Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісі өтті.
Алда келе жатқан Рамазан айына дайындықты пысықтау мақсатында өткен мәжіліске наиб мүфтилер, Бас мүфти кеңесшілері, бөлім басшылары және 19 өкілдіктің бас имамы қатысты.
Жиында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы баяндама жасап, ұлық айда айтқаратын жұмыстарды жүйелеп, тыңғылықты дайындық жасап, оразаның қадір-қасиетін жамағатқа көбірек насихаттауға шақырды.
Наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы пітір садақасы, зекет, підияның биылғы мөлшері, Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков Құран хатым оқу топтарын бекіту, қариларды мешіттерге бөлу, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров Рамазан айында онлайн және офлайн дәрістер, уағыз-насихаттар және тарауық намазын өткізу жайлы баяндама жасады.
Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы Рамазан айында дәрістер, сұхбаттар, тікелей эфирлер ұйымдастырып, БАҚ беттерінде ұлық айдың насихатын күшейту, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұрбек Есмағанбет Ақсақалдар кеңесінің алдағы жұмысын ілгерілету, «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Қанат Қыдырмин Рамазанда атқарылатын қайырымдылық шаралары, Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов мешіттерге атау беру және кіші қажылық жұмыстарының жай-жапсары, «MUNARA TV» телеарнасының директоры Нұржан Дарқұлов Рамазан айында көрермендер көңілінен шығатын бағдарламалар ұйымдастыру жайлы баяндаса, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мажиев Рамазан айында облыстардағы өкілдіктерде атқарылатын іс-шаралардың негізгі жоспарын таныстырды.