«Бұл қалай қабылданады?» деп едік, оқырманнан жақсы баға берілді. Сонымен, алдыңғы қажылық және қажылар туралы хикаялар желісінің келесі толқынын ұсынамыз.
Ибн Сириннің түс жоруы
Ибн Сирин хазірет «Кейбір ер өзін хұтба оқыр көрсе, сұлтанға, жоғарғы үкімет орнына жетер, егер оның лайықты кісісінен болмаса осылар» деп айтыпты.
Бірде одан бір кісі «Түсімде азан айтып тұрдым» деп сұрапты. Оған «Бәлә, қажыға барады екенсің», – депті.
Тағы бірде екінші бір кісі «Түсімде азан шақырып тұр екенмін», – деп сұрапты. Оған: «Сенің ұрлықпен қолың кесілер», – деп айтыпты дейді. Мұнан кейін ел Ибн Сириннен: «Неге екеуіне екі түрлі айттың?» – деп сұраса, «Екеуінің де түріне қарап айттым», – деп түрлі дәлелдер келтірген екен.
Ақынның қажылық сапары
Қоңырат Саңғылдар арасындағы деректерге қарағанда, ХХ ғасыр басында атақты Құлыншақ ақын қажылық сапарында өмірден өтіпті. Тек халықтың пікірі екіұдай: біреулері «бара жатқан жолда қайтты» десе, келесілері «қайтар жолда» дейді. Қалай дегенде де арқалы ақынның жуырда табылған «Елге сәлем» деген өлең жолдарынан оның теңіз үстіндегі кемеде дертті болып, Меккеге жетпей бақилық болғанының мағлұматын табамыз.
Ол жанындағы серіктері арқылы елге бүй деп хоштасу жырын жолдапты:
Адамзат келер, келер – жүзге келер,
Пендені үйде өлсе де түзде көмер.
Құдая, иманымды саламат қыл,
Ағайын қайда бізді іздеп келер?!
Шығып ек біз Меккені бетке тұтып,
Барады мына кесел әлімді ұтып.
Асылым іште қайнап кетіп барам,
Ағайын кідірмеңдер мені күтіп.
Үш жүздің халқы болсын тегіс аман,
Төтелеп келген кесел түрі жаман.
Тұрғанбай, елге менен сәлем жеткіз,
Алланың аманатын тапсырайын,
Қажылық қабыл болар өлсем маған.
Қаратау есік алды ерттеулі атым,
Ішіме жазылып ед барлық хатым.
Сәлем де ағайынға Құлыншақтан,
Есіңде болып жүрер менің атым.
Құлыншақ ортасында жүрген кезде,
Тыңдап еді барша халқым салған әнін.
Теңіздің мен ішпедім суын татып,
Бұл кесел келді қайдан құдай атып?!
Қу жалғыз ағайынға енді аманат,
Қайтейін бір көре алмай қалдым жатып…
Жамаяқ, елге енді сен аман бар,
Бұл жалған енді болар біздерге тар.
Қаратау басыңнан бақ арылмап ед,
Көруге енді сені боламын зар.
Ағайын, қош-есен бол, барлығыңыз,
Сіздерге соңғы сөзім осы болар!
Құран бағышталған қалмақ
Құлмағанбет қажының жазғы жайлауы Изенді көлі мен бір шеті Амантау, Ақтасты, Соналы өзендері болған. Жылқылары Құланөтпес бойында жатқанда, қалмақ барымташылары келіп, жылқы ұрлайды. Барымташылар жылқы күзетіндегі Есілбай батырды байлап тастамақшы болады. Бірақ Есілбай батыр бір қалмақты мерт қылып, жылқысын аман алып калады. Қалмақтар өлген адамын жоқтап, Кұлмағанбет ауылына елші жібереді. Қазақтар жағы дауды өршітпеу үшін жер, су, мал дауын әділ шешетін Қарағаш болысы Шоң Телғозыұлына хабар жібереді. Шоң болыстың шешімін былайша айтады:
– «Барымтаға келіп өлген кісі кінәлі. Оның құнына он екі күн Құран бағыштап оқылсын», – дейді. Қалмақ пен қазақ арасындағы дау бітіп, жылқылар жайылымға шыққанда, сол жайылымда қалмақтың ала аты өліп жатыр екен. Сол жер «Ала ат» атанып кетіпті.
Үндеместің ниеті
Ақпатша заманында Маңғытай Үндемес бай Мекке-Мәдинаға бармақшы болып, әлденеше рет жиналып, сәті түспей қалып қоя беріпті. Алайда ол соның бәрінде де қажылыққа бара жатқандарға үйір-үйір жылқы беріп, жолдарын қамдап, демеушілік еткен көрінеді.
Қартайған кезде де: «Құдай нәсіп етсе барармын» деп қасиетті орынға зиярат етуге кетіп бара жатқандарға көп пұл беріп, бұл жолы өзінің шын киімін де қосып береді және байекең:
– «Мына мал мен дүниені жолға жаратып, шын киімімді сол жаққа көміп, басына белгі қойып келіңдер», – деп өтінген екен.
Қажылар аманатты орындаған деседі.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан Қалназаров