Сұрақ: Бір жиында дастарқан басында отырған қария әңгіме барысында: «Шырағым, Құдайдан қорыққан мен ұялған тең» деп айтқан еді. Сол сөз есімнен шықпай қойды. Бұлай деп айту дұрыс па?
Жауап: Ертеде бір жолаушы қалың орманға кіріпті. Жыртқыш аңның дауысын естіген ол, қорқып ағаштың үстіне өрмелеп шығады. Әлгі жыртқыш келіп, төменде әрі-бері жүріп, кетіп қалады. Жолаушы төмен түсіп, сапарын әрі жалғастырады.
Сөйтіп біраз жүрген соң бір ағаштың түбінде демалып жатқан адамға кезігеді. Оның мына ну орманда жан-жағына алаңдамай еркін ұйықтап жатқанына қайран қалады.
– Сен мұндағы жыртқыштардан қорықпайсың ба? Жатысың тым жайлы екен? – деп сұрайды. Ұйқыдан оянған жолаушы:
– Құдайдан басқа нәрседен қорқайын десем, Алладан ұялып жатырмын, – деп жауап берген екен.
Әңгімеден шығатын түйін, қорқыныштың дәрежелері болғаны сияқты ұяттың да мәртебелері болады екен. Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Ұят – иманнан» деп айтқан мәшһүр хадисі бар. Пенденің иманы неғұрлым күшті болса, Құдайдан қорқынышы, ұяты да соғұрлым күшті болмақ. Ондай адам тек күнә істерде емес, барлық уақытта, тіпті адамдармен болған мәмілесінде де ұят шеңберінен аспайды. Шынайы мұсылманның үлгісі – осы.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ