Сұрақ: Рамазан оразасының ерекшелігі қандай?
Жауап: Әуелі ораза дегеніміз – арнайы ниет етіп, таңның атысынан күннің батысына дейін ішіп-жеуден тыйылу және ер мен әйелдің төсек қатынасына түсуінен сақтану дегенді білдіреді.
Ал енді рамазан айында ораза ұстау, Ислам рүкіндерінің төртінші парызы. Бұл Алла елшісінің (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанының екінші жылында парыз болды.
Ораза екі түрлі: парыз ораза (рамазан айындағы ораза) және нәпіл ораза. Алла Тағала Рамазан айында ораза ұстауды бұйырған. Сондықтан бұл айдағы ораза – парыз.
«Ей, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді. Әрине сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде… Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы» (Бақара: 183-185).
Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі десе болады. Бұл айда мұсылман баласы жүрек түкпіріне түрлі арам ойлардың уақытша ұялауына да жол бермей, нәпсімен тынымсыз айқасады.
Ораза – тек ішім-жемге ауыз бекіту емес, Алла разы болмайтын барша істерден, сөздер мен қылықтардан тыйылып, күллі ізгілікке бет бұру.
Ораза – Құран түскен ай:
«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын… әрі Алланы ұлықтаңдар» (Бақара: 184-185). Сондықтан бұл айда бастан-аяқ қайта-қайта Құран оқылып, күллі жерде оның қасиетті үні естіліп, көкке шалықтап жатады.
Оразаның нақты уақытын Алла Тағала Құранда көрсеткен:
«…таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) айырылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де сосын оразаны кешке дейін толық орындаңдар…» (Бақара: 186).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ