Сұрақ: Мен сапарға шыққалы тұрмын, құрбандықты Айттың алдында бір күн бұрын немесе айт намазына дейін шалсам рұқсат па?
Жауап: Исламдағы парыз болған әрбір құлшылықтың белгілі уақыты, мезгілі бар. Мысалы, бес мезгіл намаздың өз уақыттары немесе Рамазандағы оразаның өз мезшілі бар және т.б.
Уақыты келмей намаз оқылмайды, Рамазан айы кірмей тұрып, парыз ораза ұсталмайды. Дәл сол сияқты құрбандық малының да шалынатын өз уақыты бар.
Адам қаншалықты асығыс немесе машғұл болғанымен шариғат белгілеген уақытты күтуі шарт. Әл-Барра ибн Азиб есімді сахаба: «Құрбан Айт күнінде пайғамбар (с.ғ.с.) айт намаздан кейін бізге құтпа оқып: «Біз сияқты намазды орындаған және біз сияқты құрбан шалған адам оны дұрыс орындаған болып саналады. Ал кім құрбанды айт намазына дейін шалса, мүлде құрбан шалмаған болады», – деді.
Мұны естіген Әбу Бурда: «Уа, Алланың елшісі! Мен қойымды намазға дейін шалып қойдым. Өйткені бүгін мереке және адамдар жеп-ішетінін білдім, әрі қойымның үйде шалынған құрбандықтың алғашқысы болуын қаладым! Осы себепті де мен қойымды намазға келмей тұрып бауыздап, жеп алдым», – дейді.
Бұған пайғамбар (с.ғ.с.): «Сенің қойың тек ет болып қана есептеледі», – деді», – деген уақиғаны баяндаған.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ