Қазіргі таңда қоғам жас босанған анаға қалжа берудің маңыздылығын түсіне бермейді. Тіпті, кейбір өңірлерде қалжа беру салт-дәстүрі ұмыт болып бара жатыр. Ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан ырымдардың уақыт өте жойылуына не себеп болғанына және оның тарихына көпті көрген ақжаулықты әжелер мен мамандар өз пікірлерін білдірді.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде қалжа – келінге арнап байланған қой. Баланы дүниеге әкелген ана өмірінде оның мәні зор деген түсінік берілген.
Қазақ дәстүрін дәріптеп, өзінен кейінгілерге жеткізіп жүрген Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз да қалжа жайлы біраз деректер келтірген.
– Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы қой сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз.
Бұрынырақта кедейдің кедейі де әйеліне қалжа жегізген. Тіпті, бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Оның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы әрі құрметті асы ретінде саналған,- дейді Зейнеп әже.
Ал психолог-аналитик Бинұр Мұратқызының айтуынша, нәресте дүниеге келе сала емізіліп, ана уызына әбден тойғаны дұрыс. Өйткені оның құрамында қант пен май аз, ал ақуыз көп болады. Ол жаңа туған сәбидің иммунитетін көтеріп, асқазанын ана сүтіне дайындайды.
– Ананың уызына тойған бала жұқпалы ауруларға аз ұшырайды. Баланы бір жастан асқаннан кейін де емізе беру ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтады. Сондай-ақ бала тілалғыш, қағілез, зерек, сезімтал болып өседі.
Ана сүті баланың жасына қарай өзгеріп отырады. Ол бала өскен сайын оның ағзасына керек дәрумендердің барлығын бере алады. Оның құрамында иммуноглубин болғандықтан, ол сәбиді көптеген аурулардан сақтайды.
Ұзақ емізілген балалар аллергиялық ауруларға аз ұшырайтыны ғылымда дәлелденіп отыр. Дәрігерлер 12 айдан ұзағырақ емізілген баланың тілі анық шығып, көзінің көру, құлағының есту қабілеті де артатынын айтады. Екі жасқа дейін емізілген бала өзге қатарластарына қарағанда физикалық жағынан да күшті болады,- дейді психолог маман.
Тарихшы-философ Жарас Аханның айтуынша, сонау заманнан жас босанған ана күтіміне қатты мән берілген. Денсаулық халықтың өсімі, ұрпақ Отанның болашағы деген түсінік болған. Қазақ ана мен бала үшін жанын сарп еткен халық. Аналарымыздың көп балалы болуларының себебі содан болса керек.
– Дәстүріміз бойынша шаңыраққа шырылдап нәресте келген кезде сол үйдің тума-туыстары, таныстары жиналып, кішігірім той өткізген. Қазақ үшін баладан артық, ұрпақтан артық қуаныш жоқ.
Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, буындары қатайып, алты күннің ішінде үй тіршілігіне араласып кеткен. Тарихта қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын бірінші күні келіннің өзіне тісін тигізбей қолымен мүжіткен. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны қатқанша керегенің басына ілген. Бұл баланың мойны тез қатайсын деген ырым. Қазіргі келіндер бұл ырымнан хабарсыз. Сондықтан түсік тастау, бір баладан артық тумау күтімсіздіктен болып жатыр,- дейді Жарас Ахан.
Көпті көрген Ырысбала әженің айтуынша, келінге қалжа жегізу міндетті болып есептеледі. Өйткені, қалжаланған, күтімі жақсы әйелдің сүті тойымды әрі жеткілікті болған. Содан кейін бала сүтке тойған қозыдай ұйықтап, анасы да шаршамай жүрген.
– Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп, өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі», – дейді әже.
Жарас Ахан қазіргі кезде кейбір енелер қалжаны ұмытып бара жатыр дейді. Олар қазақтың дәстүрлеріне өткеннің сарқыншағы, модадан кеткен, оның не керегі бар деген түсінікті қалыптастырып алған.
– Дәстүр, ол – медицина, мораль, тәрбие, ғылым, бірлікке шақыру, тұтастықты қалыптастыру жолында өз міндетін орындап тұр. Ол жай ғана орындала салған жиынтық әрекеттер емес. Қазақтың әр дәстүрінде екідүниелік құндылық бар. Оны біз өзімізді ақылды санап, Батысқа еліктеп, тозған дүние деп қараймыз. Маған сенбесеңіз, әр дәстүрдің терең қабатын зерттеп қараңыз, онда терең сыр бар, мән бар. Ол дәстүрде тұр,- дейді тарихшы.
Сондай-ақ кейбір ғалымдар бұл дәстүрдің пайда болуына діни наным-сенімдердің әсері болды дейді. Бұл қаншалықты қисынды екендігіне тарихшы маман жауап берді.
– Мәдениет дін арқылы өріледі негізі. Дін халықтың өмір сүру дағдысына әсер етіп тұрады. Біз бұрын Тәңірлік дінінде болғанда, сол діннен дәстүр болып санамызға қалыптасқан мәдениеттер бар. Кейін ислам діні құндылығы келгенде ол дәстүр исламмен ұштасып кетті.
Бірқұдайлық діндердің негізі бір ғой. Алладан 4 кітап, парақшалар, пайғамбарлар жіберілді. Әр пайғамбардан қалған өнегелер, кітаптардан қалған рухани дүниелер бар. Соның ішінен қалжаның аңыз түріндегі шығу тарихын айтып берейін. Бұл дәстүр негізі Шығыс және түрік халықтарының бәрінде бар. Кейін мәдениеттер тоғысқанда сипаттары өзгергенімен, мәні өзгермеді.
Қалжа пайғамбарлар дәуірінде де үлкен қасиетке ие болған. Әңгімемізге мына аңыз да арқау болғалы тұр. Бірде Адам ата мен Хауа ана үлкен бақытқа кенеледі. Дүниеге ұлдары Шиш пайғамбар келеді. Көктегі періштелер шаттанып, Адам атаға құтты болсын айтады. Жер мен көк, он сегіз мың ғалам қуанып, Аллаға мақтау айтыпты. Жебірейіл періште Адамға келіп:
– Уа, Адам, саған Ұлық Алладан уахи ала келдім. Қазір жұбайың әлсіз. Оған күш-қуат керек. Отардың ішіндегі семіз ұрғашы қойды сойып, жұбайыңа ас әзірле. Сорпасын ішіп, терлесін. Қойдың қуаты келіншегіңнің күшін қалпына келтіреді. Бойындағы жел-құзы шығады әрі сәбиіңе құнарлы ас болады, – дейді.
Адам ата Жебірейілдің айтқанын бұлжытпай орындайды. Хауа ана қойдың етін жеп, күш-қуат жинайды. Екі омырауынан құнарлы сүт ағады. Кейін келе Хауа анаға сойылған қойды «қалжа» деп атапты. Енді бір аңыздарда «Хауа ана Шиш пайғамбардың мойыны қатайсын деп қойдың омыртқасын ырымдап жеген» деген дерек те кездеседі.
Аңыздың коды болады. Код денсаулықты сақтау мен адамзаттың рухани тізбегін сақтап тұрады. Ол тізбекте бізге жетіспей жүрген мән бар. Ол мән адамды Жаратушысына апарып жалғайды. Сөйтіп адам тыныштық табады. Дәстүрдің дінмен байланысы осы.
Бізге қазақтың әр дәстүрінің мәні мен маңызын пәлсәпалық тұрғыдан талдау қажет. Әйтпесе, осы пәлсәпа деген ақыл-ой ілімінің күшімен дәстүрімізді ғылыми таныммен талдап, халықты сендіріп, тарихи тізбекті жалғастырмасақ, оның зардабы кейінгі ұрпаққа тиеді. Тарихи тізбектің адам болмысында атқаратын өз қызметі бар,- дейді Жарас Ахан.
Қазақ халқында қалжа жеген әйелге қаратып айтылатын нақыл сөздер, мақал-мәтелдер көп. Мысалы, «Қалжалы бала – батыр, қалжасыз бала – қалжыр», «Қалжасы жарасқан әйелден қанжардай ұл өседі, қалжасыз әйелден қаншырдай қатқан қыз өседі», «Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі”, “Қалжа, қалжа түбі – олжа” деген аталы мақал-мәтелдерді әйелге қалжаны қырық күн бойы жегізіп, жігерлендіру үшін қолданады екен. Осындай әрбір салт-дәстүрдің адам өміріне тигізетін маңызы зор болғандықтан, елеп-екшеп ұрпақтан-ұрпаққа жеткізейік, ағайын!
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ