Сұрақ: Рамазан айында қандай жеңілдіктер бар?
Жауап: Исламдағы бес парыздың бірі – Рамазан оразасын толығымен ұстау. Ораза айының уақыты әр жылы он күннен ауысып тұратындықтан, кейде жаз айларында келеді. Бұл кезең тіршіліктің қызған, күннің ұзарған және қатты ысыған сәті болып табылады. Осы уақытта жасы егде тартқан, ауру және жұмыстағы адамдарға таңнан кешке дейін ораза ұстап жүрудің өзіндік қиындықтар тудыратыны сөзсіз. Ораза ұстауға да қатысты Ислам дінінде көптеген жеңілдіктері бары анық.
Қасиетті Құранда: «Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек. Ал енді кімде-кім қайырымдылық жасап (аталмыш мөлшерден) асырып берсе, онысы өзі үшін қайырлы әрі жақсы болмақ…» («Бақара» сүресі, 184-аят) делінген. Бұл Алла Тағаланың кеңшілігі. Әмірі емес.
– Құранда айтылғандай, ауру жандар егер ораза ұстаса сырқаты асқынып немесе жазылуы ұзаққа созылып кететінін білікті дәрігерлер айса, ораза ұстамауына болады. Әрі бастаған оразасын бұзуына да болады.
Мысалы: жүректің қатты ауруы, туберкулез, өкпе қабынуы, қатерлі ісік, бүйректің асқынған қабынуы, қуықта тастың болуы және оны түсіру қажеттілігі, жара, қант диабеті және т.б. Алайда, ешқандай негізге сүйенбестен жәй қорқуы оразаны бұзу себебіне жатпайды. Оразасын бұзу үшін Ең кемінде жеке тәжірибесіне негізделуі қажет.
– Жолаушы болудың өзіндік қиындықтары бар. Тіпті, адам қарны ашып, шөлдемесе де діттеген жеріме қашан жетер екенмін, жол сапары қалай болар екен деген көңілінде бір сұраулы ойдың болары анық. Яғни, қазіргі дамыған ғылым-техника шариғаттағы жеңілдікке кері әсерін тигізбейді. Сапардағы адам ораза ұстаса да, ұстамаса да болады. Алайда, жолаушы адам жол сапарынан қиналса, ауызын ашып жібергені абзал.
– Жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер өз тәжірибесіне немесе сенімді дәрігердің кеңесіне құлақ аса отырып, өз денсаулығы яки баласының денсаулығына зиян жетуден қорықса, ораза ұстамауына болады. Кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтейді. Фидия берудің қажеті жоқ.
– Қартайып ораза ұстауды денсаулығы көтермейтін кісілер ораза ұстамайды, орнына фидия береді. Фидияны рамазан айында немесе одан кейін де беруге болады.
– Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Ибн Абидин өзіне және отбасына жетерлік нәфақасы (ішіп-жейтіні) болмаған сау денелі, тұрғылықты адам рамазан айында ауыр жұмыс істеп жүріп, ораза ұстауы өміріне яки бір ағзасына қатерлі екендігіне өз тәжірибесі немесе сенімді мұсылман дәрігердің кеңесі арқылы көз жекізсе, өзін және отбасын асырау мақсатында оразасын ашуына болатынын айтқан. Аталмыш зәрулік себепті оразасын ұстай алмаған бұл жұмысшылар мүмкіндігі болған уақытта қазасын өтейді. Қазасын өтеуге мүмкіндігі болмаса, фидия (әр күні үшін бір мискінді ертелі-кеш тамақтандырады) береді.
Кәффарат міндет емес. Рамазан оразасын ұстау да, отбасын асырау да құлшылық. Бір-біріне қарама-қайшы емес. Екеуінің бірін ғана орындауға шамасы келетін үзірлі адамның тіршілігін сақтап қалу үшін жұмыс істеуі маңызды делінеді[1].
Ескерту: Рамазан оразасы – Исламдағы бес парыздың бірі. Сондықтан, ауыр жұмыстағы адам рамазан айында жеңілірек жұмыс істеуге немесе жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндігі болып, отбасылық өміріне тікелей қиындық келмесе оразасын ұстамай қоюы дұрыс емес. Бұл рұқсат ораза ұстаумен қатар жұмысты істеуге шамасы келмеген, зәрулігі бар адамға ғана тән екенін білу керек. Жұмыста қиналамын деп әркімнің бір аузын ашып жіберуіне болмайды.
– Етеккір қаны келген және босанған әйел қаннан тазарғанға дейін ораза ұстамайды. Ал, әйелдің етеккірі мен нифасының тұрақты мерзімі болса, тұрақты мерзімнің ертесі күні оразаға бастайды. Бұл ораза күндерінің қазасын өтейді. Фидия берудің қажеті жоқ.
Сапар немесе сырқатына байланысты рамазан оразасын ұстай алмаған адам, осы күндерінің қазасын өтемей тұрып дүниеден өтсе, артында қалған мұрагерлері оның дүниесінен фидия берулері қажет емес. Бірақ көз жұмбастан бұрын фидия беруді қайтыс болған кісі өсиет етіп кетсе, онда өсиетті орындаулары керек.
Рамазан оразасын ұстауға қатысты жолаушы, сырқаты бар кісі және т.б. жеңілдік жасалған. Ал, рамазан айының оразасын ұстауға шамасы келе тұрып, себепсіз тамақты ішіп-жеу, әйелімен жыныстық қатынас жасаған кәффарат өтеуі міндет болдаы. Кәффарат – құл азат ету, оны таба алмаса, әйеліне қосылудан бұрын тұтас екі ай ораза ұстау. Оған да шамасы келмесе, алпыс міскінді тамақтандыру.