Қажылық және қажылар туралы хикаялардың он екінші топтамасы келіп жетіп отыр. Мархаба!
Манкенттік Құббықожаның өлімі жайлы
Алла Тағаланың хақ жолына шынайы берілген Құббықожа қария бірде қажылыққа қарай жолға аттаныпты. Ол кісі өзімен бірге демеу болсын әрі Жаратқанның құлшылығын орындасын деген ниетпен екі перзентін де қажылық сапарына алып шыққан екен.
Мекке, Медина қалаларына аман-есен жеткен соң қажылықтың барлық рүкіндері мен шарттарын толық орындап біткен ол күндердің бірінде екі перзентін қасына шақырып, өзіне қолайлы жерлердің бірін таңдап, қабір қазуға бұйырады. Перзенттер әкесінің бұйрығын айтылғандай етіп орындайды. Күн батқан кезде балаларын қасына отырғызған әке өзінің көптен бергі іште жүрген өсиеттерін айтып перзенттерімен қоштасқандай насихатын жеткізіп, сөзінің соңында: «Мен осында қонамын деп ниеттеніп едім, өзімді жеке қалдырыңдар», – дейді. Өзге жұртта әкесінің жасап отырған мұндай әрекеттеріне таңданып отырған перзенттер ешбір қарсы сөз айта алмастан амалсыздан әкесін жалғыз қалдыруға мәжбүр болыпты. Сол түнін ойланумен ұйқысыз өткізген перзенттер таңын аман-есен атырып, таң намазын оқып алған соң әкесін қалдырған жерге асығыпты. Барған кезінде әкесінің аманат жанын тапсырғандығын көріпті.
Алланың тағдырына бас иген екеуі де болған жағдайды Меккенің тиісті адамдарына хабарлап, әкесін жерлеуге рұқсат сұрапты. Мұндай әулиелік дәрежеге жеткен адамға артықша қошемет көрсеткен жергілікті басшылар Құббықожа атаны «әулие» деп атапты. Ол кісінің перзенттері мен ұрпақтарын қадірлеп, келесі жылғы қажылық мезгілінде парызын өтеуге барған Маллахан қажы мен Анармат есімді өзінен кейінгі ұрпақтарына арнайы сый жасап Қағба үстіне жабылатын қасиетті матаның бір бөлігін құрмет белгісі ретінде тапсырған екен.
Қажылыққа барып келген ана
«Тарихи батырлар» көне кітабына сүйенсек, Айша бибі ананың басына барып, дұға оқып, зиярат жасап тұрғанда Қоңырат Алатау батырға кимешегі малынып, еңкіш тартқан ана жолығады. Батыр анасына жолыққандай, жүзіне қуаныш нұры құйылып:
– Уа, амансыз ба, ардақты ана! – деп қос қолын ұсынып сәлем береді.
– Бақытты бол, балам. Егделіктің есігінен сығалап тұрсаң да тура мен сияқты ғасырдың жүгін арқалаған кейуанаға баласың ғой, – деп иегін күлкі үйіріп, әңгімеге тартқан.
– Ниеттерің қабыл болғай, ерлерім! Ауыл шалғайда болар, еріндеріңді жел кезертіпті. Қай туғансыңдар?
Алатау сауалына сыналап үн қатты:
– Уа, ақсамайлы Данаш-ай! Өзіңіздей ананы көргенде қанша Алатау болсам да, құдіретім сізден аласа-ай! Мен баһадүр болғанмен сізден садаға қу жаным. О, халқының тілеуін тілеген сәбилердің панасы-ай! Айша бибі Айкерулім әулием! Әз анаға жолықтым, әруақтың қолдағанын қарашы-ай!
Бейтаныс әз ана көңілі толқып былай депті:
– О, перзентім тоқсан баулы Қоңыраттың асыл бұлағынан шыққан екенсің. Ой, өтіп бара жатқан дәурен-ай! Сенің текті аналарың қандай кісілер еді?! Сөйлесе тереңнен ойлаған, асауды құрықсыз айдаған, бұрымдарын қырық тараудай өріп, күмістен шолпы байлаған оларды неге білмейін, – деп кейуана сарнап, текті аналардың аттарын атап, өзінің өмірін жыр етіп, жылап та алады.
– Қарақтарым, мен ғасыр табалдырығын аттаған анамын. Өзім Ашамайлы Керейдің жиені, Борайдың келінімін. Халық берген атым – Құсбике. Күйеуімнің ныспысы – Шартық. Көктің ұлының қызымын. Анам – Ізілік Ұрнай мен сіңлісі – Ізілік Мінай, екеуі бір әкеден егіз екен. Керей ханның туған ағасы Бек тоғашар Қансабаттың қаһары қатты болады. Дінге берік жан, Меккеге қызмет жасайды. Сөйтіп, кіші қызы – Ізілік Мінайды он тоғыз керуенмен сыйлық әкелген халифаттың жетегіне таңады. Әкем елу жасында көз жұмды. Өзім төрт шарананы дүниеге әкелгем, Тәңір табанына жер бастырмады. Көкірегім өрттей қайнап, Аллаға жалбарынып, Меккеге жаяу тарттым. Бір сәбидің иісі үшін жалғанды жалпағынан басып қасиетті өңірге тәу еттім. Сол жерде қабырғаға ойылып жазылған анамның егізінің сыңарының аты-жөнін оқыдым. Жаратушы Ием тілеуімді беріп, туған жерім – Бестораңғылда тоғыз ұл, жеті қызды болдым, – деп ағынан жарылады.
Сонда Алатау батыр:
– Уа, Би Анас! «Қажылық жолда Қызыр жолығады. Қарғыс ериді. Алғыстан ақ баталы жол түседі» дегенді естігенмін. Ал қажылық нәзірде нәресте арқалап, ақ отауға қуаныш алып келгенді алғаш естуім. Алла Тағала жасыңызға да, жолыңызға да қарауылын бақтырған жан екенсіз. Сізге жолыққаным бір Алланың қолдауы деп білемін.
Айта кетейік, ежелгі қазақ халқының салтында қажылыққа барып келген қыз, яғни әйел азаматына «Би Анас» деген құрметті шен берілетін замандар болыпты.
Жамбылдың жаназасын шығарған қажы
Балшабек-қызылдар Ресейге қарасты бүкіл аумақтың билігін қолға алған соң дін атаулыға, оның ішінде Исламға толық тыйым салды. Талайлар құлшылық қылмақ тұрмақ, «Біссіміллә» деген бір ауыз сөзбен Тайгадан бір-ақ шықты немесе сотсыз атылып кетті.
Тағдыры осы ғасырға дөп келген қазақ азаматтары да амалды – намаз, ораза, қажылық, зекет беруді көз үшін жорта тоқтатуға мәжбүр болды. Алайда иманнан кетпеді. Көбісі сыртынан қарап тұрса атеист сияқты көрінгенмен, ісіне үңілсе, нағыз мұсылман сипатты болды. Ең айқын мысалы мынау: Сталинді жырлаған Жамбылдың өзі өлерінде Жұмабай Шаяхметовке барып: «Қарағым, мен үзбей намаз оқыған адаммын. Ағам Тәйті екі рет қажылыққа барған. Сондықтан менің обалыма қалмай, өлгенде жаназамды шығарып, өзімнің бағымның ішіне жерле» деген. Осы өсиетінен соң Алматының бас қазиі Шәріп қажы ақынның жасырын жаназасын шығарып, бағына жерлейді. КСРО кезінде қазақ елінің сақталуына өлшеусіз үлес қосқан барлық зиялы тұлғаны «амалы жоқ» деп күпірлікке шығару дұрыс болмаса керек. Ең соңғысы КСРО кезіндегі шенеунік Өзбекәлі Жәнібековтің денесі Арыстанбаптың кесенесі жанына жерленген. Осыған қарап-ақ, мұсылманды ісіне қарап тану маңызды екені түсінікті болады.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ