Ережеп айының алғашқы жұма түнін «Лайла Рағайып», яғни, Рағайып кеші деп аталады. Бұл түн Мұсылмандардың мереке ретінде атап өтетін мүбәрак түндерінің бірі. Рағайыптың сөздік мағынасы рағифенің көпше мағынасын береді. Рағифа «жауһар, құнды, бағалы, иһсан» мағыналарына келеді. Осыған байланысты «Лайла Рағайып» деген кезде «Жақсылық пен иһсанға толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деген мағына ойға оралады. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.а) бұл түнді адамның жан сарайына шуақ берер амалдар жасап нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ келтіріп, шүкіршілік жасап, дұға мен истиғфар жасап, намаз қылған.
Халық арасында «Бұл түні Әмина анамыз Пайғамбарымыз (с.ғ.а) жүкті болған» деген аңыз-афсана бар екендігі белгілі. Әсілі, Пайғамбарымыз (с.ғ.а) туылуында бұндай бір негіз жоқ. Десекте, Әмина анамыз Пайғамбарымыз (с.ғ.а) жүкті болғандығын осы күні сезген болуы мүмкін. Халық арасында айтылатын аңыз-афсана осындай долбар ойдан туған. Сөздік мағынасына қарар болсақ, бұл түн рухани тұрғыдан берекеге толы дегенге саяды. Сондай-ақ, бұл мүбәрак түннің ерекшелігінің бірі, көктемнің келгенін күні бұрын хабарлайтын қарлығаштай қасиетті Рамазан айының жақындағанын алғаш болып естіртеді. «Ережеп, Шағбан, Рамазан» айлары бірінен соң бірі келіп, мұсылмандар өз-өзін қадағалап, біртіндеп тахуалықтың шыңына шыға алады. Ережеп айының алғашқы жұма түніндегі бұл Рағайып мейрамы халық арасында он бір айдың сұлтаны деп танылған Рамазан айын, көңіл мен рухты және сананы кір қоқыс пен қияс ойлардан арылтып, алдағы күнді тамаша аппақ-айдын көңілмен бастауға әзірлену керектігін мұсылмандарға бейне рух тілімен хабарлайды. Демек, Рағайып түні Мұсылмандар үшін рухани салмағы зор қасиетті Рамазан айының келетіндігін алғаш болып сүйіншілеген рух хабаршысы секілді. Психологиялық тұрғыдан мұның зор мағынасы бар. Өйткені бұндай психологиялық ауқымы кең, салмағы батпан қасиетті түнде адам руханиет көгіне шығу үшін тыңғылықты рухани дайындық жасап, әрбір күндік құлшылықтарын, қайырылы істерін, жеке басының және отбасылық жауапкершілігін, қоғамдық ортадағы іс әрекеттерін ой елегінен өткізіп, өз-өзіне есеп береді.
Рағайып түнін қастерлей білген адамның бойында жақсылық жасауға және жаманшылықтан аулақ болуға деген асқақтаған сезім пайда болады. Бұны көп айта бергеннен көрі, бастан кешірген аса маңызды. Сонда, шұғылалы шақтың шуағына шоматының хақ. Лайым, Хақ-Тағала халқымызды осындай ізгі-сезімдерден ешқашан айырмасын деп тілейміз.