Қазақ халқы қашанда қыз баланың тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. «Қызды қырық үйден тыю, ол болмаса есік алдындағы күңнен тыю» деген мақал бекер айтылмаған. Қыздың бойындағы инабаттылық пен имандылық осы тәрбиеден келеді. Бұрында қыз бала емін еркін еркелеп өскен. Кішкентайынан қыз баланың шашына шашбау, шолпы таққан.
Қазақ даналығы қыз бала қатты шошаңдап бара жатса шолпы мен шашбаудың сыңғыры қатты естілгеннен, қыздың сабырлық пен мінезінің ибалы болу керектігін айта отырып мінезін түзеткен, ұяңдыққа үйрете білген. Оны қазір заманауи тәрбиеде гипер белсенді бала деп те айтып жатады. Қараңызшы, дана қазақ бала психологиясын терең зерттеп, әрбір берген тәрбиесінде өмірлік сабақ болатындай, мықты тұлға болып қалыптасатындай тәрбиелеген.
Қыз бала балиғат жасқа толғанда үй ішінде жеке шымылдықпен бөлек шығарытын. Тұрмысқа шықпаған қызды оң жаққа отырғызып, сыйлап, қыз жат жұрттық деп бар тәттісін алдына қойған. Бойларына қарапайымдылық, сыпайылық, биязылық, инабаттылық, ұяңдық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, имандылық сияқты қасиеттерді сіңіріп өсірген.
Қазақ жеріне ислам діні келмей тұрып та қазақ халқы әйел адамды сыйлай білген халық. Анаға ауыр сөз айтпай, анасының ақылын тыңдап, өзінің жарынан басқа қыз келіншектерді әпке, қарындас ретінде сыйлап, қамқор бола білген. Ұлттың бар болмысын – тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, бойына дарытатын әйел – ана. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды дәстүрге сүйеніп, уақыт талабына сай тәрбиелеу – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әке-шешеміз бала кезден ұят болады, обал болады, жаман болады деген үш сөзбен барлық жамандықтан қайтарып, жақсылыққа баурап, шүкір ете білуді бойымызға сіңірді.
Әрбір отбасында осындай тәлім тәрбиені көріп, біліп өскен қыздың болашағы берік және айқын болған. Шіркін “Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі” деген қанатты сөздердің терең мағынасы қандай керемет десеңізші. Ар намыс, ұятын сақтаған қыз қашанда үлкен алып батырларды дүниеге әкелген. Ертеңгі күнімізді ойлайтын болсақ, бүгінімізге мән берейік. Балаларымыздың кімнен, неден білім алып, қайда қарап бой түзеп жатқанына баса назар аудару қажет. Әрбіріміз қыз тәрбиелей отыра, әрқашан да ұлтымыздың болашақ батырлары мен ұлт зиялыларының анасын тәрбиелеп отырмыз деген түсінік қалыптасу керек. Сонда ғана біз қаймағы бұзылмаған, ұлттық құндылығы мен тәрбиесі сақталған, алып елдердің бірі боламыз.
Балжан Әбдіраш