Биыл зұлхижжа айы 22 шілдеден басталды. 30 шілде – Арапа күні. 31 шілде мен 1-2 тамыз – Құрбан айт күндері болып саналады. «Пандемия кезінде мешіттердің жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды», – деп атап өтті Бас мүфти.

Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Ал құрбан шалу – Хақтың ұлылығын мойындау! Бұл – елдің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мейрам.

Құрбан шалу – иесін сараңдықтан сақтайтын, жақсылыққа бастайтын жол. Айт сөзі – қайту, оралу, қуанышты күн деген мағыналарды білдіреді. Бір-бірімен тығыз байланысып жатқан ұлық мерекеде ерекше құндылық бар екені сөзсіз.

Қадірін білгенге Алланың әр таңы берекелі әрі қымбат. Бүгінгі күн ертең қайта айналып келмейді. Осылай бола тұра Алла Тағала пендесі үшін, оның көбірек сауап жинауына көптеген мүмкіндік сыйлайды.

Ал, Арапа күні ораза тұту – сүннет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген (Муслим).

Құрбан айт күндерінде жағдайы бар адамға құрбан шалу – уәжіп болады. Құрбан шалу – құлдың Алла Тағалаға жақындауы үшін әрі күнәлары кешірілу үшін міндеттелінеді. Осылайша әрбір пенде Жаратушының көптеген нығметтеріне шүкір етеді, өзінен жағдайы төменге қарайласып, жәрдем қолын созуына мүмкіндік береді.

Алла Тағала Рамазанды айлардың сұлтаны етсе, түндердің қадірлісін – Қадір түні етті, ал жұманы күндердің жақсысы етіп таңдады. Құлым есепсіз сауапқа кенелсін деп, риясыз құлшылық жасауға үндеді. Соның бірі – зұлхижжа айының алғашқы он күні болып саналады.

Алла Тағала Құран Кәрімде «Фәжр» сүресінің 2-аятында: «(Зұлхижжа айының алғашқы) он кешіне серт», – деп ескертеді. Аятта айтылған ант осы күндердің ерекше екендігін, қасиеттілігін көрсетеді.

«Биыл мерекелер пандемия кезеңінде онлайн өткізіліп келеді. Десе де, карантин мерзімінің созылуы құлшылық пен ықыласқа кедергі емес дер едім. Себебі, биылғы құрбан айтта құрбандыққа мал шалушылар үшін жаңа мүмкіндік қарастырылуда. Онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан. Бұл жүйенің басты ерекшелігі – құрбандық еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Мұндай жоба елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр», – деп жазады ҚМДБ.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Qurban2020.muftyat.kz сайты іске қосылды.

Бұл сайт арқылы құрбан шалуға ниетті адамдар ешқайда бармай-ақ құрбандық шалуға онлайн тапсырыс бере алады. Қазірдің өзінде өтініш беру басталды. Мұнда еліміздің бүкіл аймағы қамтылған.

ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Ағыбайұлы:

«Сайт құрбан шалуға арналған өтініштермен бірге мұқтаждардың да өтінішін қабылдайды. Яғни, сіз өзіңіздің аз қамтылған отбасы екеніңізді дәлелдейтін құжатыңызды да сайтқа саласыз. Кейін өтініш қабылданған соң сойылған етті еріктілер мұқтаж жандарға жеткізеді. Одан бөлек Сіз шалынатын малды көрем десеңіз, біздің мамандар фото-видео түрінде көрсетілген нөмірге SMS-хабарлама жібереді», – деді.

Сондай-ақ, биылғы құрбандыққа тапсырыс тек kaspi gold банктік картасы арқылы қабылданады. Аталған банкпен жасалған келісімге сай банк тапсырыс берушінің барлық есебін ұсынатын болады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:

«Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде үйреншікті болған малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай, осы кезге дейін құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Осы ретте азаматтарға айтарым: пендешілікке салынбай, мал бағасын көтеріп пайда табуды емес, сауапты іске атсалысайық», – деді.

«Қазіргі пандемия жағдайында ешқайда бармай, ешкіммен байланысқа түспей, қашықтан құрбандық шалу мүмкіндігі бұл жолдағы жаңа дамудың көрінісі болып табылады. Qurban2020.muftyat.kz деп аталатын бұл сайтты техникалық тұрғыдан бақылау ҚМДБ-ның «Зекет» қорына тапсырылып отыр. Жаңа сайтта құрбандыққа шалынатын төрт түлік бағасымен қоса көрсетілген. Тапсырыс беруші сол жерден қажетті малды таңдай алады. Барлық  сойылған малдың еті  қайырымдылыққа, яғни мұқтаж жандарға үлестіріледі. Бұл жобаны келесі жылы да жалғастыру жоспарда бар екені айтылды. Айта кетуіміз керек, онлайн құрбандық шалу барысында имамдардың жұмысы – делдалдық емес, аталған рәсімді ұйымдастыру және құрбан еттерін мұқтаж жандарға үлестіру», – деп жазады ҚМДБ.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағаланың құзырында осы он күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді игі іс жоқ. Ендеше сол кезде тасбихты (субханалла), тахмидты (әлхамду лиллә), тахлилді (лә иләһа илләлла), тәкбірді (Аллаһу акбар) көбейтіңдер», – деген.

Зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер болып есептеледі. Осы күндері барынша ықыласпен ғибадат ету, көбірек ізгі іс істеу маңызды. Сондай-ақ Зұлхижжа айының алғашқы сегіз күнінде ораза ұстау – мұстахап амал болса, Арапа (зұлхижжаның тоғызыншы) күні ораза тұту – сүннет. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл күні ораза ұстады, мұсылмандарға да ораза тұтуды үлгі етті.

Ибн Масғұд былай деген: «Алла күндерден төртеуін, айлардан төртеуін, әйелдерден төртеуін өзгеше жаратты. Бұдан тысқары төрт кісі пейішке бірінші болып кірушілердің алдыңғы қатарында болады. Тағы басқа төрт кісіні пейіш шыдамсыздықпен күтеді.

Күндердің біріншісі – жұма. Бұл күнде бір уақыт бар, кім бұл сәтке тұспа-тұс келгенде, Алладан дүниелік не ақыретке тиесілі бір нәрсе тілесе, ол сөзсіз беріледі.

Екіншісі – Арафат күні. Арафат күні келгенде Алла періштелеріне: «Уа, періштелерім, менің пенделеріме қараңдар. Қиыншылықтарды көтеріп, қолында жоқтарды тойдыруда. Сендер куә болыңдар, мен оларды кешірдім», – дейді.

Үшіншісі – Құрбан айттың бірінші күні. Біреу Алла үшін құрбандық шалса, оның қанының алғашқы тамшысы күнәларының кешірілуіне себеп болады. Өзгеше күндердің төртіншісі – пітір садақа беріліп, мұқтаж және жарлылар қуандырылған күн. Мүминдер Рамазан оразасын ұстап, мейрамға жетсе, Алла періштелеріне: «Әрқандай жұмысшы жасаған ісі үшін ақы алады. Пенделерім парыз қылынған бір айлық оразаны ұстады. Ертең мейрамдайды, ақыларын беруіміз керек. Уа, періштелер, сендер куә болыңдар, мен оларды кешірдім», – дейді. Сонда біреу: «Уа, Мұхаммедтің үмметі, көңіл бөліңдер! Жаман істерің жақсы істерге алмастырылады!» – деп жар салады.

Ақын Абай:

«Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,

Қылғанменен татымды бермес жеміс», – деп жырлаған.

Демек, құрбан шалудағы басты мақсат – ниеттің тазалығы. Берекелі айда баршаңызға ізгі амалдар жасау нәсіп болсын деп тілейміз.

Тұрар ӘБУОВ,
дінтанушы

Пікір жазу