Алайда, Шафия мазхабы ғұламалары Рамазан айының басталуы хақында «Жиырма төрт фарсахтан (140 шақырым) тысқары тұрған мемлекетте айдың туылғаны басқа уақытта көрінсе, ол мемлекеттің мұсылмандары айды көргеннен кейін барып ораза ұстайды» (Мазаһибул-Ербаа, 2: 550) деп пәтуа бекіткен. Олар бұл шешімге Курайбтен (р.а) жеткен мына руаятты негізге алады: «Курайб (р.а) Шам қаласында жаңа туған айды көреді. Іле-шала бір шаруамен Мәдинаға сапар шегеді. Мәдинада жолыққан Ибн Аббас (р.а): «Айдың туғанын қай уақытта көрдің?» деп сұрайды. Курайб (р.а): «Жұма күні кеште көрдім» деп жауап береді. Ибн Аббас (р.а): «Оны сен де көрдің бе?» деп қайталап сұрайды. Курайб (р.а): «Иә, оны мен де көрдім, барлық адам көріп, ораза тұтуды бастады» дейді. Ибн Аббас (р.а): «Біз айдың туғанын сенбі күні көрдік. Отыз күн толғанша немесе Шәууал айы туғанға дейін ораза тұтамыз» дейді. Курайб (р.а): «Муавиенің айды көруі ораза тұтуды бастауға жеткілікті емес пе?» деп сұрағанда, Ибн Аббас (р.а): «Жоқ, Алла Елшісі (с.а.у) бізге осылайша әмір етті» деп жауап береді (Мүслим, Сиям: 28, Тирмизи, Савм: 9, Әбу Дәут, Сиям: 9).
Рамазан айының кейбір мемлекеттерде ерте, кейбір мемлекеттерде кеш басталуының тағы бір себебі, Батыс елдерінде қоғамдық жұмыс мезгілін біріңғайлау мақсатында «әлеуметтік сағат» түсінігі қалыптасқан. Осы «әлеуметтік сағат» режиміне байланысты, бұл мемлекеттердегі уақыт өлшемінің тілі ай есебін ұстанатын елдерден бөлек болып келеді. Осы қайшылықты реттеу үшін мұсылман мемлекеттері 1978 жылы «Ай Конфенциясын» (Түркия) өткізіп: «Жер жүзінің қай жерінде алғаш рет ай көрінген болса, Ислам елдері ораза ұстауды бір мезгілде бастауы қажет» деп қарар қабылдаған болатын. Өкінішке қарай, бірауыздан қабылданған бұл байлам әлі күнге дейін сөз күйінде қалып отыр.
Задында, қасиетті айда Рамазан рухын бойымызға сіңіріп, кеудеміздің хикметке толы болуы оразаның жиырма тоғыз күн немесе отыз күн болуынан да маңызды. Осы тұрғыда, сырғып өтіп жатқан уақыт, байыбына бара білгенге қайтып айналып соқпайтын илаһи қазына саналады. Қиямет-қайым күні амал дәптеріміз толған айдай нұрланып тұруы үшін біздің сынақ әлеміндегі әрбір тынысымыз сауапқа толы болуы қажет. Яғни, уақыттың құнын дер кезінде ұғына алсақ ұшпаққа шығамыз, ал, ұғына алмасақ, мешеулікке ұрынарымыз хақ. Олай болса, лайым алаш жұртына бес күндік сынақты мағыналы өткізіп, сауапқа толы ғұмыр кешуді жазсын!