Аллаһ-Тағала Құран-Кәрімде: «Ей иман еткендер! Ораза тұту сіздерден бұрынғыларға парыз болғаны секілді, сіздерге де парыз етілді» (Бақара/183) деп бұйырады. Жамлпы, ораза тұту Исламнан бұрын Яһуди және Христиан діндерінде парыз құлшылықтардың бірі болатын. Бірақ, Ислам дініндегі ораза тұтуда біршама өзгешеліктер болды. Яһуди және Христиан діндері бойынша таң сәресінде ауыз бекітілмейтін. Сонымен бірге, бұл діндерде жылдың қақаған қысы мен шіліңгір ыстығында ораза ұсталатын және ораза ұстаудың мерзімі мен шарттарында біршама ерекшеліктер бар-тын (Имам Ғазали, Мукашафатул Кулуб. 597 б). Ал, мұсылмандарға Рамазан айында ораза тұту көш реформасының екінші жылы жоғарыдағы аяттың нәзіл болуымен парыз болып бекіді. Әсілі, мұсылмандар Мекке дәуірінде де әрбір айдың белгілі-бір күндері ораза ұстайтын. Имам Ахмад ибн Ханбалдың айтуына қарағанда; көш реформасынан кейін мұсылмандарға намаз оқу мен ораза тұтуда үш өзгеріс болды. Намаздағы бірінші өзгеріс Мекке дәуірінде мұсылмандар намазды Құдысқа қарап оқитын. Ал, Мәдинаға көшіп келгеннен кейінгі алғашқы жылы құбыла Меккедегі қасиетті Қағба болып өзгертілді. Намаздағы екінші өзгеріс; Мекке дәуірінде мұсылмандар намаз қылар шақта бір-бірін дауыстап шақырып жататын. Мәдина дәуірінде Абдуллаһ ибн Зейд деген сахаба Пайғамбарымызға (с.а.у) келіп; «намаздан бұрын азан шақыру мен қамад келтіруді түсінде жасыл киімді адамның келіп үйреткенін» баяндайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл түсті қош көріп, әрбір намаздың алдында дауыстап азан шақыру мен қамад келтіруді қабыл алды. Намаздағы үшінші өзгеріс; Мекке дәуірінде мұсылмандар намаздың тек парызын орындайтын. Ал, Мәдина дәуірінде мұсылмандар Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның артық намаз оқитынын аңғарып, Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның сүннет намазын да оқи бастады. Ораза тұтудағы үш өзгеріске келетін болсақ, біріншіден, мұсылмандар ораза тұту туралы жоғарыдағы аят түскенге дейін де әрбір айдың үш күнінде және ашура күндері ораза ұстайтын. Ал, Мәдина дәуірінде тұтас Рамазан айында ауыз бекіту парыз болып бекіді. Екіншіден, науқас және сапарда жүргендер мен қарттар, сондай-ақ, омырауында сәбиі бар аналар, өзге ауыз бекіткен мұсылманның ас-ауқатын берген болса, ораза тұтудың орнын толтырған болып есептелді. Үшіншіден, мұсылмандарға ауыз ашып болғаннан кейін жұбайларына жақындауға рұқсат берілді (Ибн Кәсир, Тәфсир. І т. 142-143 б). Осылайша көш реформасының екінші жылынан (624 ж) бастап әрбір жылы Аллаһ ризашылығы үшін Рамазан айында ауыз бекіту мұсылман қауымға үрдіс болып бекіді.