Қырғызстанның жаңа президенті Садыр Жапаров өзінің ұлықтау рәсімінде банкет пен кортежден бас тартты, деп жазады РИА Новости.
“Мен арнайы кортежден, банкеттен және үлкен қаржылық шығындарға әкелетін басқа да ұйымдастырушылық шаралардан бас тарту туралы шешім қабылдадым, – деді ол. – Президент лауазымына кірісудің заңнамада талап етілетін міндетті рәсімдерін ғана ескеру және жүзеге асыру маңызды”.
Жаңадан сайланған қырғыз басшысының айтуынша, мемлекет өзінің барлық назарын халыққа және оның қажеттіліктеріне аударуы керек. “Қазан оқиғаларынан кейін қалыптасқан саяси жағдайды, республиканың экономикалық, қаржылық және эпидемиологиялық жағдайын ескере отырып, мұндай шақта біз ел экономикасы үшін ауыртпалық түсіретін іс-шаралардан бас тартуымыз керек деп санаймын”, – деп атап өтті Жапаров.
Қырғызстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы 10 қаңтарда өткен болатын. ОСК қорытынды мәліметтеріне сәйкес, Садыр Жапаров бірінші турда 79,2% дауыс жинап, жеңіске жетті.
Республиканың жаңа басшысын ұлықтау рәсімі 28 қаңтарда Қырғызстан мемлекеттік филармониясында өтеді.