Вағаби атты ғұламаның жеткізуіне қарағанда, жаһилия дəуірінде адамдар аптап ыстық пен қақаған суықта ауыз бекітетіндіктен, осы атауды көбірек қолданған. Басқа дереккөздерге қарағанда «аррамдае» — бір нəрсені өртеу деген сөз. Яғни, ауыз бекітумен күнəлар өртеледі деген мағынаны білдіреді.
Бірде Хақ Елшісі (с.а.у.) үзеңгілес серіктерімен әңгіме-дүкен құрып отырғанында бір бәдауи араб пен иуда дінін ұстанатын яһуди келіп, сәлем береді. Амандық-саулықтан соң әлгі яһуди: «Ұлы Жаратушы Рамазан айында ауыз бекітіп, ашқұрсақ жүруді не үшін парыз қылды?» – деп сұрайды.
Адамзаттың ардақтысы (с.а.у.): «Біздің әуелгі атамыз Адам (с.а.у.) ұжмақта жүргенінде Алла-Тағала тыйым салған ағаштың жемісін Ібілістің азғыруына еріп жеп қойған. Осы күнәсі үшін Ұлы Жаратушы оны қатаң жазалап, ұжмақтан сынақ әлемі саналатын жер бетіне түсірген. Адам (с.а.у.) және оның ұрпақтарына да тиесілі боп бекіген сынақ бойынша біз бұл дүниеде келгеннен кейін күнәларымыздан арылуымыз қажет-тін. Адам (с.а.у.)-ның ұжмақта жеп қойған жемістің қалдығы оның асқазанында бір ай жатады. Адам атамыз Алла-Тағалаға бір ай бойы үздіксіз құлшылық жасап, кешірім сұрағанда ғана бойындағы арам жемістің уыты кетіп, толыққанды рухани тазарады. Бұл сынақ Адам атаның ұрпақтарына да тән болып, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Осы үрдістің негізінде менің үмбетім Рамазан айында отыз күн ауыз бекітеді»деп асқан даналықпен жауап береді.