Ислам дінінің салауатты өмір салтын ұстануды қолдайтыны, яғни спорттық ойындарға қарсы еместігі белгілі. Заманында Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) да атқа мінуді, садақ тартып, күресуді, суға жүзуді балаларға жастайынан үйретуді өсиет еткен. Ол уақытта атқа шабу мен садақ тарту, күресу мен суға жүзудегі мақсат күнкөріс қамы мен ел қорғаны саналатын әскер күшін нығайту болса, талай ғасыр өте келе спорттың да түр-түрі қалыптасып, ол бұқаралық сипатқа айналып қана қоймай, түрлі деңгейдегі сайыс, додалар пайда болды.
Қазіргі таңда спортпен айналысушылардың беделі ғылым мен өнер, мәдениет пен руханият саласының өкілдерінен асып кетпесе, кем түспейді. Бұрын халық ықыласына бөленген спорт жұлдыздарының көбі мансабын аяқтағаннан кейін осы саладағы жоғары қызметтерді немесе жаттықтырушы міндетін атқарса, соңғы жылдары саясатқа араласып жүргендер де байқалады.
Мәселен 2000-жылдардағы аяқдоп шебері Джорд Веа – төрт жылдан бері Либерия мемлекетінің Президенті. Африка құрлығынан шыққан әзірге жалғыз «Алтын доп» иегері 52 жасында туған елінің тізгінін қолға алған болатын. 2021 жылы Португалия құрамасының кезекті матчының алдында әйгілі Криштиану Роналду «Кока-Кола» сусынын алдынан ысырып тастағанда, аңыз футболшының әрекеті атақты бренд акцияларының құнын түсіріп жіберген еді.
Мұның бәрін тізбелеп неге айтып отыр дейтін шығарсыз. Қазіргі кезде діни ритуалдарды (сәжде, алақан жайып дұға жасау) жарыс үстінде жасайтын мұсылман спортшылар көп. Шетелде де, отандық спортшылар арасында да мұсылмандығын паш етіп жүргендер жетерлік. Әсіресе күрес, бокс секілді жекпе-жек түрлерімен айналысатын спортшылар қатары дін ұстанып, намаз оқитындармен көбейіп келе жатыр.
Десе де, араларында радикал көзқарастағы азаматтар да жоқ емес. Яғни олардың танымалдығы артып, халықтың ықыласына бөленуі сөздерінің өтімді болып, аудиториясына теріс діни көзқарасты насихаттауына алып келуі мүмкін. Тіпті кейбір спорт түрлерін харам деп, енді ғана айналыса бастаған жастардың ойын бұрып жіберіп жатқан да жайттар кездеседі.
Мысалы бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев бір сұхбатында: «Көбінесе теріс ағымға оң-солын танымаған жас спортшылар түсіп қалады. Олар әлі өмірді көрмеген, спорттан басқа ештеңені білмейді, сондықтан сектанттар үшін оңай «олжа» болып жататыны өкінішті. Мысалы, баяғыда Қарағанды облысында бір боксшы болатын. Ол кейін теріс ағымға кіріп кетті де, қазір оның қайда жүргенін ешкім білмейді. Кейде таныстарымнан сұрап қоямын, бірақ әлі күнге одан еш хабар жоқ.
Сондықтан мен соңымыздан ерген жас спортшыларға әркімнің сөзіне ере бермей, діни білімді тек мешіттен алуға кеңес беремін. Намаз оқисың ба, дінді үйренесің бе, тек мешіт имамына бару керек. Уағызды ресми жұмыс істеп жатқан молдалардың аузынан ғана тыңдаған дұрыс. Адаспаудың бірден-бір жолы осы деп ойлаймын», – деген болатын.
Бірі спорттан бас тартып жатса, енді бірі Әнұранға құрмет көрсетуді дінге қайшы деп түсінеді. Естеріңізде болса, осыдан алты ай бұрын ғана Атырауда жүзу спортынан өткен жарыс кезінде жаттықтырушы еліміздің Әнұраны орындалғанда қаққан қазықтай міз бақпай тұрған еді. Ақтөбеден келген жаттықтырушының бұл әрекеті полиция департаменті қызметкерлерінің назарынан тыс қалмады. Заң аясында осы іске қатысты хаттама толтырып, айыппұл салды. Сырт келбеті, қауғадай сақалы жаттықтырушының деструктивті діни көзқарастағы азамат екенін айқындап-ақ тұрған-ды.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заңның 9-бабы 1-тармақшасында «Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды», – делінген.
Ал аталған заңның 13-бабы 1-тармақшасында «Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті», – дейді.
Заңды былай қойғанда, өз Отаныңның туы мен елтаңбасын, әнұранын құрметтеу – отансүйгіштіктің белгісі. Гимнді харамға шығарған адам ертең отанын да сатып кетпей ме?
Шын мәнінде оны харам деп қашатындай дискотеканың, түнгі клубтың музыкасы емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі жариялаған «Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетудің үкімінде»: «Әнұран – ән мен сөзден тұратын бір елге тән, елді басқа елдерден ерекешелейтін, әскери және жалпыға ортақ салтанаттарда қойылатын әуен. Әннің үкімі жайында берілген фатуалардың ең таңдаулысы – әннің өзі ғана алып қаралса, ойнатылуы мен тыңдауда тұрған харамдық жоқ.
Елтаңба – мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін рәміздік (символдық) мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіретін мемлекеттің басты рәмізі. Әнұран мен елтаңба да ту секілді, мемлекеттің белгісі. Әнұран айтылғанда ел азаматының орнынан тұруы өз еліне деген құрметі. Отан – құрмет пен бағалауға лайық. Құрмет көрсетілетін, тағзым етілетін нәрсе жансыз болса, шариғатта тыйым салынады деп, кесіп айтуға болмайды. Тыйым салынған тағзым – құлшылық ниетімен жасалған тағзым. Мәселен, пұтқа табыну секілді. Олай болса, құрмет тағзымы дінде рұқсат етіледі» деп анық жазылған.
Ал пәтуа үкімі былай қорытындыланған:
«1. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету шариғат бойынша рұқсат. Оған берілетін үкім – мубах.
- Туды, әнұранды, елтаңбаны құрметтеу – елді және оның белгілері мен рәміздерін құрметтеу. Ал ту мен әнұранға құрметсіздік елге құрметсіздік.
- Мемлекеттік рәміздерді құрметтемеуге шақыру алауыздыққа, бірліктің ыдырауына алып барады. Алауыздық тудырудан қашық болу – парыз» (http://fatua.kz/kz/post/view?id=821).
Демек қайсыбір мемлекеттің мәдени, рухани саласы секілді спорты да елмен бірге жасай бермек. Алайда күмәнді көзқарас, радикалды тар түсініктер талантты жастардың жолына тосқауыл болып жатқанын жасыра алмаймыз. Бұл орайда бірлі-жарым мысал да келтірдік. Түйіндей келгенде, спортпен айналысушылар, әсіресе, жастар мен жасөспірімдер күмәнді, радикалды діни ортадан, ақпараттардан аулақ болғаны жөн.
Пиязбек Айтмахан Нұралыұлы,
Дін істері басқармасы
дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығы
Оңалту бөлімінің маманы