Қыдыр ата (а.с.) тұлғасы – ғасырлар бойы зерттеліп, әлі де жалғасын тауып келе жатқан феномен. Себебі, ол адам туралы жазылған деректер әртүрлі, түсініктер де әр алуан.
Мысалы, бір анықтама бойынша, Қыдыр ата (а.с) – Ислам дініндегі пайғамбар. Құран Кәрімнің «Кәһф» сүресінде Мұса пайғамбар (а.с.) сапарға шыққан кезде Қыдырға (а.с.) жолыққаны, Алланың оны Мұсаға (а.с.) тағылым үйрету үшін арнайы жібергені жайлы айтылады. («Кәһф» сүресі, 60-82 аяттар).
Екінші бір анықтама бойынша, ол – мифтік бейне. Түркі халықтары мифологиясында Қыдыр бейнесінің астарынан Ислам дініне дейінгі және одан кейінгі кезеңде пайда болған екі діни-фольклорлық дәстүр түсінігі аңғарылады.
Кей халықта ол «теңізде сапар шегушілердің қамқоршысы» деп есептелсе, үнділер «су иесі» деп қабылдаған, сондай-ақ кейбір халықтарда «өрттен, су тасқынынан, ұрлықтан, жылан шағудан сақтайтын пір» деп те есептеледі.
Осындай әртүрлі түсініктің пайда болуына Қыдыр атаның Құран Кәрімге дейінгі қасиетті (Мысалы Таурат) кітаптарда кездесіп, «Илия» деп тілге тиек етілуі, Ислам ғалымдары Құран мен хадиске сүйене отырып, әртүрлі көзқарастарды білдірулері және де оның тұлғасының қазақ және өзге ұлттардағы жыр-дастандарға батыр, әулие, пайғамбар ретінде енуі себеп болып отыр.
Сонымен қатар, қазақ халқының жыр мәтіндерінде де Қыдыр ата мен Қызыр ата, Ілияс есімдері дербес үш тұлға ретінде аталады («Қызыр ата, қырық шілтен; Қыдыр менен Ілияс; олар да болсын жолдасың» немесе «Қызыр, Ілияс жар болып, Қыдыр ата қолдасын»). Осыған байланысты «Қыдыр» мен «Қызыр» (Хадир, Хидр, Хизр) бейнелерінің екі түрлі мифтік бастаудан өрбіп, уақыт өте, есімдерінің сыртқы ұқсастығына және мифтік сәйкестігіне қарай бір бейне ретінде түсіндірілгенін топшылауға болады.
Бірақ, біз бүгінгі әңгімемізде ол кісіні дін тұрғысынан қарастырамыз. Яғни, Қыдыр туралы екі көзқарастың біріншісі – дұрысы және сенімдісі.
Бұл кісі не үшін Қыдыр атанды? Хадисте оның аппақ ұлпа жүнге отырғанын, сол ұлпаның оның арқасынан жасыл түске айналып, желпілдеп тұрғаны айтылған. [Имам Бухари, «Сахих» 2/247.] Әл Хаттаби болса: «Ол кісі жүзінің нұрлылығы мен көркінің әдемілігі себепті «Жасыл» деп аталған», – дейді. [Ибн Касир, “Бидая уә Ниһая” 1/327].
Яғни, түсінгеніміздей, «Қыдыр» сөзі «жасыл» деген мағынаны білдіреді. Бұл «Хыдыр» деген арабша сөз (الحضر) қазақ әдебиетінде «Қызыр» деп жазылса, халық ауыз әдебиетінде «Қыдыр» деп айтылады. Оның себебі, арабтардың «Дад» (ض) деген әрпінің не толықтай «Д» (ض) әрпіне, не толықтай «З» (ظ) әрпіне жатпайтындығы.
Міне, осы себепті бұл сөз әртүрлі жазылады. Қазақша дыбысталу ерекшелігіне қарай алғанда «Хыдыр» не «Қыдыр» деуге де болады. Бірақ, оны Рамазан айында келетін Қадыр түнімен шатастырмау керек. Қадыр түні Хыдыр ата (а.с.) келеді деген түсінік өрескел қате.
Бұл адам туралы сөз қоғамас бұрын көзі қарақты оқырман ол кісі туралы Құран мен хадисте айтылған діни мәтіндерді оқып танысуы қажет деп таптым. Сонда ғана, оқырманға көп дүниелерді түсіну оңайға түседі.
Мұса пайғамбар (ғ.с.) мен Қыдыр ата туралы қисса
Мұса пайғамбар (а.с.) мен Қыдырдың (а.с.) оқиғасы «Кәһф» сүресінің 60-82 аяттарында баяндалған. Бірақ Құран аяттарында Мұса (а.с.) пайғамбарға серік болған адамның аты айтылмайды, ол жай ғана «Құлдарымыздың ішіндегі бір пенде» деп аталады.
Мұса (а.с.) пайғамбар ілескен адамның Қыдыр (а с.) екендігі хадисте айтылған. «Имам Бұхаридің айтуынша, Сағид ибн Жубайр атты табиғин Ибн Аббас атты сахабаға: «Нуф Әл-Бәкәли деген кісі Қыдыр атаның замандасы болған Мұса жөйіттердің Мұсасы емес, ол басқа Мұса деп жүр», – деді. Сол кезде Ибн Аббас (р.а.) «Ол Құдай атқыр аузына келгенін айтады. Бізге Убай ибн Кағб мынандай хадис жеткізді:
«Бір күні Мұса пайғамбар Бәни Исраил қауымына уағыз айтып тұрғанда, одан: «Адамдардың ең білімдісі кім?» – деп сұрайды. Сонда Мұса (а.с.) пайғамбар «Мен» деп жауап береді. «Алла біледі» деп айтпағандығы үшін, Алла тағала Мұса (а.с.) пайғамбарды айыптайды. Оған уахи етіп, Алла былай дейді: «Екі теңіздің қосылған жерінде бір пендем бар, ол сенен де білімдірек». Сонда Мұса: «О Раббым! Оны қалай табамын?» – дейді. Оған: «Себетке балық салып ал балықты қай жерде жоғалтсаң, оны сол жерден табасың», – деп жауап қайтарылады».
Сонымен Мұса (а.с.) жолға шығып, жанына қызметкер ретінде Юша ибн Нун деп аталатын бір жас баланы серік етіп ертіп алады. «Сол уақытта Мұса (а.с.) қызметкеріне: «Екі теңіздің қосылған жеріне жеткенге дейін тоқтамаймын немесе жаяу жүріспен жылдар өткіземін», – деді.
Екеуі екі теңіздің құйғанына жеткен кезде, балықтарын ұмытты. Сонда (балық) ыршып түсіп теңізден жол алды. Оларда өздерімен бірге алып шыққан қуырылған балық болды. Ал екі теңіздің құйған жері деген – Қызыл теңіздің қос қапталы болатын.
Аталмыш мекенге жеткенде Мұса (а.с.) ұйқыға кетті де, Юша ояу отырды. Сол кезде әлгі қуырылған балық тіріліп, себеттен секіріп теңізге түсіп, жүзіп кетеді. Алла балыққа судың ағысын тоқтатты. Сонда су доға тәрізді болып қалды.
Юша бұл жайтты тамашалап отырды. Бірақ, Мұса (а.с.) оянғаннан кейін оған айтуға ұмытып кетеді. Сапарларын одан әрі жалғастырып, «екеуі ілгерілеп барған кезде, Мұса (а.с.) қызметкеріне: «Азығымызды әкелші. Расында бұл сапарымызда шаршадық», – деді. (Юша): «Қап, қара басқанын қарашы! Таста дем алғанда балықты ұмытқан екенмін. Маған оны айтуды шайтан ұмыттырды. Ол таңғажайып түрде теңізден жол алды», – деді. Сол жағдай балыққа жүзу болды. Ал екеуіне таңданыс тудырды. (Мұса (а.с.)): «Міне, іздегеніміз осы», – деп екеуі ізінше қайта қайтты. Сонда екеуі Өз тарапымыздан мархамет беріп, Өз қасымыздан ілім үйреткен пенделерімізден бірін тапты».
Екеуі осылай артқа қайтып, ақ киім киген Қыдырды (а.с.) кездестірді. Мұса (а.с.) оған сәлем берді. Ол да оған сәлеміне сәлеммен жауап қайтарып: «Сенің жеріңде сәлем қайдан болсын?» – деді. Мұса (а.с.): «Мен – Мұсамын», – деді. Сонда Қыдыр (а.с.): «Жөйіттердің Мұсасы ма?» – дегенде Мұса (а.с.): «Иә, Саған үйретілген даналықтан маған да үйретуің үшін саған ерейін бе? Жолдасың болайын ба?» – деді. Ол: «Мұса, мен Алланың көп білімінің ішіндегі бір біліміне иемін. Алла оны маған үйреткен. Сен оны білмейсің. Сен де Алланың көп білімінің ішіндегі бір білімге иесің. Алла оны саған үйретті. Мен оны білмеймін. Расында сен менімен бірге (жүруге) шыдай алмайсың. Ішкі сырын толық білмейтін нәрсеге қалай сабыр ете аласың?» – деді. (Мұса): «Алла қаласа, мені сабырлы қалпымда табасың. Сондай-ақ, саған ешбір істе қарсы келмеймін», – деді».
Сонда Қыдыр (а.с.): «Ал онда маған ілессең, өзім айтпайынша, менен ешнәрсе сұрама», – деді».
Олар осыған келісіп, Мұса (а.с.) Юшаны елге қайтарып, өздері жолға шығады. «Сөйтіп, екеуі жолға шықты да, кемеге түсіп, (Қыдыр) кемені тесе бастады». Ішіне су кірген кеме бата бастады. Кемедегі балықшылар ішке кірген суды сыртқа төгіп, әбігерге түсті.
Қыдырдың (а.с.) бұлай істегеніне Мұса (а.с.) таңырқап: «Кемедегілерді суға батыру үшін тестің бе? Рас орынсыз іс істедің», – дейді». Қыдыр (а.с.): «Саған менімен бірге әсте сабыр ете алмайсың демедім бе?», – деді. Сонда Мұса (а.с.) Қыдырға (а.с.) берген уәдесі есіне түсіп: «Ұмытқан нәрсемді есепке алма. Маған ісімде қолайсыздық тудырма», – деді».
Мұнан кейін олар бір жағажайға түсіп, біраз жүрген соң Қыдыр (а.с.) ойнап жатқан балалардың қасына келіп, олардың біреуін жығып құлатып, мойнын бұрап өлтіріп тастайды. Көз алдында кісі өліміне куә болған Мұса (а.с.) шыдап тұра алмай: «Кісі өлтірмеген жазықсыз біреуді өлтірдің бе? Рас, жаман нәрсе істедің», – дейді». Қыдыр (а.с.) тағы да: «Сен менімен бірге жүруге әсте шыдай алмайсың демедім бе?» – деді». Мұса (а.с.) «Егер бұдан кейін бір нәрсе сұрасам, тіпті мені жолдас қылма. Рас, мен тараптан үзірге жеттің», – деп соңғы уәдесін берді.
Сосын шаршап-шалдығып, қарындары ашып бір ауылға келеді. Бірақ, ол ауылдың адамдары бұларды үйлеріне түсіріп, қонақ қылмайды. Екеуі үйлеріне түсуге сұранса да, қабылдамайды. Сонда олар ауыл сыртына шығады.
Қараса бір дуал қаңырап, құлайын деп тұр екен. Қыдыр (а.с.) барып ол дуалды түзетіп қояды. Мұса (а.с.) оның қонақ күтуге жарамаған ауыл адамдарының құлайын деп тұрған дуалын еш ақысыз жөндеп бергеніне таңырқап қалады.
Алла Тағала: «Сонда екеуі тағы жүріп, бір ауыл халқына барып, тұрғындарынан тамақ сұрады. Олар екеуін қонақ қылудан бас тартты. Сонда екеуі ол жердегі жығылғалы тұрған тамды көріп, (Қыдыр) оны жөндеді. (Мұса): «Егер қаласаң бұған ақы алар едің», – деді. (Қыдыр): «Міне, осы, мені мен сен екеуміздің арамыздың айырылуы. Ал енді саған сабыр ете алмаған нәрселеріңнің сырын айтайын. Кеме теңізге кәсіп істейтін кембағалдардікі еді. Оны ақаулы еткім келді. Өйткені, арт жақтарында әрбір (жарамды) кемені тартып алатын патша бар еді.
Ал баланың мүмін әке-шешесі бар тұғын. Оның әке-шешесін бас тарттыруға, қарсылыққа мәжбүрлеуінен, кәпір ететіндігінен қорықтық. Раббылары оларға оның орнына одан да таза әрі мейірімді бір бала беруін қаладық.
Ал енді дуал, бұл қаладағы екі жетім баланікі болып, оның астында екеуіне тиесілі қазына бар еді. Сондай-ақ әке-шешелері түзу кісі болғандықтан Раббың оларға қазыналарын шығарып алуын қалады. Бұл Раббыңнан бір мархамет еді. Сондай-ақ мұны мен өздігімнен істемедім. Міне, осы сенің сабыр ете алмаған істерің», – деді», – деп айтқан. [Сахих Бұхари, 1/35, 2/245, Сахих Муслим 4/1847].
Ибн Аббастың (р.а.) тәпсірлеуінше, Қыдыр (а.с.) кемені тескен кезде бір патша жолында кездескен барлық кемелерді тартып алып келе жатқан болатын. Тесілген кемені көрген патша оны керек қылмастан алмай кетеді [Ибн Хажар, “Фәтхул Бәри фи шарх Сахих Бухари” 18/21, “Шарх Сахих Муслим ли Нәуәуи” 15/144]
Ал Қыдыр (а.с.) өлтірген балаға келсек, Алла Тағала бұл баланың ержеткенде залым, кәпір, ата-анасына жәбір беруші адам болатындығын біліп, оны өлтіруге әмір етті. Сөйтіп бұл баланың орнына мүмін әке-шешесіне ізгі бір бала сыйлады. [Тәфсирул Қуртуби, 6/4076]
Енді оның ауыл шетіндегі қаңыраған дуалды түзетіп қойғандығын айтсақ, ол дуалдың астында бір марқұм жақсы кісінің екі баласына тиесілі қазына жатыр еді». [Тәфсирул Қуртуби, 6/4076].
Міне, осы қиссадан алар ғибраттар мен сабақ бар.
Хадиске түсініктеме
Бұл хадис өте ұзақ және өзінің ішінде өте қызықты детальдар қамтылған. Алайда, біз тек тақырыбымызға байланысты кейбір деректерге ғана тоқталамыз.
Имам Бұхаридің айтуынша, Сағид ибн Жубайр атты табиғин Ибн Аббас атты сахабаға: «Нуф Әл-Бәкәли деген кісі Қыдыр атаның замандасы болған Мұса жөйіттердің Мұсасы емес, ол басқа Мұса деп жүр», – деді.
Имам Ән Нәуәуи (Алла рақым етсін) атты ғалым: «Нуф – жөйіт (Бану Исраил) ғалымдарының бірі әрі төреші қазыларынан болған. Оның: «Қыдыр атаның замандасы болған Мұса – жөйіттердің Мұсасы емес», – деуінің себебі, ол бұл мәселеде Тауратты ұстанушылардың пікірін айтқан. Олардың пікірінше, Қыдыр атаның замандасы болған Мұса – Имранның ұлы Мұса емес, Мишаның ұлы Мұса», – деп түсіндірген. [Қараңыз: Хафиз Бадруддин әл Айни, “Умдотул Қори фи шарх сахих Бухари”, 2/162].
Яғни, Мұса (а.с.) пайғамбар Ислам діні келместен бұрын өмір сүргені белгілі. Оған Таурат кітабы түскен. Ал Тауратта Қыдыр ата туралы айтылған. Сол себепті, бұл қисса өзге дін өкілдеріне түрлі нұсқада жетіп, әртүрлі қып жазылғаны белгілі болып отыр.
«Екеуі осылай артқа қайтып, ақ киім киген Қыдырды кездестірді. Мұса оған сәлем берді. Ол да оған сәлеміне сәлеммен жауап қайтарып: «Сенің жеріңде сәлем қайдан болсын?» – деді».
Имам Муслимнің нұсқасында (4/1851) Мұсаның (а.с.) «Әссәләму алейкум» деп амандасқаны және Қыдырдың (а.с.) «Уә алейкум әссәләм» деп жауап қайтарғаны айтылады. Бұл риуаят Қыдырдың (а.с.) «Әссәләму алейкум» деп Мұсаның (а.с.) амандасқанына таңданыспен қарағанын байқатады. Бұны «Сенің жеріңде сәлем қайдан болсын?» – деген сөзі нақтылай түседі.
Бұдан шығар қорытынды, Қыдырдың әлемі бөлек. Біздің түсінігіміздегі әлемге ұқсамайды. Хадисте: «Сол кезде әлгі қуырылған балық тіріліп, себеттен секіріп теңізге түсіп, жүзіп кетеді. Алла балыққа судың ағысын тоқтатты. Сонда су доға тәрізді болып қалды («мынандай ойық тәрізді» деді). Юша бұл жайтты тамашалап отырды» деген жолдар бар.
Яғни, екеуі сол доғаның бойымен жүріп, Қыдырдың (а.с.) әлемінде онымен кездесулері де ғажап емес. Алла жақсырақ біледі.
Исламтанушы Құдайберді Бағашар өзінің «Қыдыр ата кім?» атты мақаласында: «Тіпті, өмір сатыларының бірінде оның өзіне тән кейіпте өмір сүріп жатқанын, рухани жетілуде «Қыдыр деңгейі» деген биік деңгей бар екенін, сол деңгейге жеткендердің онымен кездесуі әрі өзінен тіке дәріс алуы мүмкін екеніндігін де білдірген», – деп, осындай көзқарасты кейбір ғалымдардың ұстанғанын айтады.
Міне, Қыдыр атаның тұлғасы осы себепті феномен деуге болады. Бұл, әлі де зерттелуі тиіс тақырып.
Мұса (ғ.с.) артық па, Қыдыр ма?
Хадисте: «…Мұса: «Иә, Саған үйретілген даналықтан маған да үйретуің үшін саған ерейін бе?» – деген Мұсаның (а.с.) сөзінен, Қыдыр (а.с.) одан артық деген ой тумау керек. Олай ойлайтындар туралы атақты Құран тәпсіршісі (муфассир) имам Қуртуби (Алла рақым етсін): «Мұндай түсінікке барғандар (Мұсадан Хыдыр артық деген) шынымен шолақ ойлағандар. Өйткені олар Алланың Мұсаға (а.с.) берген расул-пайғамбарлық, Алланың сөзін тікелей есту, Таурат кітабын түсіру ерекшеліктерін ескермегендер. Бұл ғана емес, жөйттердегі нәби-пайғамбарлардың барлығы Мұсаның (а.с.) шариғатымен жүруге міндеттелген. Тіпті Иса (а.с.) пайғамбар мен Қыдыр ата (а.с.) да соның пайғамбарлығын жалғастырған.
Қыдыр (а.с.) – расул пайғамбар емес, нәби-пайғамбар. Расул-пайғамбардың нәби-пайғамбардан дәрежесі жоғары. Тіпті оны расул-пайғамбар десек те, Мұсаның (а.с.) расулдығы ауқымды, үмметі де көп. Сондықтан Мұса (а.с.) Қыдырдан (а.с.) артық.
Ал Қыдыр ата (а.с.) пайғамбар емес, әулие десек, шариғат бойынша әулие пайғамбардан төменгі орындағы тұлға. Бұл ақылмен де, нақылмен (Құран және сүннетпен) бекітілген тұжырым. «Пайғамбардан әулие артық» деген адам кәпір болады. Ал Мұсаның (а.с.) Қыдырдан (а.с.) даналық үйренуі үшін келуі, ол Алланың «сабақ алсын» деп Мұсаға (а.с.) істеген сынағы», – деген. [«Тәфсирул Қуртуби», 1/331].
Қыдыр – пайғамбар ма, әулие ме?
Бұл мәселеде ғалымдар бірауыздан келіспеген. Кейбір ғалымдар оны әулие құл десе, басқалары нәби-пайғамбар деген. Тіпті періште дегендері де бар. [Ибн Хаджар Асқаляни «Фәтхул Бәри фи шарх сахих Бухари», 2/500, имам Нәуәуи, «Минһадж фи шарх Сахих Муслим» 15/136].
Дегенмен оның пайғамбар болғандығы салмақты пікір. [«Фәтхул Бәри» 6/500, Ал Айни «Умдотул Қори» 2/91]. Имам Сәғләби (Алла рақым етсін): «Ол – пайғамбар», – деген [«Шарх Сахих Муслим» 15/136, «Фәтхул Бәри» 6/500].
Абул Фарадж ибн Жәузи (Алла рақым етсін) Қыдырдың (а.с.) пайғамбар екенін қабылдай отырып, былай дейді: «Мен бұл істердің ешқайсысын өз бетіммен істеген жоқпын» (Кәһф, 82-аят) деген аят оның уахи түсірілген пайғамбар екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, кейбір ерекше білімді Мұсадан артық білуі де соған дәлел. Өйткені, әулие құлдың пайғамбардан да білімді болуы мүмкін емес», – деген [әл-Айни, «Умдотул Қори» 2/91]. Ибн Хаджар Асқаляни (Алла рақым етсін) да осы көзқараста. [«Фатхул бәри» 1/329].
Қыдыр өлі ме, тірі ме?
Бұған да ғалымдар әртүрлі көзқарас айтқан. Имам Бадруддин әл-Айни әл-Ханафи (855/1451 ж.қ.б): «Ғалымдардың көпшілігі Қыдырдың (а.с.) қияметке дейін жер бетінде күн кешетінін айтқан», – деген. [әл-Айни, «Умдотул Қори» 2/91].
Кейбір ғалымдар Адам (а.с.) пайғамбардың оған жасаған дұғасының себебінен ұзақ өмір сүрген десе, басқалары оның өмір суын ішіп, көп өмір сүргенін білдірген» [Сонда, 2/91].
Әл Бағауи (516/1122 ж.қ.б.): «Төрт пайғамбар тірі. Олардың екеуі жерде. Екеуі аспанда. Жердегілер – Қыдыр мен Ілияс, аспандағылар – Иса мен Ыдырыс», – деген. [Али әл-Қари, «Мирқатул Мафатих» 10/169, ибн Хаджар «Фатхул бәри» 2/500].
Ибн әс-Салях (643-1245 ж.қ.б.): «Қыдыр (а.с.) – ғалымдар мен солихтардың көзқарасы бойынша тірі. Бұл тақырыпта көпшілік оларды құптайды», – деген. [ибн Хаджар, «Фатхул бәри» 6/500, имам Нәуәуи «Шарх Сахих Муслим» 15/136].
Имам Нәуәуи (676/1277 ж.қ.б): «Көптеген ғалымдардың көзқарасы бойынша Қыдыр (а.с.) әлі тірі, арамызда жүр», – деген [Имам Нәуәуи, «Шарх Сахих Муслим» 15/135-136].
Қыдырды (а.с.) мына адамдар көргені туралы риуаят жетті: Омар ибн Абдулазиз, Ибраһим ибн Адһам, Бишр әл Хафи және әл Қархи [Умдотул Қори, 15/413].
Ибн Хаджар Асқаляни (Алла рақым етсін) айтады: «Қазіргі уақытқа дейін Қыдырдың (а.с.) тірі екенін дәлелдейтін хасан сәнәдпен тек мына риуаят келген. «Риях ибн Абида: «Омар ибн Абдулазиздің қолына сүйеніп жүріп бара жатқан бір адамды көрдім. Әлгі адам кеткеннен кейін оның кім екенін сұрадым. Сонда Омар ибн Абдулазиз: «Сен оны көрдің бе?» – деп сұрады. Мен: «Иә», – дедім. Ол: «Сені ізгі солих адам деп білемін. Бұл – бауырымыз Хыдыр. Ол менің әділетті басшы болатынымды сүйіншілеп кетті», – деген [«Фатхул бәри», 6/501-502].
Алайда кейбір ғалымдар Қыдыр тірі емес деген және оған өз дәлелдерін келтіреді [«Шарх Сахих Муслим» 15/136]. Мысалы, имам Бұхари, Ибраһим әл-Харби, ибн әл-Мунади және ибн Жәузи атты ғалымдар осы көзқараста [“Умдотул Қори” 2/91, 15/413].
Ибн Қайиим әл-Жәузи [«Әл-Мәнар әл муниф» 67-бет] мен ибн Касир де [«Бидая уә Ниһая» 1/334] осыны қуаттайды.
Қыдыр қолдай ма?
«Қазақы түсінігімізде Қыдыр ата, жақсылық таратушы, қиналғанға көмектесіп, береке тасушы секілді ұғым бар. Сондықтан бата бергенде «Қыдыр дарысын», «Қыдыр қолдасын» деп айтып жатады. Бұл сөздері үшін күнәһар болды немесе Аллаға ортақ қосып діннен шықты дей алмаймыз.
Алайда, шариғаттың шеңберінен асып кетпеу – әрбір мұсылманға міндет. Бата бергенде халық арасында наразылық тудыратын немесе таласты сөздерді қолданбаған жөн», – дейді дін мамандары.
Жалпы, «Қыдыр қолдасын», «періште қолдасын», «пәленше қолдасын», «түгенше қолдасын» деген сөздер Ислам лекцикологиясында жоқ деуге болады, яғни, «пәлен қолдасын» деп айтатын Исламда үрдіс жоқ.
Әйткенмен, қазақ халқы «қолдасын» деген сөзді тілдік мағынада айтса керек. Яғни, Аллаға серік келтіру мақсатында емес. Әйтпесе, бір Алла деп өткен халық Аллаға ортақ қосуға апаратын іс-әрекет пен сөзге шақырмайды.
Мысалы, біреуге «баламды қолдай жүр» деп айтамыз. Немесе, Қыдыр атаның (а.с.) Алла берген кейбір ілімдері мен ерекшеліктері болғандықтан, «Қыдыр ата қолдасын» деген сөз пайда болған шығар.
Жоғарыдағы хадистен түсінгеніміз, бұл «қолдау» сөзінің ар жағында Қыдыр атаның (а.с.) үш жағдайда (кемені тесіп, патшаның ісіне тосқауыл бор, қарапайым адамдарға жәрдем беріп қолдауы; ата-ананы болашақта жауыз болатын баласынан қорғап, өлтіру арқылы оларға қолдау білдіруі; балалардың арғы аталары солих, ізгі болғандары үшін дуалды дұрыстап, байлыққа кенелулеріне жағдай жасап) қолдау білдіргенін ескеріп, «әрдайым Қыдыр ата секілді қолдаушыларың болсын» дегендік жатыр.
Тағы бір мысал, қазақта «Қыдыр жолдасың болсын» деген тіркес бар. Оны, ауыспалы мағынада түсінген абзал. Жоғарыдағы хадисте Мұса (а.с.) Қыдырдан (а.с.) «Сенің жолдасың болайын ба?» – деп рұқсат сұрайды. Яғни, Қыдыр ата (а.с.) секілді адамға Мұса (а.с.) жолдас болғысы келеді. Сондықтан қазақтар сапарға шыққан адамға «Қыдыр секілді бір жолдасты кезіктіруіңе тілектеспіз» деген түсінікпен «Қыдыр жолдасың болсын» дейді.
Сол секілді, «Қыдыр дарып, бақ қонсын» деген сөзге де мұқият назар аударсақ, оның ар жағында «Қыдыр секілді қабілеттерге ие болып, бақытты бол» деген тілек жатыр.
Сондай-ақ, халық арасында, «Қыдыр секілді кенеттен келіп, мені бәледен, қиындықтан арашалап қалдың» деген тіркес те бар. Қыдыр ата (а.с.) Құран мен хадисте айтылған үш түрлі жағдайда әлсіздерге кенеттен, ойламаған жерден келіп көмек көрсетті. Сол себепті, осы тіркесті қолдану халық арасында кең тараған.
Қазақ әдебиеті теориясында «метонимия» деген ереже бар. Өзара байланысты балама ұғымдарды қолдану, құбылыс орнына оның ерекше қасиетін көрсетуді «метонимия» дейді.
Метонимия сөз образдылығы мен ойды ықшамдау мақсатында қолданылады. Мысалы, Абай «Үйі мәз боп қой сойды, Сүйіншіге шапқанға» дегенде сүйінші сұрағанжандардың баспанасын емес, адамдарын айтады. Сол секілді, «Бұхариды оқыдың ба?» дегенде, имам Бұхаридың өзін емес, «Сахих» немесе өзге де еңбектерін оқыдың ба дегенді білдіреді. Міне, Қыдыр ата туралы тіркестер де осы тәрізді.
Негізі, Исламда тікелей Алланың панасына сыйыну, тікелей Алладан қорған тілеу үрдісі қалыптасқан. Хадистерде, сахабалардың өмірбаяндарына қарасақ, солай. Сол себепті, бұндай таласты сөздерді қолданбаған абзал. Бірақ, сол сөздерді естіп алып, ойланбай жатып «пәленше кәпір», «түгенше діннен шықты» деу асығыс шешім.
Алла баршамызды тура жолдан айырмасын! Әумин!
Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,
Халықаралық Журналистер одағының мүшесі