Айдың-күннің аманында Сарыағаш ауданындағы қаршадай қыздың қылмыскер қолынан қаза табуы балаларға қарсы зорлық-зомбылық мәселесін тағы да кезек күттірмес проблемалар қатарына шығарып отыр.
Жалпы бұл тақырып ешуақытта күн тәртібінен түскен де емес. Балаларға қарсы қылмыстар, жас жеткіншектердің бір-біріне әлімжеттік жасауы, отбасындағы зомбылық мәселелерін жуырда өткен Ұлттық құрылтай кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын.
«Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті» деген Мемлекет басшысы отбасындағы келеңсіз оқиғаларының да қазақ қоғамын алаңдатып отырғанын тілге тиек етті. «Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жуырда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдаған Мемлекет басшысы балалардың құқығын қорғау мәселесі мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін тағы да баса айтты.
Президент балалар арасында зорлық-зомбылық және буллинг фактілері әлі де азаймай тұрғанын атап өтіп, ата-аналармен, қоғамдық ұйымдармен, мүдделі мемлекеттік құрылымдармен өзара тығыз жұмыс істеу маңызды екеніне назар аударды.
Балаларға қарсы құқық бұзушылық проблемасының Президенттен бастап барлық деңгейде көтеріліп, айтылып келе жатқанына қарамастан, мамандар соңғы кезде мұндай сипаттағы қылмыстардың көбейіп кеткенін алға тартып отыр. Себебі неде? Заңымыз солқылдақ па? Адамдар азғынданып кетті ме? Бәлкім қоғамды ізгілендіретін рухани тәрбие жағы ақсап тұрған шығар? Шын мәнінде, мамандар мұндай қылмыстардың салдарымен емес, себебімен жұмыс істеу, яғни алдын алу шараларының жоқтығы қайғылы жағдайлардың орын алуына жол беріп отырғанын айтады. Мәселен, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның пікірі де осыған саяды.
«Түркістан облысындағы 5 жасар қыз бен Алматыдағы 7 жасар қызға қатысты болған екі қайғылы оқиға – жергілікті жерлерде профилактика жүйесінің жоқтығының тағы бір айқын дәлелі. Күн сайын балаларға қарсы 6 қылмыс жасалады. Оқиғалардың 70%-да бұл көмектің уақтылы көрсетілмеуі мен алдын алу шараларының болмауының салдары. Қазір жұмыс негізінен салдарлармен ғана жүргізіледі. Бұл екі жағдайда қайғылы оқиғалардың алдын алуға болатын еді», дейді ол.
Мәжіліс депутаты Қарақат Әбденнің пікірінше, қоғамда рухани тәрбиенің әлсіреп кеткені түрлі құқыққа қайшы әрекеттердің және қылмыстардың жасалуына себеп болып отыр. «Жыл басында біз Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының отырысын өткіздік. Сол кезде құқық қорғау органдарынан балаларға қарсы жасалатын қылмыстар санын сұратқанда соңғы жылдары статистика өзгермегенін көрдік. Яғни бұл санаттағы қылмыстар қатары кейінгі жылдары жоғарыламаса да, әлеуметтік желілердің арқасында қоғамдық дүмпу туғызып жатқаны айтылады. Дегенмен мен рухани тәрбиенің ақсап жатқандығынан ресми статистикаға қарамастан, балаларға қарсы қылмыстар көбейді деп ойлаймын» дейді ол.
Бұл ойды адвокат, «AU» құқықтық мектебінің негізін қалаушы Айман Омарова да құптайды. Оның айтуынша, заңды қатаңдату проблеманы түпкілікті шешпейді. Ол осы бағытта қолға алынатын шаралардың бірі ғана болуға тиіс. Ал балаларға қарсы қылмыстарға барынша тосқауыл қою үшін кешенді шаралар керек.
– Ең алдымен ата-ана және балабақша мен мектеп тарапынан бақылауды күшейту керек. Жас жеткіншектер ненің ақ, ненің қара екенін біле бермейді. Сондықтан ес білген шақтан оларға көп нәрсені үйрету керек. Мәселен, АҚШ-та балаға 1 жастан бастап-ақ: «Мынау сенің қолың, мынау аяғың» деп барлық дене мүшелерін көрсетіп, басқа адамдарға ұстатуға болмайтын жерлерін айтып түсіндіреді. Бала есейген сайын жыныстық тәрбиені тереңірек үйретеді. Мұндай алдын алу жұмыстары педофилия секілді қылмыстардың азаюына өз септігін тигізіп отыр. Ал біз кішкентай балаларға көшеде кездескен адамға сәлем бер деп айтамыз. Тәрбие тұрғысынан бұл да дұрыс шығар, алайда қазіргі күні оның қауіпті жағы да бар, – дейді ол.
Айман Омарованың пікірінше, балаларға қарсы қылмыстардың бәрі бірдей құқық қорғау органдарында есепке алына бермейді. Сондықтан ресми статистика бойынша жағдай тұрақты болып көрінуі мүмкін. «Құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың салдарынан қылмыскерлер жазадан құтылып кететін жайттар аз емес. Сыбайлас жемқорлық – терроризмнен де жаман. Соның салдарынан біз еліміздегі қылмыстардың шын ауқымын біле алмай жатырмыз», дейді ол. Адвокаттың пікірінше, балаларға қарсы қылмыстардың көбеюіне ықпал етіп отырған себептердің бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық. «Отбасындағы жанжалдарды, әкесінің анасын ұрғанын көріп өскен бала өзіне қарсы сексуалды сипаттағы қылмыстар жасалса да, оны ешкімге айтпайды. Мен қазір осы сипаттағы 6 оқиғаны қарап жатырмын. Екеуінде өгей әке, төрт жағдайда туған әкесі өз қыздарына жыныстық қысым жасаған. Балалар оны анасына айтқысы келеді, бірақ әкесінің анасын ұрып жүргенін көрген бала одан көмек сұрағаннан ештеңе шықпайды деп үнсіз қалады», дейді құқық қорғаушы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде отбасы тәрбиесінің әлсірегенін айтқан болатын. «Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді», деді Мемлекет басшысы.
Соңғы уақыттары, әсіресе Сарыағаштағы оқиғадан кейін педофилдер үшін өлім жазасын қайтару туралы әңгіме тағы да көтерілді. Осыған қатысты пікір білдірген депутат Қарақат Әбден өлім жазасын қайтаруға белгілі бір кедергілер бар екенін жеткізді.
– Иә, осы сипаттағы ауыр қылмыстарды жасайтын адамдарға, адамдар емес, хайуандарға ату жазасын қайтаруды сұрайтындар көп. Бірақ мына нәрсені назарға алу керек. Бізде әлі де сот жүйесінде қателіктер көп. Оны күнделікті өмірден көріп жүрміз. Осы саладағы келеңсіздіктерді жоймай, ату жазасын қайтаруды дұрыс емес деп ойлаймын. Егер кінәсі жоқ адам ату жазасына кесіліп жатса не болмақ? Сондықтан мен ең ауыр жаза ретінде өмір бойы бас бостандығынан айырудың тағайындалуын қолдаймын. Балаларға қарсы зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыскерлерге осы жазаны тағайындау керек», деді ол.
Қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен бала құқықтарына қарсы қылмыстардың алдын алу инфрақұрылымы мен тетіктерін жасау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді. Атап айтқанда, сол шаралардың бірі – отбасымен жұмыс істеу жұмыстарын үйлестіру жөніндегі функцияларды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктердегі Әлеуметтік қорғау басқармаларына заңды түрде бекітіп, аясын кеңейту. Бұл басқармалар Отбасын қолдау орталықтары мен мобильді топтар арқылы учаскелік бөлімшелермен тығыз байланыста жұмыс істеуге, келіп түскен ақпарат бойынша жедел әрекет етуге және қажет болған жағдайда азаматтарға, отбасыларға, балаларға барлық қажетті бейіндік қызметтер мен басқармаларды (білім беру , денсаулық сақтау және т.б.) тарта отырып, атаулы кешенді көмекті ұйымдастыруға тиіс.
– Бұл неліктен маңызды? Қазір әкімдіктерде барлық қажетті қызметтерді тарту арқылы алдын алу шараларын жүргізетін, отбасымен, балалармен уақытылы жұмыс істейтін, бұрын сотталған адамдарды оңалту мен қайта әлеуметтендіру және т.б. жауапты үйлестіруші басқарма жоқ. Одан бөлек, заңда медициналық-әлеуметтік есепке алу туралы норма бар. Ол көмекке мұқтаж, жағдайы төмен отбасылар мен балаларды анықтап, оларға көмектесуді ұйымдастыруды көздейді. Алайда бұған жауапты мемлекеттік орган әлі анықталмағандықтан, аталған заң жұмыс істемейді, – дейді ол.
Сонымен қатар Динара Зәкиева жағдайы төмен отбасылар мен балаларды анықтап, көмек ұйымдастыру жөніндегі мобильді топтарды заңнамалық тұрғыдан бекіту, еліміздің 152 ауданында Отбасын қолдау орталықтарын ашу, балалар да, ересектер де білетін және кез келген уақытта көмек сұрай алатын бірыңғай мемлекеттік анонимді сенім телефонын, яғни байланыс орталығын құру, т.б. маңызды бағыттарда жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
– Қылмыстарды тергеу кезінде көп жағдайда (60%) отбасында балаға қатысты не болып жатқанын естіген және білген, бірақ хабарлауға қорыққан не ол іске араласқысы келмеген адамдардың болғаны анықталады. Сондықтан анонимді сенім телефоны керек. Әрине, жағдайлар мен хабарламалардың бәрін мемлекеттік органдар тексеруі керек. Заңнамаға балалардың қауіпсіздігі мен жазаның бұлтартпастығы мәселелеріне қатысты өзгерістер пакетімен жұмыс істеп жатырмыз. Осындай қылмыстық істердің 30%-ы тараптардың татуласуымен жабылып жатады. Өкінішке қарай, мұның соңы ауырырақ қылмыстарға әкеліп соғады. Бұл жұмысты Парламентпен бірлесіп күзде бастаймыз деген үміттемін, – деді еліміздің Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева
Бейбіт елде балаларымыздың өз әкесінен немесе көршісінен жапа шегіп, өлім құшып жатқаны – әділетті Қазақстанның атына сын. Бұл келеңсіздікпен қоғам болып бірлесіп күреспесек, қайғылы жағдайлар қайтала беретіні талас тудырмайды. Сарыағаштағы сойқан – көп оқиғаның бірі ғана.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ