Біздің қауіпсіздігіміз бен тұтастығымызға кепілдік бар ма?
Жаппай қырып-жою қаруы дегенде, біздің көз алдымызға ең бірінші келетіні – жарылыстар мен радиацияның қасіретін шеккен Семей аймағы, одан қала берді Хиросима мен Нагасаки қалалары. Екінші дүниежүзілік соғыс тәмамдалуға жақындаған тұста американдықтардың қолымен жасалған жапон қасіретінен, КСРО тарапынан жүзеге асқан Семей полигонанын асқан зұлымдық оқиғасы тарихта бұрын-соңды болған емес.
Рас, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия, 1936 жылы Эфиопия жерінде Италия әскері, Вьетнам соғысында АҚШ химиялық қару қолданғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бірақ, олар 1945 жылы тамыздың 6-сы мен 9-ы күндері жапон қалаларында орын алған жарылыстардай дүмпу болған емес.
Америка КСРО-ны сескендіру және әлемге өзінің кім екенін көрсету мақсатымен ғана, онсыз да жеңіліп тұрған Жапонияның төбесінен атом бомбаларын тастап, бейжай ғұмыр кешіп жатқан қос қаланы жермен-жексен етті. Сол оқиғадан кейін, жаппай қырып-жою қаруы десе, әлемнің кез келген тұрғынының жүрегін үрей билейтін болды.
Иә, қорқудың да жөні бар. Кейін 1949 жылы Кеңес Одағы өз атом бомбасын жасап шығарды да, содан жер шарының батысы мен шығысы арасында жаппай қару-жарақ жарысы басталып кетті. Бір-бірінен асып түсу, үстем тұру үшін АҚШ пен КСРО дейтін екі алпауыт ел жойқын да жойғыш қарулардың небір түрлерін өмірге әкелді. Соның нәтижесінде жаппай қырып-жою қаруларының да түр-түрі пайда болды.
Бүгінде олардың ұзын санына келсек: ядролық бомба, химиялық бомба, бактериялық бомба, сутегі бомбасы, т.б. болып жалғаса береді. Қазіргі таңда әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері, мәселен, КСРО-ның мұрагері Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция секілді санаулы мемлекеттер, ал мұсылман елдері арасынан тек Пәкістан ғана ядролық қаруға ие.
Егер дүниедегі ядролық бомбаларды жер тұрғындарына шақса, әрбір адамға 1,5-2 тоннадан тиесілі болады екен. Ойлап қараңыз, біз әрқайсымыз 1,5-2 тонна бомбаның үстінде өмір сүріп жатырмыз! Бұл жер шарын әлденеше мәрте жойып жібере алар алапат күш.
Адамзат тарихындағы ең ірі технологиялық жаңалық саналатын жаппай қырып-жою қаруына қатысты асыл дініміз қандай көзқарас ұстанады?
Ислам діні адамзатқа қауіп төндіретін барлық нәрсеге тыйым салғаныменен, бүгінгі күні жаппай қырып-жою қаруына ие болу керек пе деген сауалға емес, оны қандай тәсілмен пайдалану қажет деген мәселеге көңіл аударады.
Өйткені, бейбітшілік пен қауіпсіздікке қанша залалын тигізеді десек те, жаппай қырып-жою қару-жарағы бүгінде бар, оны әлемнен құртып жіберу енді мүмкін емес. Ол Исламға қырын қарайтын елдердің қолында бола тұра, мұсылмандар да мұндай қару-жарақты иеленбесе, өздерін қалайша жаудан қорғамақ?
Ислам діні мұсылмандарды кез келген тосын жағдайда өзін де, Отанын да жан қия қорғауға шақырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз үмбетінің өзгеден жәбір көрмеуі үшін қорғанудың барлық айла-тәсілдерін қолға алуға үгіттейді. Сондықтан мұсылман мемлекеттерінің жаппай қырып-жою қаруына ие болуларына асыл дініміз ешқашан тыйым салған емес. Мәселенің негізі – оны қандай мақсатта пайдалануда.
Жаратушы Иеміз біздің үмбеттің әртүрлі озбырлықтан өз мүддесін, абыройы мен беделін қорғауы үшін қажетті қару-жарақ пен инфрақұрылымның бәрін қолда ұстауды талап етеді. Егер бұл талап бұлжытпай орындалса, мұсылмандар өзіне төнген қауіп бұлтын сейілтіп, жауларының алдында бас имейтін болады. Егер олай болмаса, дұшпандарымыз Ислам әлемінің еңсесін тұқырту үшін қолынан келгеннің бәрін жасап бағары айқын.
Алла тағала айтады: «Қолдарыңнан келгенше қару-жарақ, соғыс көлігін дайындаңдар (яғни заманауи техникалық құралдар әзірлеңдер). Ол сендерге Алланың дұшпанын, өздеріңнің жауларыңды және басқа да дұшпандарды қорқытуларың үшін керек. Ондайларды (жауларды) сендер танымассыңдар, бірақ Алла таниды. Құдай жолына сарп еткендеріңнің аз-көптігіне қарамай, оның сауабын толық көресіңдер, сендерге қиянат жасалмайды» (Құран Кәрім, 8:60).
Осы айтылған ескертпе сөздерден келесідей қорытынды шығаруға болады:
Біріншіден, біздің үмбет жар астында жауларының бар екенін әрқашан еске ұстағаны дұрыс. Сондықтан мұсылмандар өздеріне қастық ойлайтындардың қолында бар қару-жарақтан кем түспейтін қорғаныс пен күшті әркез даярлап отыруы міндет. Жаратушымыз жіберген Кітапты жоққа шығарып, Ислам құндылықтарын аяққа таптайтын Алла жаулары – мұсылмандардың ең басты дұшпаны. Жоғарыдағы аятта айтылған «Алланың дұшпаны» деп көрсетілгендер осылар.
Екіншіден, Құран тәпсірлерінде айтылғандай, аяттағы «өздеріңнің жауларың» дегеніміз – Ислам қауымы мен құндылықтарына қауіп төндіріп, мұсылман мүддесіне әртүрлі айла-шарғылармен қастық қылатын адамдар.
Үшіншіден, аяттағы «басқа да дұшпандар… ондайларды (жауларды) сендер танымассыңдар, бірақ Алла таниды» дегені – мұсылмандарға сырттай адалдық танытқан болып, алайда іштей қастандық әзірлеп жүретін екіжүзді, монтаны адамдар туралы.
Міне, сонау жетінші ғасырда Алла тағаладан түскен бұл ескертпе сөздер бүгінгі күнге дейін маңызын жойған емес. Өйткені, Ислам әлеміне қарсы ашық та, жасырын түрде де әрекет етіп жатқан зұлым күштер қазір де бар, тіпті көп. Олар мұсылман қауымын әлсірету үшін қолына іліккеннің бәрін шоқпар қылуға дайын.
Кезінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол замандағы ең жаңа үлгідегі қару-жарақ пен әскери іс-қимыл тәсілдерін меңгеруді өз үмбетіне міндет еткен. Ал кейбір сахабаларға қауіп төндіруі мүмкін деген жауларының тілін білуді бұйырған.
Мәселен, Зайд ибн Сәбитке иврит тілін үйренуді тапсырады. Ол тілді 15 күн ішінде меңгеріп алады. Сосын пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған өзінің яхудилерге арнаған жолдауын және олардан келген хаттарды аудартқан. Осы жерде «Кім бір халықтың тілін білсе, өзін солардың арам пиғылынан қорғай алады» деген халық даналығы еске түседі.
Әрине, қазіргі заманғы әскери қару-жарақ жер бетіне зұлымдық таратуға себепші болмауға тиіс. Кезінде жаппай қырып-жою бомбасының пайда болуына негіз салған А. Эйнштейн Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталысымен-ақ әлемді ол қарудан бас тартуға үндеді. Ол «мұндай бассыздық боларын білгенде, осы жаңалығымды ашпас та едім» деп өкінген екен.
1947 жылы БҰҰ-ның отырысында жаппай қырып-жою қаруын шығаруды тоқтату керек деп сөз сөйлеген А. Эйнштейн қалған өмірін өзінің сүйікті ісі – физикасына емес, соғысқа қарсы насихат айтуға арнады.
Хиросимаға бомба тастаған ұшақтардың бір ұшқышы көп өтпей ақылынан алжасып кеткен деседі. Жойқын жарылыспен бүтіндей бір қаланың шыбындай қырылуына себепші болған ол қанша тасжүрек болса да, өз қолымен істелген көз алдындағы қасіретке ет-жүрегі шыдамаса керек.
Жаппай қырып-жою қаруын сынаудың өзінен табиғатқа келген зиянның қандай екенін бүгінде екінің бірі біледі. АҚШ-тың «Невадасы», өзіміздегі Семей полигон аймағы, Капустин Яр, Маңғыстау түбегіндегі сынақ алаңы бүкіл Жер атмосферасына өлшеусіз зиянды у бөлді. Жаппай қырып-жою қаруының дәуірі басталғалы, табиғат бұрын-соңды болмаған жапа шекті.
Осындай себептерге байланысты және жаппай қырып-жою қаруының таралуына тосқауыл қою мақсатында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қол қоюымен Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы әлемге көрсетілген ізгілік үлгісі болғаны ақиқат. Бұл АҚШ, Ресей, Қытай және Еуроодақ секілді алып мемлекеттердің еліміздің тұтастығына және ешкімнің қол сұқпайтынына берген кепілдігі нәтижесінде жасалынған тарихи қадам еді. 50 жыл бойына КСРО-ның ядролық «сынақ алаңы» болудан қажыған, сөйтіп бейбітшіліктің туын биік көтеруге талпынған елдің сәтті шешімі болатын.
Елбасымыздың мұндай қадамға баруының негізінде әлемге бейбітшілік нұрын тарату, онсыз да дағдарыста тұрған елге батыс әлемі тарапынан қолдау болсын деген стратегиялық мақсат жатты. Егемен Қазақстан атын дүниеге алғаш паш еткен де осы тарихи оқиға еді.
Дегенмен, осы жерде біз секілді ядролық қарудан бас тартып, территориясының тұтастығына кепілдік алған Украинаны 2014 жылы Ресей «лақтырып» кеткенін де ұмытпаған абзал. Оған Қырым мен Донбасс оқиғалары дәлел. Қазақстан жерінің де тұтастығы қорғалатынына кепіл болып, ант-су ішкен алпауыттар ертеңгі күні серттерінен тайып кетпей ме? Соңғы жылдардағы жағдайлардан кейін бұған қатты күмәнмен қарайтын болдық.
Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы оған бұл қару қажет болмады деген сөз емес, бұл – сол тарихи кезеңдегі жағдайларға байланысты мәжбүрлі жасалған қадам екенін де еске сала кеткен дұрыс. Мамандар айтып жүргендей, алып державалар қорғаймыз деп кепілдік берген еліміздің тұтастығына шын қауіп төнер болса, Қазақстан ядролық қаруды кез келген уақытта қайта жасауға қауқарлы.
2002 жылдың жетоқсанында Мысырдағы әлемге әйгілі әл-Азхар университетінің Пәтуа бюросы жаппай қырып-жою қаруына қатысты шешім шығарған-ды. Аталған жарияланымда Ислам әлемінің өз беделі мен абыройын жоғары ұстауы, мұсылмандардың өзгелермен тең дәрежеде өмір кешуі тиіс екені, сол үшін де Ислам мемлекеттерінің ядролық бомбаға ие болуы керектігі айтылған, мұндай ұстанымда болудың егжей-тегжейлі себептері түсіндірілген.
«Жау жоқ деме, жар астында» деген халық сөзі бар. Жаппай қырып-жою қаруын сақадай-сай жарақтап алған алпауыт елдер мұсылман мемлекеттерінің ядролық қаруға талпынысын терроризм, сепаратизм деп айыптап, әділетсіздік пен әлімжеттіктің небір қитұрқы тәсілдерін жасап жатқанын айтып өтіп, «кез келген қару тек өз-өзіңді қорғау үшін және кез келген жаудың шабуылын тойтару үшін ғана қолданылуы керек» деген ойларын ашық айтқан.
Kazislam.kz