Сұрақ: Қажылық пен ұмраны қарыз алып өтеуге бола ма?
Жауап: Қажылық жасау – мұсылманның бес парызының бірі. Шариғат бойынша ақыл-есі дұрыс, кәмелетке толған, денсаулығы жақсы, дүниесі жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман ғана қажылық парызын өтей алады.
Қажылық пен ұмра құлшылығы екеуі бір жерде жасалғанымен, олар бір-біріне ұқсамайды. Қажылық пен кіші қажылықтың айырмашылығының бірі – уақытында. Үлкен қажылық тек Зуль-Хижжа айында жасалатын болса, ұмраны жылдың кез келген мезгілінде жасауға болады.
Қарыз алып қажылыққа бару мәселесінде алған қарызын өтеуге көзі жетпесе, қажылыққа бару міндеттелмейді. Ал қарызын өтеуге мүмкіндігі болса рұқсат. «Бақара» сүресінің 286-аятында «Алла ешбір жанға шамасы жетпейтін нәрсені жүктемейді» деген.
Ұмра – шамасы жететін мұсылман үшін өмірінде бір рет жасау суннату муаккада (бекітілген сүннет). Басқа мәзһабтарда уәжіп деген көзқарастар да бар.
Икрам АЙТАЕВ