Бүгін дүниежүзінде дін бетпердесімен бүркенген радикализм мен экстремизм қаупі төнбеген ел жоқ шығар, сірә. Дінді заңсыз әрі бүлдіргі мақсаттарға пайдалану, соның ішінде, заң талаптарын бұзып, азаматтардың денсаулығына зиян келтіру, отбасын бұзу, сенушілердің мүлкін иелену, алдау-арбау әдістерімен түрлі ұйымдарға тарту орын алуда.
Мұндай мәселелер тек Қазақстанға ғана тән емес, әлемнің барлық елдерінде дерлік кездесіп отыр.
Экстремистік және террористік белсенділіктің артуын қоғамда әлеуметтік, саяси, экономикалық жағдайдың төмендеуімен байланыстырады. Бірақ террорлық әрекетпен әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында тура байланыс қоймау керек. Терроризмнің ошақтары экономикалық жағдайы жоғары мемлекеттерде де көрінеді. Экстремизм және терроризм элеуметтік-экономикалық, идеологиялық және саяси сипаттағы себеп салдарға ие. Сонымен қатар, маңызды орынды белгілі державалардағы геосаяси мүдделері және іргелес мемлекеттердің шиеленістер, яғни,сыртқы фактор алады.
Ал радикализмге қарсы төтеп беруге, алдымен адамның рухани мәдениеті, оның білімі көмектеседі.
Қазақстан қазіргі күнде халықаралық қауымдастықта толеранттылыққа, конфессияаралық келісімге және Қазақстан халқының біртұтастығына негізделген бірізді және жүйелі ішкі саясатты іске асырып отырған ел ретінде танылып отыр.
Қазақстан өзінің аумағында өмір сүріп жатқан дін мен діни ұйымдарды бейбітшілік пен достықтың тиімді моделіне айналдыру жолында ауқымды қадамдар жасауда.
Алайда біріктіруші сипатта болуы тиіс дін кейде бөтен көзқарастардың құндылықтарын тасымалдаушы құрал ретінде пайдаланылып жатады.
Бұлардың барлығы өзара түсіністіктің жетіспеушілігінен, өзгенің құқығын таптаудан, оның ішінде басқа дін, басқа көзқарас өкілдерінің құқығын мойындамаудан туындауда.
Ал ең бастысы – ол діннің нақты мақсаты туралы білімнің жетіспеушілігінің нәтижесі. Тіпті қақтығыстардың діни негіздегі факторлары көрініс тапса да, бұл ең алдымен және көбінесе мүдделердің қақтығыстары екенін ескеру керек.
Біз дін – адамзаттың абыройын асыратын, рухани құндылықтарын байытып, нығайтатын қуатты күш екенін ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ ол ешқашан соғысуға шақырмайды, өлтіруді, жазықсыз адамдардың қанын төгуді үйретпейді.
Міне сондықтан да, біз бұл күшті әрбір қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қалыптастыруға, әрбір елдің гүлденуіне бағыттауымыз қажет.
Қазақстан Республикасында экстремистік және террорлық идеологияны қалыптастыратын айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық және саяси себептер жоқ. Бірақ, бұл құбылыстардың елімізге тудыратын қаупі бар.