Астана қаласы «Нұра» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Қыздарай» хореографиялық ансамблі Қырғызстанда өткен Халықаралық байқауда жүлделі орындарға ие болды.
24-28 шілде аралығында Ыстықкөлде өткен «Таланты SUMMER FEST KYRGYZSTAN» атты байқауда биші әжелеріміз халық биі мен классикалық билеу өнерінен сынға түсті.
Қырықтан астам би ұжымдары қатысқан өнер додасында астаналық биші әжелер топ жарып алға шықты. Әр номинация бойынша жеңімпаз атанып, бас жүлде мен І орынды еншіледі. Ыстықкөлде ансамбль ұжымы «Әсемдік», «Биле-биле» және «Экспрессия» билерін қырғызстандық көрерменнің назарына ұсынды.
«Қыздарай» ансамблі 62-76 жас аралығындағы биші әжелерден құралған, оларға білікті маман Ирина Смагұлова жетекшілік етеді.
«Біздің Нұра ауданында «Қыздарай» хореографиялық ансамблінің құрылғанына екі жылдай уақыт болды. Ұжымға зейнет жасындағы 20-дан астам әуесқой биші әжелер аптасына 3 рет жиналып, дайындық жұмыстарын өткізеді. Өнер ұжымының жетекшісі – хореография саласында 25 жылдан астам еңбек өтілі бар маман Смағұлова Ирина Николаевна. Репертуарлары әралуан, халық биі, эстрадалық, классикалық және т.б. билерді билейді. Қырғызстанға Орталығымыздан 11 биші әже барды. Олар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жеңіспен оралды. Зейнеткерлеріміз өнерлерімен қуанта берсін!» -деп жүрекжарды лебізімен бөлісті Орталықты жетекші маманы Ақсұлу Нұрланова.