Сұрақ: Құрбандық кімге арнап шалынады?
Жауап: Ислам монотеистік дін, сондықтан да жалпы айтқанда діндегі құлшылықтың барлығы Құдай Тағаланың разылығыны ие болу үшін жасалады. Сол сияқты Құрбан айт күнінде шалынатын құрбандық малы да Алланың разылығына арналмақ.
Құранда: «Намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббысы Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын!» – де», – деген аят келеді («Әнғам» сүресі, 162-163).
Ал енді Құрбан айт күніне орайластырып, малды қонақ күту мақсатында сояр болсаңыз, онда шалған малыңыз құрбандық саналмайды. Сол үшін құрбандық шалған уақытта мұқият болмақ керек.
Әли ибн Әбу Толиб пайғамбардың (с.ғ.с.): «Алла Өзінен басқасы үшін құрбандық шалған адамға лағынет айтады», – деп айтқан хадисін риуаят қылған (Мүслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ