Алла тағалаға мадақтар мен Оның ізгі елшісіне салауаттар болсын.
Бала кезімде мен ауылда тұрдым. Бір күні мені Құран үйрену үшін қайда жіберу туралы сұрақ туындады. Ауылымызда жалғыз мешіт бар еді, онда әр жұма сайын талас-тартыстар орын алатын. Барелвилер[1] жұмаға өз имамын шығарғысы келсе, мәзһаб ұстанбайтындар өздерінікін тықпалайтын.
Бұл жерде деобандтардан[2] жалғыз-ақ үй болды, бірақ олар бұл талас-тартысқа араласпайтын. Осындай дау-дамайлар алты айға созылып, мешітте тұрақты имам болмады. Кейде мешітте екі бөлек жамағат сапқа тұратын. Бұл менің әкемді қатты алаңдатты. Кейін әкем мәзһабсыздар таухидті басқалардан жақсырақ түсінеді деген шешімге келіп, мені мәзһаб ұстанбайтындар хафизінен білім алуға жіберетін болды.
Мені қалай оқытты?
Мен мектепте араб әліпбиін меңгеріп алған едім, сондықтан ұстазымыз бірінші сабақтан-ақ алғашқы параны жаттатудан бастады. Ол бізге аяттарды қайталауға бұйрық беріп, біз оларды жаттап алып отырдық.
Осыдан кейін ұстаз бізге бір ханафи мүфтиінің аузын қалай жапқанын және әлдебір ханафи ғалымын тартыста жеңгенін айтып берді. Өмірде өзіне тең келер ханафи (мейлі ол деобанд, не барелви болсын) жоқ екенін мәлімдеді.
Сосын бізге бір парақшаны көрсетіп: «Қараңдар, бұл осыдан жиырма жыл бұрын әлемнің ханафилеріне арнап жазылған үндеу. Мұнда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) намаз ішінде қол көтеруді тыйған ең құрығанда бір хадисін тауып көрсетіңдер, Пайғамбардың (с.ғ.с.) «бірнеше ғасырдан кейін дінім жойылып, үмбетім Әбу Ханифаның соңынан ерсін» деген хадисін әкеліңдер деген талап қойылған. Біз тіпті бұған мың рупия[3] сыйақы тіктік, алайда ешкім оған жауап бере алған жоқ», – деді.
Ұстаздың осындай жалған сөздері шәкірттеріне қатты әсер етті.
Сонымен қатар, ол бірде Делиге бара жатып, Деобандқа соққанын айтты: «Намаз уақыты кіріп, ұстаздар мен шәкірттердің бәрі мешітке жиналған кез. Мен де сонда барып, оларға осы үндеуді көрсетіп: «Сіздердің медреселеріңізге бұл хатты жыл сайын жібереміз. Енді неге осында талап етілген хадистерді тауып бермейсіңдер?» – деп сұрадым.
Ондағы ұстаздары қысылып, қымтырылып, мұндай хадисті көрмегендерін айтты, сосын: «Осы хадисті жіберіңдер деп неге біздің мазамызды ала бересіңдер?» – деді».
Ұстазымыздың осы сөздерін естіп отырып, біз Деобандтағы үлкен медресенің ұстаздарының аузын біздің ұстазымыз жауып отырса, ондай хадисті табуға үміт жоқ қой деп ойладық.
Ихтиләф деген не?
Әлбетте, біз ұстазымыздан мәзһаб ұстанбайтындар мен ханафилер арасында қандай айырмашылық барын сұрадық. Ол: «Балам, біз де, олар да Пайғамбардың (с.ғ.с.) сөздеріне сенеміз. Бұл жерде талас жоқ. Алайда, біз кімнің сөзіне сенсек, соның артынан еру керек дейміз. Ал ханафилер болса, Пайғамбарға (с.ғ.с.) сенеді, бірақ имам Әбу Ханифаға (р.а.) ереді», – деп жауап берді.
Сосын біз: «Ұстаз, Әбу Ханифа (р.а.) Исламның ғалымы емес пе? Ол мұсылмандарға Пайғамбар (с.ғ.с.) сөздерін түсінуге көмектеспеді ме? Өзі ұстаз болған адам, біле тұра қалай хадистерге қайшы амал қылады?» – деп сұрадық. Ол: «Имам Әбу Ханифа (р.а.) өте тақуа адам болды, алайда оның заманында хадистердің барлығы жинақталмаған еді. Сондықтан да имам Әбу Ханифа көптеген үкімдерді салыстыру (қияс) бойынша берді және де егер шығарған үкімдері хадистерге қайшы келіп жатса, менің сөзімді тастаңдар деп айтып кетті. Бірақ, бүгінгі ханафилер оның бұл сөзін көзге де ілгісі келмейді», – деді.
Бұл уақыттарда «мұсылман ғалымдары неліктен бірінші кезекте фиқһпен, кейін келе ғана хадистермен айналысты?» деген сұрақты қою біздің ойымызда болмапты… «Сахих ситтә»[4] жинақтарын құрастырушылар төрт имамнан кейін келгені ақиқат, бірақ олардың ешқайсысы да өз еңбектерінің бір тарауын ханафи немесе шафиғи фиқһын жоққа шығаруға арнамапты.
Жүз шейіттің сауабы
Біз нәпіл намаздарды оқымай, керісінше, оған күлетін едік. Және көптеген сүннет амалдарға да мән бермейтінбіз. Себебі, нәпіл намаздар мен сүннет амалдарға ханафилер қатты назар аударатын.
Алайда, ұмытылған сүннеттерді тірілтуге ерекше ден қойдық. Мысалы, жамағат намазында қасымызда тұрған адамның тобығына тобығымызды тигізіп тұратынбыз, себебі бұл «ұмытылған сүннет» және оны орындасаң, жүз шейіттің сауабы жазылады деп сендік.
«Әминді» дауыстап айтуда да осындай тәртібіміз болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «әминді» жақтырмаған адам үмбеттің яһудилері болады деген, сондықтан оны барынша дауыстап айтатынбыз. Сенің даусыңды неғұрлым көп ханафи естісе, соғұрлым көбірек жүз шейіттің сауабын аласың. Одан бөлек, осы яһудилердің шамына тигенің үшін тағы да бөлек сауап жазылады деген ұстанымда болдық.
Фиқһ деген не нәрсе?
Біздің ұстазымызда Мұхаммед Юсуф Жайпуридің «Хақиқатул-фиқһ», Мұхаммед Рафиқ Пасруридің «Шамшер Мухаммадийя бар ақаид Ханафийя» және Мұхаммед Жонагридің «Шәмәил Мухаммади» атты кітаптары бар еді. Біз ұстаздың жанына отырып алып, ол бізге осы еңбектердегі үкімдерді оқып беретін. Әр оқыған сайын біз бес минуттай басымызды ұстап: «Мұндай сорақы нәрселер тіпті индуистер мен сикхтардың да кітаптарында жоқ қой. О, Алла! Егер индуистер, сикхтар мен христиандар бұл жазылғандарды естісе, мұсылмандар құрдымға кетті деп ойлайды ғой», – деп тәубе ететінбіз.
Қысқасы, біздің санамызға ханафи мәзһабы – сондай лас мәзһаб, тіпті индуистер, сикхтар, отқа табынушылар мен яһудилер де оларды жақтырмайды деген ой мықтап бекіді.
Әдістеме
Мәзһаб ұстанбайтындардың позициясын жақсылап санамызға құйғаннан кейін ұстазымыз бізді қарапайым ханафилерге жіберетін болды. «Оларға барыңдар да, «бізді ұстаздарыңа апарыңдар, ол бізді ханафи қылатындай хадисті көрсетсін» деп айтыңдар», – дейтін.
Қарапайым ханафилер, расында да, өз ұстаздарына алып баратын, біз олардың ұстазынан: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) менің жолымды тастап, имам Әбу Ханифаның (р.а.) соңына еріңдер деген хадисін көрсетіңізші», – деп сұрайтынбыз. Өзіміз сұрақ қойып алып, оның жауабын соңына дейін тыңдамайтын едік. Екі минут өтпестен бізді алып келген ханафилерге: «Көрдіңдер ме, ұстаздарың бірде-бір хадис келтіре алмады», – дейтінбіз. Әрине, бұдан кейін ұстазы бізге ренжитін, ал біз болсақ өз жайымызбен кететін едік.
Ал, ұстазымыз біздің осы ісімізге дән риза еді. Көп ауылдарда шәкірттерін мақтап: «Қараңыздар! Мына бала ханафи ғалымын жеңді, ол бұның бірде-бір сұрағына жауап бере алмады. Ешқандай хадис келтіруге шамасы жеткен жоқ!», – деп масайрайтын. Сонда қасында тұрған адамдар: «Ақиқат келді. Негізсіз нәрселер жойылды. Сөзсіз, бекер нәрселер жойылады», – деп жауап қататын («Исра» сүресі, 81-аят).
Алты тарау
Біздің ұстазымыз осындай дау-дамайлар ісіне келгенде сарапшы еді. Ол бізге ханафилерді жеңу үшін Құранның да, хадис пен фиқһтың да қажеті жоқ дейтін. Тіпті, ғалым емес адамның өзі егер ханафилердің ығырын шығарса, жүз шейіттің сауабын алады екен-міс.
- Бір ханафиді кездестіргенде, оның қолындағы сағатын тағуға қатысты қандай да бір хадисте дәлел келгендігін екендігін сұра. Мұндай сауалды қою ешбір білімділікті талап етпейді. Алты жастағы баланы дәріханаға жіберіп, бір дәріні көрсетіп: «Хадисте мына дәрінің аты айтылған ба?» – деп сұратуға болады. Сосын мешітке келіп: «Мен ханафиден хадис сұрадым, ол жауап бере алмады», – деп жар сал. Енді әрбір мәзһабсыздың міндеті – пәленше ханафи ұстаз бірде-бір хадис білмейді екен деген қауесет тарату.
- Егер саған да: «Мына ұстап тұрған қаламыңның маркасы туралы айтылған хадисті көрсетші», – деп қарсы сұрақ қойылып жатса, уайымдама. Оған: «Ал қандай хадис қалам маркасына тыйым салады?», – деп жауап бер. Сосын даусыңды көтеріп: «Сен бұл маркаға тыйым салатын хадисті көрсетпейсің бе? Өз сөзіңе дәлел таба алмайсың ба? Басқа да нәрселерге тыйым салатын хадисті келтіре алмайсың ба?» – деп дүрсе қоя беруіңе болады…
Сосын мәзһаб ұстанбайтындар бір-біріне: «Бұл бейшаралар хадисті қайдан білсін?! Бар өмірлері фиқһты оқуға кетті емес пе!» – дейтін болады.
- Егер бір ханафи хадистер жинағын әкеліп: «Сен әһлі сүннеттен емессің бе! Енді өзің ұстанбай жүрген хадистерге қара», – десе, уайымдаудың қажеті жоқ. Оның бетіне қарап бір күліп ал да: «Бәрекелді! Бірақ қолыңдағы неғылған кітап бұл? Біз тек Бұхари мен Мүслімге ғана сенеміз. Әрі дегенде «Сахих Ситтаға» (негізгі алты хадистер жинағы)», – деп айт.
Бұлардан басқа хадис жинақтарын жоққа шығарып қана қоймай, оларды мазақ қылып, әлгі адам кітапты алып келгеніне ұялатындай келеке қыл. Міне, осылай қауіптен оңай құтыласың.
- Егер саған аталған алты хадис жинағынан бір хадисті көрсетсе, әрі онда саған қарсы дәлел болып тұрса, онда бірден дәл осы жағдайға келетін нақты сөйлемнің болуын талап ет. Егер сондай хадисті тапса, 100 000 рупия берем деп уәде қыл. Қадияниттер осылай жасайды: олар Исаның (ғ.с.) өз тәнімен тірі күйінде көкке әкетілгені нақты айтылған хадисті көрсетуді сұрайды. Және ол хадис сахих, сарих, марфуғ, ғайр мажрух болуы тиіс.
Мәзһаб ұстанбайтындар «мансух» (күшін жойған) және «Рафғ йәдәин» (қол көтеру) сөздері бар хадистерді талап етеді. Қарсыласыңыз сіздің екпініңізден тосылып қалу үшін көбірек қиғылық салып, қарсылық білдіріңіз.
- Егер оппонентіңіз дәл сіз қалаған нәрсені көрсетіп: «Қара! Сенің сұрағаның міне тұр!» – десе, оған: «Бұл хадис – әлсіз, әлсіз, әлсіз!» – деп айқайла («әлсіз» деген сөзді үш рет қайталау керек). Енді саған бұл хадисті қабылдамау қажет, оның осы хадис жөнінде ештеңе білмейтінін көрсеткендіктен, оның алдында басымдығың бар. Әлгі білімсіз енді аталған хадистің әлсіз екенін түсінетін болсын.
- Егер сен намаз оқымайтын біреуді көрсең, оған намаз оқы деп айтудың қажеті жоқ. Ал егер намаз оқитын адамды кезіктірсең, бірден оның намазы қабыл еместігін айт.
Бұл біздің алты негізіміз болды.
Менің әкем оразасы мен намазына берік, тәһәжжут намазын да үнемі оқитын еді. Мен күн сайын оған дұрыс иман келтірмегенін айтып, намаздары, тәһәжжут намазы, жалпы оның ешбір құлшылығы қабыл еместігін бетіне басып, айтысып жүретін едім.
Әкем маған: «Салғыласпа! Менің намаздарым да, сенің намаздарың да қабыл болады», – деп жауап беретін. Мен болсам: «Не деген масқара! Алла бізге екі намазды берген жоқ па: бірін – Мәдинада, екіншісін – Куфада? Біздің намазымыз – жәннатқа жетелейтін Алла Елшісінің (с.ғ.с.) намазы», – дейтінмін.
Әкем: «Қыңыр сөздеріңді айтуды доғар», – деп жауап беретін. Осылай салғыласудың өзі біз үшін ұлы жеңіс секілді көрінуші еді. Және мен әкеме өзін сыйлайтынымды, әйтпегенде фиқһтың барлық былық-шылығын ашып беріп, оның қолаңса иісінен шарадай басы шақшадай болатынын жиі айтатынмын.
Осылайша бірнеше жыл да өте шықты.
Дау-дамайды жақсы көру
Ол кезде менің ұстазым мәзһаб ұстанбайтын Абдул-Жаббар Мухаддис Ханделуи еді. Бір күні ол мені өзіне шақырды да, Ануар Шах Кашмиридің шәкірттері келгендігін және солармен диспут өткізу керектігін айтты.
Мен оған: «Хазрет! Олар бізге не істей алады? Тіпті имам Әбу Ханифаның өзі (рахматуллаһи әлейһи) көрден тіріліп келсе де, пікірталаста бізді жеңе алмас еді ғой (Осы сөздерім үшін Алла мені кешірсін)! Өйткені, бізде хадис, ал оларда тек қияс (ұқсастық бойынша салыстыру) қана бар емес пе?!» – дедім.
Ұстазыма бұл сөздерімнің ұнағаны сондай, мен үшін дұға қылды да, қолыма «Бүкіл әлемнің ханафилеріне үндеу. Сыйақы – 100 000 рупия» деген жазуы бар қағазды ұстатты. Осы қағазбен барсам, жеңіс менікі екенін айтып сендірді.
Ид Ға медресесінде
Ханафилердің екі ұстазы Ид Ға медресесіне тоқтаған екен. Мен Абдул-Ханан Сахибті көп адамның қоршап отырғанын, ал Абдул-Қадир Сахибтің айналасында жамағат аздау екенін көрдім. Яғни, Абдул-Ханан осы екеуінің білімдісі шығар деп ой түйдім.
Жақындап келіп, артқы жағына отырдым да, әуелі иығынан, кейін басынан түртпектей бастадым. Хазрет маған бірнеше рет қарағаны болмаса, ештеңе дей қоймады. Мен оны төртінші мәрте иығынан түрткенде ғана ол: «Не істеп жатсың?» – деп сұрады. Мен онымен тек қалай сөзге келудің сылтауын іздеп отырғанмын.
Тез арада ұстазым берген қағазды оған ұсынып: «Хазрет! Әһлі хадис жұрты біздің мазамызды алып жатыр. Олар бір хадис үшін 100 000 рупия береміз деп отыр, бірақ біздің ұстаздарымызда хадис жоқ. Өтініш, бізге көмектесіп, олардың он бір сұрағына жауап беретін хадистерді жазыңызшы», – дедім.
Хазрет: «Менің урду тілінде дәріс бермегеніме көп болды. Сондықтан ол тілде жақсы сөйлемеймін. Ал Абдул-Қадир урду тілін жақсы біледі және осы сұрақтарың оны қызықтыруы мүмкін. Содан сұрағын», – деп жауап қатты.
Мен орнымнан тұрып, Абдул-Қадирға жақындадым, ал хазрет оған: «Мына бала ақылды жігіт екен. Қолындағы сұрақтарын түсіндіріп берші. Алланың қалауымен ақиқатқа көзі ашылар», – деді.
Хазрет қағазды қолына алып, оқи бастады. Ол оқыған сайын мен оның бет-жүзінің өзгерісін бақылап отырдым. Біресе оның жүзі күлімсірегендей болса, енді бірде ашуланған кейіп байқатты. Осылайша, ол қағаздағы сұрақтарды толықтай оқып шықты.
Ниет
«Балам, сен ең алдымен ниетіңді дұрыста, – деп сөзін бастады хазрет. – Егер адам дін үкімдерін түсініп, орындау ниетімен сұрақ қоятын болса, онда қойған сұрағы үшін бір бөлек сауап және дін үкімдерін орындағаны үшін тағы бір бөлек сауап алады.
Ал егер бүлік тудыру ниетімен сұрақ қойса, соны сұрағаны үшін де, бүлік тудырғаны үшін де оған күнә жазылады».
Сосын: «Мен саған дін үкімдерін бір ғана мақсатпен – Алланың разылығын табу үшін ғана түсіндіріп берейін», – деді. «Мен де Алланың разылығын алу үшін түсінгім келеді», – деп жауап бердім.
Дәлелді кім келтіруі керек?
Хазрет былай деді: «Бұл қағазда өтірік сөздер көп екен, бірақ тек ғалым адам ғана басқа ғалымның алдап тұрғанын ажырата алады. Мұндай өтірікті екінің бірі байқай бермейді. Бұл жерде автор өзін әһлі хадис атағанымен, шын мәнінде, ол өзі хадистерге кереғар келіп тұр, өйткені, мәшһүр хадистердің бірінде: «Дәлелді шағым жасап тұрған адам келтіруі керек», – деген емес пе (Тирмизи, 1-т., 249-б.).
Зайырлы сот та дәлелді ең бірінші шағым жасаған тараптан сұрайды. Бұл он бір сұрақтың барлығында претензия мәзһаб ұстанбайтындар тарапынан жасалып тұр. Ендеше, алдымен дәлелдерін олар бізге ұсынуы тиіс. Алайда, олар өз уәждерінің әлсіздігін жасыру мақсатында керісінше әрекет етіп, сұрақты бізге қойып отыр.
Мен саған нақты мысалмен түсіндіріп берейін. Рафидиттер[5] азанға (намазға шақыру) «Әли – Алланың әулиесі екеніне куәлік етемін» деген секілді кейбір сөздерді қосты. Біз осы үшін олардан дәлел ретінде аят немесе хадис талап етуге, ең құрығанда Әлидің өзі (р.а.) осы сөздерді азанға қосқандығына дәлел сұрауға құқылымыз.
Бірақ, олар бұған дәлел келтірген емес және Қияметке дейін келтіре алмайды. Соған қарамай, олар өздеріне еріп жүрген білімсіз жамағаттарын алдау үшін осы мәзһабсыздардың сұрақтары секілді өздері сұрақ қояды.
Мәселен, қараңыз, олар сізге келеді де: «Бүкіл әлемнің мәзһаб ұстанбайтындары жиналып келіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) азанға осындай сөздерді қосуға тыйым салған бір ғана хадисін (сахих, сарих, марфуғ, ғайр маджрух) тауып берсе, сыйақысына 100 000 рупия береміз», – дейді. Енді сенің ұстазың сондай хадисті табуы керек немесе шииттердікі дұрыс, ал сендердікі қате екенін мойындауы тиіс, себебі мәзһабсыздар ондай хадисті ешқашан таба алмайды».
Мен оған: «Біз не үшін ондай хадисті табуымыз керек? Азанға сондай сөздерді қосу керек деп отырған адам өзі бірінші дәлел ұсынуы тиіс. Оған тыйым салатын хадисті неліктен іздеуіміз қажет? Бұл қарапайым айла әрекет, қулық», – дедім.
«Сендер намаздың ортасында қол көтересіңдер де, бізден соған тыйым салатын хадисті табуды сұрайсыңдар. Бұл да сондай қулықтың түрі, – деді ол. – Айталық, Құранның бірінші сүресі – «Фатиха». Оны «Уммул Құран» деп атайды. Бұл сүреде көптеген сұрақтың жауабы айтылған.
Біреулер «Фатиханы» тамақтың алдында оқу керек пе деп, екіншілері имамның артында тұрып оқуға бола ма деп дауласып жатады. Және «Фатиханың» ішінде екі негізгі ереже – таухид (Бірқұдайшылық) пен тақлид (артынан еру) бар болғанына қарамастан, оны тамақтың алдында оқитындар таухидты ұнатпайды, ал «Фатиханы» имамның артында тұрып оқитындар тақлидты дұрыс емес дейді. Менің айтпағым – бұл екі топ та «Фатиханы» толық мағынасында түсінбейді».
«Сендер Фатиханы» тамаққа оқитындармен дауласқанда сауабын марқұмдарға бағыштау ниетімен тамақ алдында «Фатиха» оқу керек дейтін хадисті талап етесіңдер. Ендеше, оларға да сендерден Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сауабын марқұмдарға бағыштау ниетімен тамақ алдында «Фатиха» оқуға болмайды дейтін сахих, сарих, марфуғ, ғайр маджрух хадисін талап ету құқығын беріңдер. Сосын олар да сендерге сол хадис үшін сыйақы дайындасын, – деді ол. – Ал кәнеки, көрсетші сондай хадисіңді?».
Мен оған: «Фатиханы» тамаққа оқитын олар ғой, енді не үшін дәлелді біз іздейміз? Олар неге бізден тыйым салатын хадисті талап етеді?!» – дедім.
«Ал, «Фатиханы» имамның артында тұрып оқитын сіз бе, әлде біз бе?» – деп сұрады ол. «Біз», – дедім. «Ендеше неге сен дәлелді бізден талап етесің? Неліктен Шұғайыптың (ғ.с.) халқы секілді сатып алуға бір таразы, сатуға екінші таразыны пайдаланып отырсың? Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзіңе не қаласаң, бауырыңа да соны тіле деген сөзін білмейсің бе?» – деді хазрет.
Нақты дәлел
Ол сөзін былай жалғады: «Дәлел сұрауға болады, алайда дәлме-дәл дәлел талап етуге болмайды. Кезінде мүшріктер Пайғамбардың (с.ғ.с.) мұғжизаларына сенбей, өздерінің талаптарына сай ғажайыпты талап етті. Содан оларға өздері сұраған нәрсе көрсетілмегенде, олар біз талап еткенді бермедің деп кері бұрылды. Содан кейін олар біз ешқандай да мұғжизаны көрмедік деп қауесет таратты.
Мәселен, саған бір адам келіп: «Мен өте күнәлімін. Жасым алпыста, бірақ ешқашан намаз оқыған емеспін. Бүгін тәубеме келсем деймін. Өтінемін, маған намазды үйретіңізші. Бірақ, бір талабым бар: намаздың барлық ракағаттарына, сөздеріне, тәшәххуд пен салауат оқу тәртібіне дәлелді тек Құран аяттарынан келтіріңіз. Басқа дәлелді қабылдамаймын», – деді. Сіз бұның бәрін Құраннан табасыз ба? Сіз дәлел таппаған соң, ол сізді жазғырса, оныкі әлбетте дұрыс емес. Мұны «дәлелді нақтыландыру» дейді.
Сот залында да судья дәлел талап етеді, бірақ дәлел нақты бір формада болсын деп айтпайды. Сотта қандай уәж айтылса да, оны тексеруге болады. Мәселен, біреу Зейдті куәгер ретінде алып келді делік. Сіз одан жауап алуға мүмкіндігіңіз бола тұра, «бұл куәгерлікке жарамайды, мен тек президентті немесе премьер-министрді ғана куәгер ретінде қабылдай аламын» деп айтасыз ба? Қай сотта болсын осындай нәрсе бар ма? Сендер Пайғамбарға (с.ғ.с.) сенесіңдер ме әлде ұстаздарыңның соңынан соқыр ілесесіңдер ме?».
Хазрет сөзін одан әрі жалғады: «Кәпірлердің Пайғамбарға (с.ғ.с.) сенбей, өздерінің шарттарын қойғаны секілді, сендер де Пайғамбарға (с.ғ.с.) сенбейсіңдер. Оған сенгендей көрініп өздеріңді алдамаңдар! Сендер тек өз ұстаздарың алға тартқан шарттарға ғана сенесіңдер. Кәпірлер Пайғамбарға (с.ғ.с.) тек өздерінің сұрағандарын Алла айтса немесе жасаса ғана иман келтіретінін айтқанындай, сендердің ұстаздарың да дәл солар секілді Пайғамбар (с.ғ.с.) нақты бір мысал айтса ғана сенеміз деп шарт қояды. Ал Пайғамбардың (с.ғ.с.) шын мәнінде айтқанын олар қабылдамайды».
Осы сәтте мен хазреттің бұл сөздерімен іштей келісіп отырдым. Бізге тіпті жүз хадис келтірсе де, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) біздің ұстазымыз талап еткендей нақты формада айтылмаған деп оларды қабылдамайтын едік. Яғни, біз Пайғамбарға (с.ғ.с.) мынаны-мынаны айт, әйтпесе біз иман келтірмейміз деп шарт қойғандай екенбіз…
Сұрақ
Мен оған: «Хазрет! Сіз менің ұстазымнан ол таба алмайтындай бір хадисті талап етіп, сыйақы уәде ете аласыз ба? Сіз айтқандай, ол бұл сұрақтардың қулық екенін мойындауға мәжбүр болсын», – дедім. Ол сәл күлімсіреді де: «Қулық жасау – біз бәріміз де айналысатындай жақсы іс пе еді?!» – деп жауап қатты.
Мен: «Өтінемін, мен осы жағдайлардың ақ-қарасын түсінуім үшін бір сұрақ жазыңызшы», – деп қайта сұрадым. Сол кезде хазрет мен әкелген қағаздың артқы жағына былай деп жазды: «Шариғатта дәлел ретінде тек сахих, сарих, марфуғ, ғайр маджрух хадистерді ғана пайдалану керек дейтін бір ғана хадисті әкеліңізші. Осыны дәлелдесеңіз, мен сізге 50 000 рупия беремін».
Ол осылай жазып, астына қолын қойғанда, біздің ұстазымыздың сыйақы 50 000 рупиядан төмен болмауы керек деп айтқанымен, ешқашан мейлі 5 центтің астына да қолын қоймайтыны ойыма оралды. Ал мына хазрет болса, еш іркілместен 50 000 рупия төлеймін деп қолын қоя салды.
Оралу
Мен қағазды қолыма ұстап қайтып келгенде, ұстаз мені ауласының алдында күтіп тұр екен. Жақындағанымда ол: «Ал, кәнеки, біздің сұрақтарымызды ашып көруге батылы жеткен адам табылды ма?» – деп сұрады.
Мен: «Ұстаз! Бүгін қиын күн болды. Бір кісі қағазды оқып қана қоймай, бізден хадис талап етті. Егер сол хадисті тауып берсеңіз, ол сізге 50 000 рупия төлейді. Қолын да қойып берді. Ұстаз, мына жерге хадисті жазыңызшы, сосын мен сізге жүлдемен ораламын», – деп жауап бердім.
Бұл уақытта желтоқсанның ызғары соғып тұрған. Алайда, сұрақтың бірінші жолын оқығаннан-ақ ұстазым маңдайындағы терін үш мәрте сүртті. Оның терлеп кеткенін көріп, сұрақтың күрделі екенін ұқтым. Менің түзу жолға келуім осы сәттен бастау алған еді.
Ұстазым сауалды оқыды да: «Балам! Бұл шарттар бізді алдау үшін қойылып отыр», – деді. Бұны естігенде аяқ астымдағы жер теңселіп кеткендей болды. Сосын мен оған айттым: «Ұстаз! Бүгін ол маған Пайғамбарға (с.ғ.с.) сенбейтінімді, бар болғаны өз ұстазымның шарттарына ғана сенетінімді түсіндіріп берді. Ал қазір сіз өзіңіз осы нәрсені алдау, қулық деп отырсыз. Енді мен не істеймін?».
Тағы бір сұрақ
Бірде мен сынып бөлмесіндегі мұғалім үстелінде тұрған кітаптарды, брошюраларды және басқа да заттарды орны-орнына қойып жатып, екі қалың брошюраға көзім түсті. Бірі – «Алләмә Ануар Шах Кашмирдің (р.а.) Сахих Бұхари бойынша дәрістері» деп аталса, екіншісі – «Дар Улум Деобанд ұстазы, арабтардың және араб еместердің шейхы Сайид Хусейн Ахмад Маданидың (р.а.) Тирмизи бойынша дәрістері» еді.
Ұстазымнан: «Сіз неге бұл көпқұдайшылдардың кітаптарын сақтап жүрсіз?» – деп сұрадым. Ол кезде біз ханафилерді «көпқұдайшылдар» деп атауды жақсы іс деп санайтынбыз, оның үстіне, бұл сөзіміз ұстазымызға майдай жағатын. Сол үшін бізге көңілі толып, мақтай жөнелетін.
Менің бұл сұрағыма ұстазым: «Балам! Біздің олармен келіспейтін жерлеріміз көп, алайда Алла тағала оларға көп ілім берген. Олардың кітаптарынсыз біз Бұхариды немесе Тирмизиді оқып үйрене алмас едік», – деп жауап берген еді.
Мен осы жағдайды есіме түсіріп: «Ұстаз! Сонда сіз Бұхари мен Тирмизиді оқып-үйренуге мүмкіндік жасаған адамдарды алдап жүрсіз бе?» – деп сұрадым. Бұл сөзімді естіген ол: «Кет бұл жерден! Ендігәрі мұнда жолаушы болма!» – деді.
Мен: «Ұстаз! Маған хадисті жазып беріңізші, сыйлықты алып кетейін», – деп едім, ол мені шапалақпен тартып жіберіп, отыруымды бұйырды.
Оралу
Екінті намазының уақыты кіргеннен кейін мен Абдул-Қадирға қайтып келдім де: «Ұстаз! Енді бұл сұрақтардың алдау мен қулық екендігіне менің көзім жетті, бірақ… айтыңызшы, неліктен сіздер хадистерге емес, имам Әбу Ханифаның (р.а.) сөздеріне басымдық бересіз?» – деп сұрадым.
Ол: «Сен дұрыс айттың», – деді де, «Иғлә ас-Сунан» кітабының урду тіліндегі аудармасын маған ұсынды. Мен ондағы хадистерді оқып, біздің осы уақытқа дейін қандай өтірік сөздерді айтып жүргенімізді түсіндім.
Бір күні ұстазымнан: «Ұстаз! Сіз неге «Иғлә ас-Сунан» кітабындағы хадистерді қабылдамайсыз? Сосын неліктен осы хадистерге еретіндерді «әһлі рай» деп санайсыз? Егер ешқандай мәзһабты ұстанбайтын ғалымдардың бірі бұл кітапты дұрыс емес деп, қарсы пікір жазған болса, соны маған тауып беріңізші, оқып шығайын», – деп сұрадым.
Алайда, кейін бұл мәселені зерттей келе, ешбір мәзһаб ұстанбайтын ғалымның бұл кітапты теріске шығармағанына көз жеткіздім.
Медреседе «Иғлә ас-Сунанды» оқып отырғанымда, ұстазым маған ашуланып, тіпті ұрып та жіберді. Мен «әһлі хадис жамағатының» хадистерге неліктен жау екенін түсінбедім. «Менің хадистерді оқуыма неге рұқсат бермейсіз?» – деп сұрасам, ол тек: «Бұл кітапты біздің медресеге неге алып келдің?» – деп қайталаумен болды…
Үшінші рет
Үшінші мәрте Абдул-Қадирға келгенімде ол менен: «Тақлид шахсиді қалай атайды?» – деп сұрады. Мен: «Аллаға серік қосу (ширк)», – деп жауап бердім. Сосын ол: «Ендеше, «Табақат Ханафийя», «Табақат Мәликийя», «Табақат Шафиғийя» және «Табақат Ханбалияда» аттары аталған мухаддистердің бәрі серік қосушы болғаны ма?» – деді. Мен: «Әрине, күмәнсіз солай», – дедім. «Онда «Сахих ситтаны» да көпқұдайшылдар жинақтаған болып шығады. Сен «Булуғ әл-марамды» оқыдың, ендеше Ибн Хаджар да көпқұдайшыл. Сен Нәсәиді оқыдың, ал ол Шафиғидің мәзһабында болды, яғни ол да көпқұдайшыл», – деді ол.
Сосын мен өз ұстазыма келіп: «Егер қандай да бір мухаддис немесе мұсылман тарихшысы мәзһаб ұстанбайтын мухаддистердің өмірбаяндары (табақат) туралы кітап жазған болса, соны маған көрсете аласыз ба?» – сұрадым.
Ұстазым маған ашуланып: «Сен үнемі бүлік салып жүресің, басқаларға «Иғлә ас-Сунанның» хадистерін оқып бересің, медресе қабырғаларына хадистерді жазасың. «Табақат ғайр муқаллид» деген кітап жоқ», – деді.
Мен Абдул-Қадир ұстазға қайтып келгенімде ол менен: «Қайбір жерде ғайр муқаллид мешіті, ғайр муқаллид медресесі, зираты, Құран тәржімасы, хадистер тәржімасы (ағылшынша аудармаларға дейін) болса, маған көрсетші! Егер оларда намаз туралы кітап болса, маған алып келші!» – деді.
Бірақ, осы жағдайды өз ұстазымнан сұрағанда «Қай жерде отырсаң, сол жерден сырғи түсесің» деген сөздің шын мағынасын түсінгендей болдым. Ұстазым: «Сен тек бүлік салушысың», – деп жауап берді.
Әзіл
Бір күні Нәсәи бойынша сабақта имамның артында тұрып «Фатиханы» оқу тақырыбын талқылап жаттық. Бірақ, мен қолыма кітапты алған жоқпын. Ұстаз: «Сенің кітабың қайда?» – деп сұрады. Мен: «Бөлмеде қалды», – дедім. «Неге оны сабаққа алып келмедің?» – деді. «Бұл кітапты көпқұдайшыл жазған, – дедім мен. – Имам Нәсәи «тәуили каулихи Азза уә жалл уә иза қуриал-Қурану фастамжу ләһу уанситу лә аләйкум турхамун» туралы тарауды жазған және одан кейін «иза қараа фанситу» хадисін келтірген. Бұл Алла және Оның Елшісі имам оқыған кезде үндемей тұруды меңзейді».
Бұл аят пен хадис ұстазымның пікіріне қайшы келіп, ол енді аталған хадисті «әлсіретуге» тырысты. «Әбу Хайд Ахмар мутафаррид, сондықтан хадис ойдан шығарылған. Ал Әбу Халидтің ешбір хадис жинағында мутабиі жоқ. Мен алләмә Ануар Шах Кашмиримен сөйлестім, ол да мутаби келтіре алған жоқ. Талай диспуттарда болғанымда, ешкім мені терістей алмады», – деді ұстазым.
Дегенмен, мен жақсы дайындалған едім. Ұстазым маған қарады да: «Ей, ханафит! Әбу Халидте мутаби бар ма?» – деп сұрады. Мен ол кезде әлі ханафи бола қоймасам да, былай деп жауап бердім: «Сіз тәкаппарлықтан мұрныңызды көкке шүйіресіз! Аспанға қарап тұрып, мутабиді қалай көрмексіз? Төменге көз салсаңызшы – дәл осы кітаптың өзінде Мұхаммед ибн Саад Ансари есімді оның мутабиі тұр емес пе?».
Орнымнан тұрып, кітапты қолыммен шұқып көрсеттім. Ол қарады да: «Онда не бар?» – деді. «Маған қанша ұрыссаңыз да, өзіңіз білесіз, бірақ дәл алдыңызда жатқан кітаптағы мутаби есімін қалай оқымай өте шықтыңыз?» – деп жауап бердім.
Бәленің бәрі осы жерден басталды. Ол мені шыбықпен сабап, медреседен қуып шықты. Осы кезден мен «Иғлә ас-Сунанды» және мәулана Мұхаммед Хасан Файзпуридің «Ситта Дарурийя», «Ад-Далил әл-мубин», т.б. кітаптарын оқи бастадым.
Дегенмен, санама сіңісті болып алған мәзһабсыздық пиғылдан арыла алмадым. Фиқһ бойынша сұрақ туындағанда бірден дәлел болатындай хадис іздеуге кірісетінмін. Бірнеше айдан кейін ғана өміріме өзгеріс ене бастады.
Енді аят немесе хадисті көргенде: «Менің ойыма келген мағынасы дұрыс па, әлде бұрыс па? Ол мағынаны Мирза Қадияни секілді өзім ойлап таптым ба, немесе тақуа ата-бабаларымыз бұл аятты немесе хадисті қазір мен түсінгендей түсінді ме екен?» – деп ой таразысына салатын болдым.
Осылайша өз бетімше түсінік жасау әдетінен арылып, мәзһабсыздық сенімі жүрегімнен кетті. Міне, содан бері мен Әһлі сүннет уәл-жамағат жолындағы ханафи-деобандпын.
Алла тағаладан бізге тура жолды нәсіп етуін сұраймын. Әумин!
Шейх Әмин Сафдар Окаруи
Қазақ тіліне аударған Ескендір Тасболат
[1] Барелвилер – Солтүстік Үндістандағы Саид Ахмад Барелви құрған діни ағым.
[2] Деобанд (Дар ул-Улум Деобанд) – Солтүстік Үндістандағы ханафи мәзһабы бойынша ілім беретін аса ірі оқу орны.
[3] Рупия – үнді валютасы.
[4] Ең негізгі алты хадис жинағы.
[5] Шииттердің кең таралған атауларының бірі.