Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру бастамасы қоғам өміріне ашықтық пен жариялылық лебін ала келді. Соның арқасында азаматтар ел ішінде қордаланған әрі шешімін күткен шетін мәселелерді ашық та батыл айта бастады. Бұл өз кезегінде осы жылы ел өміріндегі елеулі заңдардың қабылдануына ықпал етті.
Президенттің Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты директорының орынбасары Берік Бекжановтың айтуынша, аталған заңдар қоғам тыныштығы мен тұрақтылығы, адам құқығын қорғау жолындағы маңызды қадам саналады.
– Аталған құжаттардың негізгілеріне тоқталып өтсек, ең алғаш болып ауызға ілігетіні – әйелдер мен балалар құқын қорғауға байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістер. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоғам болып күресуді қажет ететін әлеуметтік проблема деп атаған болатын. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдандыру, балаларға қатысты зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдату және алдын алу шаралары – негізгі заңнамалық жаңашылдықтар. Осы заң арқылы қоғамда бұл кесапаттың өршуіне тосқауыл қойылды, – дейді ол.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткен отырысында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын алға тартқаны белгілі. Бүгінгі қоғам адал азаматты қалай тәрбиелейді? Берік Бекжановтың айтуынша, қазақ «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, көп проблеманы жабулы қазан күйінде қалдырып, тіс жармай сақтап жүре беретін халық. Бірақ мұндай заман енді өтті. «Осы ескі әдеттен бойды барынша аулақ ұстап, заң үстемдігі орнаған қоғамды бірге жасауымыз керек. Осы орайда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған, өзге де өзекті заңдар жылдар бойы пісіп-жетіліп, әділетті қоғам құрудың тетігі ретінде өмірге келді. Жаңа заңда әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін қолданылар жазаны күшейту көзделген. Мәселен, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылықтар санатына жатқызылса, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. 80-нен 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу сынды жаза түрлері қарастырылған» дейді ол.
Сонымен қатар маман жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленгенін атап өтті.
Берік Бекжановтың сөзінше, заңды қабылдау мен оны орындау – екі бөлек мәселе. Шерағаң атап өткендей: «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты». Заң қабылданды деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, ертең оны қалай жүзеге асырамыз? Әлде бәрін мемлекеттің мойнына жүктеп қоямыз ба?
“Жоқ, заңның орындалуы ең алдымен ел тұрғындарының оны құрметтеуінен және тәртіпке бағынуынан басталады. Конституцияда жазылғандай әр азаматтың құқықтарымен қатар жауапкершіліктері де бар. Егер өзің заң талаптарын белшесінен басып, ал қоғамдағы проблемалар үшін «әкім қайда қарап отыр?» деп талап қоюды ғана білсең, ондай жағдайда кез келген заңың да өз нәтиже бермейді. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар үшін жазаны қатаңдаттық. Бірақ тек қатаңдатумен мәселе шешілмейді. Ең алдымен азаматтардың құқықтық мәдениеті жоғарылап, тәртіппен өмір сүруді үйренуі керек» дейді ол.
Биыл қабылданған тағы бір өзекті құжат – лудомания, яғни ойынқұмарлыққа қарсы заң. Парламентаризм институтының өкілі бұған қатысты да өз ойын білдірді.
– Иә, таяу күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Өзіңіз айтқандай, ойынқұмарлық – қазір қоғамның қасіретіне айналды. Жасы да, кәрісі де жеңіл пайда табам деген ниетпен соның апанына құлап, салдарынан отбасындағы, қоғамдағы орындарын жоғалтып жатыр. Тіпті мемлекеттің сеніп тапсырған мүлкін құмар ойынға жұмсап, талан-тараж еткен мемлекеттік қызметшілер де, қолына түскен қаржының бәрін құрдымға жіберіп, сол үшін әйелімен ажырасып, тіпті өз-өзіне қол жұмсап жатқандар да бар.
Сондықтан әрине, мұндай қоғам кеселінің алдын алу үшін мемлекет тарапынан тегеурінді шара жасалуы қажет. Сол үшін жаңа заңға халықтың ойынқұмарлыққа тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілді. Бұдан былай мемлекеттік, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға, бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағандарды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді, – деді ол.
Айта кетсек, елімізде вейп сатуға тыйым салатын заң нормалары да жақында ғана күшіне енді. Соңғы екі жылда елдегі вейп сатылымы 300 есе өскен. 2,5 жыл ішінде елге үш миллионға жуық вейп әкелініпті. Денсаулық сақтау туралы заң аясында вейп таратуға толық тыйым салынды.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ