Қасиетті Меккеге келген қажыларымыз бүгін Мина жазығына жиналды. Миссия өкілдері қазақстандық қажылар орналасқан шатырларды зиярат етті.
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар бастаған миссия өкілдері әр шатырға жеке-жеке кіріп, отандастырымыздың жағдайымен танысты. Сондай-ақ дін мамандары қажылардың әртүрлі сұрақтарына жауап берді.
Мина жазығы – Мекке мен Муздалифа арасында орналасқан, Харам аймағына кіретін қасиетті жер. Қажылық кезіндегі құрбан шалу, шайтанға тас ату секілді құлшылықтардың бәрі осы жерде жасалады. Бұл жерде Адам ата жәннатты сұраған, Хақ Тағала Ибраһим пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) мейіріміне бөлеп көктен көк қошқар түсірген. Ардақты Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз Меккеден Мәдинаға аттанар алдында Минаға тоқтап, құлшылық еткен. Сондықтан мұсылмандар үшін Мина жазығының қадір-қасиеті ерекше.
Айта кетейік, ихрам киіп, тәлбия айтып Минаға жеткен қазақстандық 5081 қажы арнайы тігілген шатырлар астында Құран, намаз оқып, уағыз-насихат тыңдап күн ұясына батқанша тоқтаусыз құлшылық жасайды. Осы жерде түнеп, ертең Арафат тауына аттанады.