Сұрақ: Рамазан айында ең бірінші болып қай сүре түскен?
Жауап: Рамазан айында Құранның түскені мәлім. Бірақ, Құран бір сәтте толық түскен жоқ. Ол жиырма үш жыл бойына аят-аят болып түсті. Ал енді Рамазан айында түсе бастаған Құранның алғашқы аяттарына келсек, онда бұл «Алақ» сүресінің алғашқы аяттары еді. Ол Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) Мекке шаһарының маңындағы Хира үңгіріне уахи болды. Ислам тарихы кітаптарында бұл жағдай былай баяндалады:
Жәбірейіл періште келіп:
– Оқы! – деп бұйырды. Мұхамед (с.ғ.с.):
– Мен оқи алмаймын – деді. Сонда періште оны қатты қысып, сосын босатып жіберіп тағы да:
– Оқы! – деп әмір етті. Мұхаммед (с.ғ.с):
– Мен оқи алмаймын – деді. Жәбірейіл (ғ.с) оны тағы да қысып:
– Оқы! – деп бұйырады. Пайғамбар (с.ғ.с):
– Мен оқи алмаймын – деп айтады. Сол кезде Жәбірейіл:
«Оқы, жаратқан Раббыңның атымен. Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Сенің Раббың – Жомарт. Ол қалам арқылы үйретті. Адамға ол білмеген нәрселерін үйретті», – деген Алақ сүресінің алғашқы аяттарын оқыды.
Алла тағала Құранды тура жол көрсетуші етіп түсірді. Ислам ғалымдары Құранға қатысты: «Міне, адам баласы үшін құтқару келіп жетті», – деп те айтады. Өйткені, исламнан бұрыңғы дәуірде адамдар көпқұдайға табынушылық жолында еді. Ал Ислам монотеизм діні, яғни жалғыз құдайға табынуға шақырады. Сондықтан, Құран мұсылмандар үшін көшбасшы әрі тура жол. Бұл жөнінде: «Уа, адамдар! Ақиқатында сендерге Раббыларнан бір насихат, жүректерге шипа және мүминдер үшін жолбасшы әрі мейірім түсті», – деп Жүніс сүресінің 57-аятында баяндалған.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ