРАШ