Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезекті Аппарат жиналысы өтті. Күн тәртібінде жеті бағыт бойынша 2021 жылдың алғашқы төрт айында атқарылған жұмыс есебі тыңдалды.
Еске сала кетсек, жыл басында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне бағдарламалық баяндамасын жолдаған болатын. Онда жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық берілетіні айтылды. Олар – ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс.
Аталмыш жиналыста ең алдымен Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов қаңтар-мамыр айларында ақпарат тарату мен қоғаммен байланыс бағытындағы жұмыстар жөнінде есеп берді.
«Есептік кезеңде www.muftyat.kz сайтына 1872 материал жүктелді. Атап айтқанда 1242 жаңалық, 88 мақала, 236 видео, 254 фото баннер, 52 сұрақ-жауап жарияланды. Діни басқармаға қарасты Муфтият және Hikmet TV Youtube арнасына 358 видеоматериал жүктелді. «Мұсылманның әлеуметтік желідегі әдебі» атты тәлімдік құжат әзірленіп, Ғұламалар кеңесіне ұсынылды. Ақпараттық алаңда «Жерлеу рәсімдерін біріздендіру» жобасын ілгерілетудің медиа жоспары әзірленіп, жоспар аясында республикалық басылымға екі мақала, республикалық екі радиохабар және облыстық деңгейде телеарналар мен газеттерге сұхбаттар ұйымдастырылды.