Уәһб ибн Мунаббиһ айтады: «Исраил ұрпақтарынан бір кісі жетпіс жыл ораза ұстайды. Жеті күнде бір-ақ рет аузын ашып, шайтанның адамдарды қалай адастыратынын көрсетуін Алладан сұрайды. Қанша уақыт ұзаса да, бұл тілегі қабыл болмайды.
Сонда ол: «Осы уақытқа дейін Раббым мен өзімнің арамдағы күнәларыма назар аударғанымда ғой, мен үшін қайырлы болар еді» деп өкінеді.
Сол кезде Алла Тағала оған бір періште жібереді. Періште келіп ол кісіге: «Алла Тағала мені саған жіберді. Алла Тағала саған: «Сенің мына айтқан сөзің Мен үшін бұрынғы ғибадатыңнан сүйкімдірек» деді. Алла Тағала сенің көзіңнің пердесін ашты. Енді қара!» дейді.
Әлгі кісі қараса, шайтанның әскерлері жердің бетін қаптап алған екен. Айналасын шайтандар аш қасқырдай торуылдамаған бірде-бір пенде жоқ. Ол:
– Уа, Раббым, мыналардан кім аман қалады? – дейді. Оған:
– Мінезі жұмсақ уарағ (тақуа) иесі аман қалады, – делінеді».
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ